Аграрлық сектордың әлеуеті артты

20.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

2025 жылдың қорытындысы бойын­ша, Қазақстанда өндірілген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жалпы құны 9,8 триллион теңгеге жеткен. Яғни 2019 жыл­ғы 5,2 триллион теңгемен салыстыр­ғанда 88,5 пайызға жуық номиналды өсім бар деген сөз. Мемлекет басшысы әр Жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану, суармалы жер көлемін көбейту, отандық өнім экспортын қолдау және шикізатты терең өңдеу мәселесіне назар аударған. Кейін сол тапсырмалар аграрлық саясаттың негізгі беталысын айқындады.

2019-2025 жылдардағы көрсеткішке көз жүгіртсек, өсімдік шаруашылығы өндірістің қозғаушы күшіне айналғанын байқаймыз. Бұл бағыттағы өнім көлемі 2,8 триллион теңгеден 5,9 триллион тең­геге дейін ұлғайыпты. Мал шаруашылығы да одан қалыспай, 2,3 триллион теңгеден 3,8 триллион теңгеге көтерілген.

Бірақ ақшалай көрсеткішке атүсті қа­рап, нақты өнім көбейді деп кесіп ай­туға болмайды. Номиналды өсімге өнім бағасы­ның құбылуы, инфляция, өндіріс­тік ре­сурстардың қымбаттауы, тағы басқа себеп­тер тікелей әсер етеді. Сондықтан сала­ның нақ­ты жағдайын шынайы өндіріс индек­сімен бірге бағалау керек. Осы орайда былтыр ауыл шаруа­шылығы­ның нақты көлем индексі 105,9 пайызды құраған. Өсімдік шаруа­шылығында бұл көрсеткіш 7,8 пайыз, мал шаруа­шылы­ғында 3,3 пайыз өскен.

Сондай-ақ жеңілдетілген қаржылан­дыру мөлшері молайды. Мысалы, 2023 жылы көктемгі егіс пен орақ науқанына шамамен 140 миллиард теңге бөлінсе, 2024-2025 жылдары аталмыш сома 500-650 миллиард теңгеге дейін еселене түсті. Мұндай қолдау шарасы диқандарға сапалы тұқым, жанар-жағармай секілді қажетті ресурстарды уақытылы сайлап алуға кө­мек­теседі.

Өндірістік әлеуетті арттыруда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да айрықша рөл атқарады. Ресми деректерге сүйенсек, техника паркінің жыл сайынғы жаңару қарқыны 2019 жылғы 3,5 пайыз­дан 2024-2025 жылдары 6,5 пайызға бір-ақ секірген. Оңайлатылған лизингтің арқа­сында трактор мен комбайн көбейіп, нау­қанды дер кезінде аяқтауға, еңбек өнім­ділігін өсіруге, ысырапты жоюға жол ашыл­ды.

Су үнемдеу технологияларын дамы­тып, топырақ құнарын жақсарту да – кезек күттір­мейтін мәселе. Елімізде там­шылатып және жаңбырлатып суары­латын алқаптар аумағы 2019 жылғы 180 мың гектардан 2025 жылы 350-400 мың гектарға дейін кеңейген. Ал минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 400 мың тоннадан 1,2-1,5 миллион тоннаға ұлғайған. Бұл көрсеткіштер аграрлық са­ла­дағы өндірістік жаңғырудың ауқымын анық аңғартады.

Саланы дамытудың маңызды нәти­желерінің бірі – еңбек өнімділігінің ар­туы. 2019–2026 жылдар аралығында еңбек өнімділігі 2,5 есе өсіп, бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда 2,5 млн теңгеден 6,2 млн теңгеге дейін жетті. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 2,8 есе өсіп, 115,4 мың теңгеден 320,8 мың теңгеге дейін артты. Осы кезеңде ауыл шаруа­шылығына салынған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2,4 есе ұлғайып, 495 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін жетті. Ендігі басты міндет – салынған қаражаттың тиімділігін арттыру, шаруа­шылықтарды техникалық қайта жарақ­тандыруды жеделдету, озық технология­ларды енгізу және жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану.

Аграрлық сектордың басты міндеті – ішкі нарықты отандық азық-түлікпен асырау, сырттан әкелінетін тауарға тәуелділікті азайту. Қазақстан өз-өзін толық немесе жоғары деңгейде қамтама­сыз ететін өнімдер тобы бойынша ішкі сұранысты отандық өндіріс есебінен жауып отыр. Экспорттық әлеуетті де нық ұстап тұрмыз. Мәселен, бидай мен нан өнімдері­мен өз-өзін қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыздан асады. Ішкі сұраныс жылына 6-7 млн тонна болса, өндіріс көле­мі 2024-2025 жылдары 16-20 млн тон­наға шарықтап, бұл қажеттілік 2-3 есе ар­тық орындалды. Осының арқасында экспорт мөлшері жыл сайын 7-9 млн тонна шама­сында сақталып, ұн экспорты жағынан әлемдегі үздіктер қатарынан қалмай ке­леміз.

Сиыр, қой, жылқы еті жөнінен отан­дық өндіріс ішкі тұтынудың 95-98 пайы­зын жауып, 2019 жылмен салыстырғанда бұл сектордағы импорт үлесі біршама төмен­деді. Жұмыртқа бағытында өз-өзін қамту көрсеткіші 98-100 пайыз, картопта 100-105 пайыз болды.

Қысқасы, 2019-2025 жылдардағы нәти­желер агроөнеркәсіп кешенінде өндірістік әлеуетіміз артқанын айғақ­тайды. Келесі меже – осы жетістіктерді тұрақты өнім­ділікпен, терең өңдеу сала­сын дамытумен, азық-түлік қауіпсіз­дігі­мен ұштастыру.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью