AI Sana алғашқы нәтижелерін таныстырды

01.11.2025

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Жиынға Президент көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік университет филиалдарының өкілдері, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.

Білім мен ғылымның синергиясы

Форум жоғары білім мен ғы­лым саласындағы озық тә­жірибе алмасуға, қазіргі жаһан­дық трендтерді талқылауға және ортақ бастамаларды жүзеге асыру жолдарын айқындауға арналған кә­сіби диалог алаңына айналды. Жиын басында ҚР Президентінің кө­мекшісі Қуанышбек Есекеев AI-Sana бастамасының жаңа буын үшін интеллектуалды экожүйе қа­лып­тастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

– Былтыр желтоқсан айында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI-Sana бағдарламасын дайын­дауды тапсырған болатын. Қыс­қа уақыт ішінде біз алғашқы нә­тижелеріне куә болып отырмыз. Үкі­мет, министрлік, жоғары оқу орын­дары, студенттер және серік­тестердің ортақ еңбегі нәтижесінде университеттерде жасанды интел­лект экожүйесінің іргесі қаланып, жастардың әлеуетін ашуға жағдай жа­салды. Студенттер аз уақыт ішін­де айтарлықтай тәжірибе жи­нап, өз жобаларын цифрлық фо­рум­дарда, көрмелерде, Парламент қа­бырғасында, тіпті Президентпен кездесулерде таныстырды. Бүгін біз AI-Sana Leaders бағдарламасының үздік қатысушыларын марапаттау үшін жиналдық. Олардың баста­ма­лары медицина, білім беру, өнеркә­сіп және қауіпсіздік секілді түрлі са­лаларды қамтиды. Бұл – алғашқы же­тістіктер ғана. Алда жаңа идея­лар, тың жобалар мен маңызды жеңіс­­тер күтіп тұр, – деді Қ. Есекеев.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбектің айтуын­ша, AI-Sana – бұл жай ғана білім бе­ру бағдарламасы емес, стартаптар құ­руға, жасанды интеллектіні кәсіби қызметке енгізуге және салалардың технологиялық дамуын жеделдетуге қабілетті жаңа буынды қалыптастырады.

– Жылдың басынан бастап АІ-Sana ұлттық бағдарламаны іске қостық. Бұл бағдарламаның негізгі мақ­саты – бүкіл студентті жасанды ин­теллект негіздеріне оқыту. Қа­зақ­стан – мұндай ұлттық бағдар­ла­ма­ны қолданудан алдыңғы қатар­дағы елдің бірі. Қазір Қытай, БАӘ, АҚШ-та ғана осындай бағдарлама­лар қосылып жатыр. Биыл ақпан­нан бастап бүкіл студент міндетті түр­де жасанды интеллект курста­ры­нан өтуге міндеттедік. Жарты жыл­дың ішінде 650 мың бакалавр студенттерінің 85 пайызын, яғни 560 мыңнан астам студентті оқыт­тық. Екінші этапта студенттерді ЖИ стартаптарды, кәсіпкерлікті оқы­тамыз. 3-4 этапта студенттерге қар­жы мен есептік қуат беріледі. Қосылған ұлттық суперком­пью­тер­­­­­леріміздің бір бөлігі студенттік жобаларға берілетін болды. Бүгінде 650 мың бакалаврдың ішінен 560 мың студент оқытылды. Қысқа уа­қыт ішінде студенттер 137 AI-агент әзір­леді, олардың кейбірі бүгінгі көр­­меде көрсетілді. Нәтижесінде, экономикамыздың барлық сала­сын жаңа дағдылармен толық­тыра­тын мамандарды даярлаймыз, – де­ді Саясат Нұрбек.

Форум барысында Стэн­форд уни­верситетінің про­фессоры, Дүниежүзілік банк жа­нындағы халықаралық сарап­та­ма­лық кеңестің төрағасы Пол Ким қа­т­ысушыларға арнайы бей­не­құт­тық­тау жолдады. Ол Қазақстанның цифрландыру бағыты бойынша қол жеткізген елеулі нәтижелеріне тоқ­талып, Ғылым және жоғары бі­лім министрлігімен әріптестікті әрі қарай дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Спикердің сөзінше, алда­ғы алты жыл ішінде AI-Sana жоба­сы жасанды интеллект пен кәсіп­кер­лік салаларында жүздеген мың сту­денттің білімін арттыруға жол аша­ды.

