Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
— Анталия дипломатиялық форумы бесінші рет өтіп жатыр. Бұл алаңның басқа халықаралық конференциялардан ерекшелігі неде?
— Сұраққа жауап беру үшін өзге конференциялардың сипатын қарастыруымыз керек. Мысалы, Мюнхен конференциясын алайық, ол қорғаныс мәселесіне арналған қатаң форматтағы «директорлар кеңесі» секілді. Давос болса, жаһандық элита мен миллиардерлер жиналатын, қарапайым адамға есігі жабық клубқа көбірек ұқсайды. Ал Анталиядағы форум — нағыз дипломатиялық open-air.
Менің ойымша, ADF-тың басты ерекшелігі оның инклюзивтілігінде жатыр. Түркиядағы форумда «Жаһандық Оңтүстік» пен Орталық Азия елдерінің дауысы ірі державалардың үніндей естілетін болады.
Сонымен қатар Анталия дипломатиялық форумы еркін форматта, демек «галстуксыз кеңес» орны іспетті. Мұндай әдіс бейресми кеңес өткізуге мүмкіндік береді, тіпті ресми саммиттерден де тиімді. Бүгінде ЕҚЫҰ немесе БҰҰ секілді институттар бюрократияға байланып, баяу жұмыс істеп жатқан кезеңде Анталия «жедел дипломатия» алаңына айналып отыр. Мұны мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысына берілген жауап деуге болады.
— Анталия дипломатиялық форумы Қазақстанның өңірлік делдал және бітімгер ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал ете ме?
— Әрине. Қазақстан әлдеқашан адал ымырагер ретінде беделін қалыптастырды. Әлемге қарасақ, көп ел бір-бірімен келісе алмай отыр, қақтығысқа қатысқан тараптардың бәріне бірдей сенімді мемлекет табу қиын. Ал Қазақстан сенімге қол жеткізген санаулы елдің бірі екенін білеміз. Сөзіміздің дәлелі ретінде Астананың Сирия бойынша бейбіт келіссөзге ұйытқы болуын, Украина дағдарысына қатысты ұстанымын еске алу жеткілікті. Мұның бәрі Қазақстанды Анталия форумының маңызды қатысушысы ретінде танытады.
Меніңше, Қазақстан ADF-ке өзгелерге дипломатия тәсілін үйрету үшін емес, қазіргі таңда сұранысқа ие диалог алаңын ұсыну үшін барады. Олай дейтінім, бітімгер ел ретіндегі мәртебе — Қазақстанның «жұмсақ күші». Әлем Қазақстанның сөзіне құлақ асады әрі оның әрдайым парасат пен халықаралық құқық қағидатын жақтайтынына сенеді.
— Неліктен алдыңғы жылдары жаһандық дағдарыс, климат, қауіпсіздік секілді тақырып басты назарда болды? Бұл әлемдік трендтің көрінісі ме, әлде жекелеген елдердің мүддесі ме?
— Бұл тақырыптарды талқы өзегі ретінде таңдау - өте дұрыс, өмірлік маңызды мәселе деп атар едім. Соңғы жаһандық дағдарыстар ондаған жыл бойы қалыптасқан жүйені бұзды: жеткізу тізбектерін, қауіпсіздік архитектурасын қайта қарауға итермелеп отыр. Биылғы «Болашақты жоспарлау, белгісіздікті басқару» тақырыбы әлемнің аласапыран дәуірде өмір сүріп жатқанын ашық мойындау іспетті.
Қазақстанның да «әлсіз тұстары» бар, мысалы климат. Климат мәселесі — тек ғаламдық жылыну емес, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты өміршең тақырып. Шекара мен егемендік мәселесі десек болады. Қазір бұрынғы ережелер сақталмай отыр, жаңа келісімдер әлі шикі. Осындай жағдайда Анталияда барлық тарап климат өзгерісін тежейтін тетікті бірлесіп әзірлеуге мәжбүр.
— Биылғы тақырып ауқымы кең. Себебі неде? Қазақстан үшін ең басты мәселе қандай болмақ?
— Келісемін, биыл талқылауға шығарылған тақырып көп. Себебі әлемде дағдарыс ауқымы ұлғайды. Бір емес, бірнеше жаһандық мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз.
Қазақстан үшін ең «жанды жер» — көлік және энергетикалық тәуелсіздік. Сіздің ел континенттің қақ ортасында орналасқан, сондықтан Қазақстан үшін Орта дәліз (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) мәселесі өмір мен өлім мәселесіне тең. Тауарларыңыздың Еуропа мен Азия нарығына кедергісіз жететініне сенімді болу өте маңызды. Меніңше, Анталияда еуразиялық логистиканың жаңа картасы қандай болатыны шешіледі, Қазақстан сол картаны сызушылардың қатарында болуы міндетті.
— Форумға қатысу арқылы Қазақстан қандай нақты нәтижеге жете алады?
— Үміт әрдайым ақтала бермейтінін мойындауымыз керек. «Дипломатия — қолдағы мүмкіндіктер өнері» деген қарапайым қағида бар, сондықтан Түркияда өзгеріске бастайтын қыруар құжатқа қол қойылады деп күту дұрыс болмас. Қазіргі таңда әлем жол айрығында тұр және бүгін қол қойылған құжат санаулы сағаттан кейін-ақ маңызын жоюы мүмкін. Демек, Анталия дипломатиялық форумының (ADF) басты нәтижесін мемлекетаралық қарым-қатынастағы өзара түсіністік пен ұстанымды нақтылаудан іздеуіміз керек. Бұл - оң өзгеріс болмайды деген сөз емес. Қазақстан технология мен логистика саласында инвестициялық байланыс орнатады. Ең маңыздысы, Анталияда жаңа келіссөздер процесі басталуы мүмкін. Өйткені, форум қатысушыларының құрамы мен географиялық ауқымы кең. Кейде айлап уақыт алатын ондаған кездесуді небәрі екі күн ішінде өткізуге мүмкіндік бар. Мұның бәрі Қазақстанның сенімді, тиімді әріптес ретіндегі беделін нығайта түседі.
— ADF-ті түркі мемлекеттерінің бірлігі мен ортақ дипломатиялық болмысын нығайтатын алаң ретінде қарауға бола ма?
— Дипломатия бірегей ұранмен емес, бір үстел басында тұрақты кездесуден қалыптасады. Анталия форумы — осындай бірегейліктің пісіп-жетілуіне арналған мінсіз орта.
Кейбіреу ADF-ті жаһандық деңгейдегі алаң деп дауласуы мүмкін. Келісемін, десе де мұнда «түркілік екпінге» басымдық беріледі. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия елдері ортақ шеп құрып, бірлесе бой көрсетуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ түркі мемлекеттерінің ортақ тілін, мәдениетін, тарихын әлемге тағы бір танытуға таптырмас кезең.
Айта кетерім, осындай беделді платформада иық тіресіп қатар тұруымыз халықаралық қауымдастық тарапынан ықпалды жаңа блоктың қалыптасуы ретінде қабылданады, әрі бізбен санаспау мүмкін емес.