Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Еліміз агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Президент Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкімет атынан прогрессивті агроэкономика моделін енгізбек.
Сурет: freepik.com
Белгіленген мақсатты жүзеге асыру нақты жоспарлауды талап етеді, сондықтан қазір Агроэкономиканы дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Құжат ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден бастап оны терең өңдеуге, сақтауға, логистика мен экспортқа шығуға дейінгі толыққанды қосылған құн тізбегін құруға бағытталған. Негізгі басымдыққа өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кластер мен агрохаб қалыптастыру, сондай-ақ өндіріс пен өткізу нарығы арасындағы байланысты нығайту жатады.
Мұндай терең модернизация оны тұрақты, өнімді әрі бәсекеге қабілетті етуге бүкіл аграрлық секторды жүйелі түрде жаңартуды көздейді. Үкімет бұл бағытпен тығыз байланыста мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Ол мал басын арттыруға ғана емес, өнімділікті ұлғайтуға, сондай-ақ саланың экспорттық мүмкіндігін едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін сапалы өңдеуді жақсартуға бағытталған.
Жаңғыртудың маңызды құралы – Президенттің ауыл шаруашылығы техникасы паркін жыл сайын 8-10% деңгейінде жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау. Бұл шаруашылықты технологиялық қайта жарақтандыру мен заманауи машина пайдалану есебінен шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жоспарды жүзеге асыруға жануардың барлық түрінен асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6%-бен ұзақмерзімді жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады. Сондай-ақ шаруашылықтың айналым қаражатын қызмет түрлеріне шектеусіз толықтыруға жылдық 5%-бен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмысын бастайды. Жер мәселесіне ерекше назар аударылып жатыр, еркін жайылымдардың әлеуетін тиімді пайдалануға шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға 6%-бен бірыңғай несиелік өнім іске қосылады. Бұл құрал жерді суарудан бастап, жылжымалы вагон мен басқа да қажет шығындарды сатып алуға дейінгі инфрақұрылымды қаржыландыруға көмектеседі.
Ауыл тұрғындарына қаржы ресурсы қолжетімді бола түсуіне өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды белсенді түрде тарту жоспарланып отыр. Осы ретте барлық несиелеу бағдарламалары өсімдік шаруашылығында сәтті қолданылып жүрген тәжірибе негізінде «Даму» институтынан кепілдік жүйесі түрінде қолдау табады. Шаруа өзінің кепілдікке қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несие сомасының 85%-ына дейін мемлекеттік кепілдік ала алады. Бұл шешім ауылдық жердегі мүлкі бұрын банк тарапынан өтімді кепіл ретінде қабылданбаған шаруашылықтың ресурстарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қаржылық қолдаумен қатар ғылыми-тәжірибелік міндеттер де қатар шешімін тауып жатыр. Мысалы, қазір ірі қара малды эмбриондық жолмен көбейтуге арналған мамандандырылған зертхана ашу мәселесі пысықталып жатыр.
Кешенді тәсіл ілеспе салаларды да қамтиды. Шаруалар жүн мен тері өткізе алатын сервистік-дайындау орталықтарының жұмыс істеуіне қажет жағдай жасалып жатыр. Бұл мақсатқа айналым капиталына жылдық 5% мөлшерлемемен қаражат бөлінеді. Бұған қоса шикізатты зауыттарға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге қойма мен көлік логистикасы мәселесі де шешіліп отыр.
Техникалық жарақтандырумен қатар салаға жаңа кадрларды тарту мен мал шаруашылығында еңбек ететіндерге лайықты әлеуметтік жағдай жасау шарасы да қарастырылған.
Бұл жұмыстың нәтижесінде ірі қара мал басын 12 млн-ға, ұсақ мал басын 28 млн-ға дейін жеткізу, сондай-ақ ет экспорты көлемін екі есе арттыру жоспарланған. Экспорттық әлеуетті кеңейту аясында негізгі бағыттардың бірі – өнімді «Halal» жүйесі бойынша сертификаттау болуға тиіс. Бұл еліміздің Парсы шығанағы елдері мен басқа да мұсылман мемлекеттеріндегі премиум нарықтардағы позициясын нығайту үшін қажет.
Айта кету керек, барлық жаңа бастама қол жеткізілген нәтижелерге негізделеді – кейінгі жылдары аграрлық сектор тұрақты өсім көрсетіп келеді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі қатарынан екінші жыл өсіп отыр. Былтыр ол 5,9%-ға артып, 9,8 трлн теңгеге жетті, ал бір жыл бұрын өсім 13,6% болып, көлемі 8,3 трлн теңгені құраған еді. Бұл өсім өсімдік шаруашылығы өндірісінің 7,8%-ға, мал шаруашылығының 3,3%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Мұндай қарқынды өсім көп жағдайда бұрын-соңды болмаған көлемдегі жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында мүмкін болды. Былтыр АӨК-ті қолдауға 1 трлн теңгеге дейін қаржы бағытталды, бұл 2021 жылғы деңгейден 10 есе жоғары. Соның нәтижесінде шамамен 8,5 млн гектар егіс алқабы мемлекеттік қолдаумен қамтылды. Мемлекет басшысының былтырғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, биыл жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Бұған қоса қаржының тиімділігін арттыруға субсидияны толық бақылау мен цифрландыру жүйесі енгізіліп отыр. Бұл жалған көрсеткішті болдырмауға әрі қаражаттың шаруаларға нақты жетуіне кепілдік беруге мүмкіндік береді.
