Аграрлық сектордың әлеуеті артты
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құны 9,8 триллион теңгеге жеткен. Яғни 2019 жылғы 5,2 триллион теңгемен салыстырғанда 88,5 пайызға жуық номиналды өсім бар деген сөз. Мемлекет басшысы әр Жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану, суармалы жер көлемін көбейту, отандық өнім экспортын қолдау және шикізатты терең өңдеу мәселесіне назар аударған. Кейін сол тапсырмалар аграрлық саясаттың негізгі беталысын айқындады.
2019-2025 жылдардағы көрсеткішке көз жүгіртсек, өсімдік шаруашылығы өндірістің қозғаушы күшіне айналғанын байқаймыз. Бұл бағыттағы өнім көлемі 2,8 триллион теңгеден 5,9 триллион теңгеге дейін ұлғайыпты. Мал шаруашылығы да одан қалыспай, 2,3 триллион теңгеден 3,8 триллион теңгеге көтерілген.
Бірақ ақшалай көрсеткішке атүсті қарап, нақты өнім көбейді деп кесіп айтуға болмайды. Номиналды өсімге өнім бағасының құбылуы, инфляция, өндірістік ресурстардың қымбаттауы, тағы басқа себептер тікелей әсер етеді. Сондықтан саланың нақты жағдайын шынайы өндіріс индексімен бірге бағалау керек. Осы орайда былтыр ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 105,9 пайызды құраған. Өсімдік шаруашылығында бұл көрсеткіш 7,8 пайыз, мал шаруашылығында 3,3 пайыз өскен.
Сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыру мөлшері молайды. Мысалы, 2023 жылы көктемгі егіс пен орақ науқанына шамамен 140 миллиард теңге бөлінсе, 2024-2025 жылдары аталмыш сома 500-650 миллиард теңгеге дейін еселене түсті. Мұндай қолдау шарасы диқандарға сапалы тұқым, жанар-жағармай секілді қажетті ресурстарды уақытылы сайлап алуға көмектеседі.
Өндірістік әлеуетті арттыруда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да айрықша рөл атқарады. Ресми деректерге сүйенсек, техника паркінің жыл сайынғы жаңару қарқыны 2019 жылғы 3,5 пайыздан 2024-2025 жылдары 6,5 пайызға бір-ақ секірген. Оңайлатылған лизингтің арқасында трактор мен комбайн көбейіп, науқанды дер кезінде аяқтауға, еңбек өнімділігін өсіруге, ысырапты жоюға жол ашылды.
Су үнемдеу технологияларын дамытып, топырақ құнарын жақсарту да – кезек күттірмейтін мәселе. Елімізде тамшылатып және жаңбырлатып суарылатын алқаптар аумағы 2019 жылғы 180 мың гектардан 2025 жылы 350-400 мың гектарға дейін кеңейген. Ал минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 400 мың тоннадан 1,2-1,5 миллион тоннаға ұлғайған. Бұл көрсеткіштер аграрлық саладағы өндірістік жаңғырудың ауқымын анық аңғартады.
Саланы дамытудың маңызды нәтижелерінің бірі – еңбек өнімділігінің артуы. 2019–2026 жылдар аралығында еңбек өнімділігі 2,5 есе өсіп, бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда 2,5 млн теңгеден 6,2 млн теңгеге дейін жетті. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 2,8 есе өсіп, 115,4 мың теңгеден 320,8 мың теңгеге дейін артты. Осы кезеңде ауыл шаруашылығына салынған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2,4 есе ұлғайып, 495 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін жетті. Ендігі басты міндет – салынған қаражаттың тиімділігін арттыру, шаруашылықтарды техникалық қайта жарақтандыруды жеделдету, озық технологияларды енгізу және жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану.
Аграрлық сектордың басты міндеті – ішкі нарықты отандық азық-түлікпен асырау, сырттан әкелінетін тауарға тәуелділікті азайту. Қазақстан өз-өзін толық немесе жоғары деңгейде қамтамасыз ететін өнімдер тобы бойынша ішкі сұранысты отандық өндіріс есебінен жауып отыр. Экспорттық әлеуетті де нық ұстап тұрмыз. Мәселен, бидай мен нан өнімдерімен өз-өзін қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыздан асады. Ішкі сұраныс жылына 6-7 млн тонна болса, өндіріс көлемі 2024-2025 жылдары 16-20 млн тоннаға шарықтап, бұл қажеттілік 2-3 есе артық орындалды. Осының арқасында экспорт мөлшері жыл сайын 7-9 млн тонна шамасында сақталып, ұн экспорты жағынан әлемдегі үздіктер қатарынан қалмай келеміз.
Сиыр, қой, жылқы еті жөнінен отандық өндіріс ішкі тұтынудың 95-98 пайызын жауып, 2019 жылмен салыстырғанда бұл сектордағы импорт үлесі біршама төмендеді. Жұмыртқа бағытында өз-өзін қамту көрсеткіші 98-100 пайыз, картопта 100-105 пайыз болды.
Қысқасы, 2019-2025 жылдардағы нәтижелер агроөнеркәсіп кешенінде өндірістік әлеуетіміз артқанын айғақтайды. Келесі меже – осы жетістіктерді тұрақты өнімділікпен, терең өңдеу саласын дамытумен, азық-түлік қауіпсіздігімен ұштастыру.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:49
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 20 Қазан 2026 04:32 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















