ТЕКЕМЕТ FEST : тәжірибелер тоғысқан төр
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Бір кездері әр шаңырақтың тұрмысында маңызды орын алған бұл өнер бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлттық қолөнердің осындай асыл үлгілерін қайта жаңғыртып, оның жасалу жолдарын көпшілікке таныстыру мақсатында Шымкенттегі «Этноауыл» кешенінде «ТЕКЕМЕТ FEST» этнотанымдық фестивалі ұйымдастырылды.
Қала әкімдігінің қолдауымен, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы өткізген шараға Қазақстанның әр өңірінен келген қолөнер шеберлері мен өнерпаздар қатысты. Сонымен қатар фестивальға Қырғызстаннан арнайы келген шебер әйелдер де өз өнерлерін ортаға салды. Фестиваль алаңында киізден жасалған бұйымдар көрмеге қойылып, текемет әзірлеудің дәстүрлі әдістері көрсетілді. Көрермендер жүнді бастапқы өңдеуден дайын өнімге дейінгі жұмыс барысын тамашалады. Илеу, сабау, түту, тарау, иіру, шүйкелеу, бояу, шабақтау, өр салу секілді бірнеше кезеңнен тұратын бұл жұмыс қолөнердің қаншалықты төзімділік пен шеберлікті талап ететінін аңғартты. Процестің әр кезеңі LED экран арқылы да көрсетіліп, көрермендерге ұлттық технологияны жақыннан тануға мүмкіндік берілді.
Текемет басу бұрын арнайы оқулықтан емес, үлкендердің жанында жүріп, олардың ісін қайталау арқылы меңгерілген. Әжелердің қолынан шыққан бұйымдар тұрмыстық қажеттілікті өтеп қана қоймай, үй ішінің сәнін келтіріп, ұлттық талғамның қалыптасуына ықпал еткен. Фестивальдың мазмұны да осы сабақтастықты көрсетуге құрылды. Мұнда ұлттық өнер дайын бұйымдар арқылы ғана емес, оны жасау барысы арқылы таныстырылды. Бұл тәсіл көрерменге текеметтің сыртқы әсемдігін бағалаумен шектелмей, оның артындағы еңбек пен тәжірибені түсінуге жол ашты.
Шараға қатысқан Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы төрағасының орынбасары Мөлдір Оңдасынова ұлттық дәстүрді сақтау мен насихаттаудың ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды.
«Біз осындай ұлттық құндылықтарымызды әрдайым дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыруымыз керек. Себебі салт-дәстүр – халқымыздың болмысын айқындайтын рухани негіз. Бүгінгі фестиваль атадан балаға жалғасқан қолөнер дәстүрін жаңғыртып, ұлттық өнерімізді көпшілікке таныстыруға мүмкіндік беріп отыр. Қырғыз елінен арнайы келген өнерлі ханымдарға да алғысымызды білдіреміз. Бауырлас елдердің мәдени байланысын нығайтып, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеу – біз үшін үлкен қуаныш. Ұлттық өнеріміз жасай берсін, дәстүріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін», – деді Мөлдір Оңдасынова.
Фестивальдың халықаралық сипаты қазақ пен қырғыз қолөнерінің ортақ тамырын тағы бір мәрте көрсетті. Бішкек қаласынан келген «Ыр-керуен» мәдени қоғамдық қорының жетекшісі Венера Пирматова фестивальға биыл екінші рет қатысып отырғанын айтты. Ол бұл жолы Қырғызстаннан 20 апаны ертіп келген. Оның айтуынша, мұндай кездесулер екі елдің қолөнершілеріне тәжірибе алмасып қана қоймай, бұрыннан келе жатқан шығармашылық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. «Әсіресе әжелеріміздің өнерін жастарға көрсету маңызды. Дәстүр жалғасын таппаса, уақыт өте келе ұмытылуы мүмкін. Сондықтан осындай фестивальдарға қуана қатысамыз. Қазақ шеберлерімен бірге жұмыс істеп, тәжірибе алмасу біз үшін үлкен мәртебе», – деді Венера Пирматова.
Фестивальда қолөнерге өмірін арнаған аға буын өкілдері де, шығармашылық ізденіске ден қойған жастар да белсенділік танытты. «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» өз өнерлерін көрсетті. Олардың жұмыстары ұлттық мұраның жеке шеберлердің ғана емес, тұтас отбасылар мен қауымдастықтардың еңбегі арқылы сақталып келе жатқанын аңғартты. Сонымен қатар «Балалар көркемсурет» мектебінің ұстаздары мен шәкірттері киізбен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Бұл бағыттағы жұмыстар дәстүрлі материалдың қазіргі шығармашылық кеңістікте де қолдануға жарамды екенін көрсетті. Ұлттық өнерді тек бұрынғы үлгілерді қайталау арқылы емес, оның мүмкіндіктерін жаңа ізденістермен ұштастыру арқылы дамытуға болатыны байқалды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:24
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 20 Қазан 2026 04:13 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