Қаржыландыруды арттыруға қатысты жүйелі жұмыс 2024 жылы министрлік мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қараған кезде басталды. Техника лизингі, маусымдық жұмыстарды қаржыландыру, өңдеу мен мал шаруашылығы кәсіпорындарына көмек жылдық 5% мөлшерлемемен қолжетімді болды. Бұл тәжірибе жалғасады, қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. Кейінгі екі жылда елде – 50 млн тоннадан астам рекордтық астық жиналды.
Басқа бағыттарда да жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Бір млн тоннадан астам бұршақ дақылдары жиналды, ал майлы дақылдардың өнімділігі бір жыл бұрынғы 3,3 млн тоннаға қарағанда 4,8 млн тоннаға дейін өсті. Бұған мемлекеттің уақтылы көмегі, соның қатарында 2024 жылғы қазанда егісті ерте қаржыландыру бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды жаппай енгізу көмектесті. Бүгінде алынған өнім елдің ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтып қана қоймай, экспорттың белсенді өсуіне жағдай жасады.
Еліміздің берік шикізаттық базасы мен астық өндіруде айқын артық қоры бар, бұл шикізатты сол күйінде экспорттаудан оны терең өңдеуге көшуге толық мүмкіндік береді. Елде 183 млн гектар жайылым мен 27,2 млн гектар егістік алқапты қоса алғанда, орасан зор жер ресурстары бар. Қазір 70-тен астам елге ауылшаруашылық өнімдері жеткізіледі. Олар әлемдегі жетекші орынға ие. Мысалы, ұн экспорттауда әлемде екінші, күнбағыс майы бойынша сегізінші, дәнді дақылдарды сыртқа саудалауда оныншы орында тұр.
Сыртқы нарықтағы жетістіктерге ерекше назар аударылады. 2024–2025 маркетингтік жылы астық экспортының көлемі 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл кейінгі 20 жылдағы ең жақсы нәтиже. Жеткізу географиясы үнемі кеңейіп келеді. Иран, Әзербайжан мен Қырғызстанға жөнелтілімдер жаңартылды, Мысыр, Марокко мен Вьетнам нарығы ашылды. Қазір Бельгия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания мен Португалия нарығына шығу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастық нығайып келеді.
Экспорттық стратегияның жалғасы – ел ішінде шикізатты терең өңдеуді дамыту. Қазір 5 млн тонна өңделген астықтың шамамен 510 мың тоннасы терең өңдеуге жұмсалады. Былтырдан бастап салада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге аса бастады. Қазірдің өзінде жоғары технологиялық өнім шығаратын үш кәсіпорын жұмыс істейді – крахмалдан биоэтанолға дейін. 2028 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 2,6 млрд болатын тағы бес ірі зауытты іске қосу жоспарланған. Бұл мыңдаған жұмыс орындарын ашуға әрі аминқышқылдары мен витаминдер шығару есебінен өнім желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Осылайша, озық агроэкономикаға көшу елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың түбегейлі жаңа моделін қалыптастырады, мұнда технология мен терең өңдеу басты назарда. Осы кешенді шараны жүзеге асыру өндірістің тұрақты өсімін қамтамасыз етеді әрі өнімнің қосылған құнын арттырады. Бұл елдің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтады әрі ауыл халқының өмір сүру деңгейін тікелей арттыра отырып, ауыл шаруашылығының ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігіне сенімді негіз қалыптастырады.
Соңғы жаңалықтар
Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті
Өнер • Бүгін, 23:40
Президент • Бүгін, 23:26
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:15
Экологиялық мәдениет қалыптастыру – түбегейлі қағидат қатарында
Саясат • Бүгін, 08:10
Қасым-Жомарт Тоқаев: Татуласу – мықтылықтың белгісі
Саясат • Бүгін, 08:05
Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге көтерілді
Саясат • Бүгін, 08:00
Қоғам • Бүгін, 07:55
Өнер • Бүгін, 07:50
Жәдігер • Бүгін, 07:45
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:40
Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді
Үкімет • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды
Президент • Кеше
Қазақстан әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды
Президент • Кеше
Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді
Президент • Кеше
Азаматтық-құқықтық шартты айналып өтуге тосқауыл қойылады
Қоғам • Кеше