Жаңа технологияны кәдеге жарату – игі іс

Қазір жасанды интеллектінің ор­ны әлемдік технологиялық үде­рісте аса маңызды болып тұр. Өйт­кені болашақта жаңа технология кө­мегімен үлкен өзгерістер орнай­тын түрі бар. Сонымен қатар адам­зат­тың тұрмыс-тіршілігінде аса үл­­кен рөл атқаратын көрінеді. Мы­­­салы, Huawei компаниясы жа­санды интеллект бағытындағы оқу бағдарламаларын қазақ және орыс тіл­деріне бейімдеп, соның нәти­же­сінде 175 мың студент оқытып, 250 мыңнан астам сертификат табыс­тал­ды. Сонымен қатар Coursera бі­лім платформасы еліміздегі 95 жо­ғары оқу орнына 37 мың лицен­зия берді. Бұл мүмкіндік арқылы сту­денттер 59 мыңнан астам сер­ти­фи­кат алып, Қазақстан Coursera Awards халықаралық сыйлығының финалистері қатарынан көрінді.

AI-Sana Ceremony бағдарлама­сы аясында еліміздің жоғары оқу орындары әзірлеген үздік жасанды ин­теллект жобаларының автор­лары арнайы марапатталды. Со­лардың ішінде медицина бағыты бойынша топ жарған – Zhan.care.AI жобасы. Астана медицина уни­вер­ситетінің жастары дайындаған телемедициналық жүйе тәжірибе жүзінде сынақтан өтіп келеді. Жоба науқасқа диагноз қоюдың дәлдігін арттыруға бағытталған. Науқас өз бел­гілерін енгізгеннен кейін бағ­дар­­лама оларды талдап, ықтимал ауру түрін анықтап, оны қарапайым тілмен түсіндіреді. Мәселен, егер пайдаланушы «басым ауырады» не­месе «денем қызу» деп жазса, жүйе оның ықтимал себептерін көр­сетіп, әрі қарай қандай әрекет жа­сау керектігі жөнінде кеңес бере­ді. Ал жағдай күрделі деп танылса, жүйе бірден жедел жәрдем шақыру­ды ұсынады. 

Жас ғалымдар мен талантты әзірлеушілердің еңбегі кеңінен танылып, білім беру сала­сындағы инновациялық бастама­лардың маңыздылығы атап өтіліп, қатысушылар жасанды интеллект бағытында әзірленген түрлі жо­балар ұсынылған ЖИ шешімдер көрмесін тамашалады. Бұдан бө­лек, шара аясында «Ғылым қо­ры» АҚ және Platonus ЖШС арасында AI-Sana Academy платформасын да­мыту және енгізу бойынша ын­тымақтастық жөніндегі меморан­дум­ға қол қойылды.

Басқосудың бірі Coventry University Kazakhstan орта­лы­ғында ұйымдастырылды. Дә­лірек айтқанда, «Қазақстанның ака­де­мия­лық білім беру орталығы ретін­дегі рөлін нығайтудағы тран­сұлт­тық білім берудің маңы­зы» атты дөң­гелек үстел өткізілді. Оған Coventry University Kazakhstan пре­зиденті Мирас Дауле­нов модераторлық етіп, өз ой-пікірін ортаға салды.

«Біз тек білім мен технология трансфері мәселелерін ғана емес, ха­лықаралық стандарттар мен ұлт­тық басымдықтарды ұштасты­ра­тын тұрақты жүйені қалыптас­ты­руды діттейміз. Негізгі мақ­­­сатымыз – дарынды студенттерімізге әлемдік деңгейде білім алуға және Қа­зақ­стан құрып жатқан инновациялық экономикада сұранысқа ие болуға мүмкіндік жасау», – деді модератор.

Спикерлер қатарында Cardiff University (Ұлыбритания) прези­денті В.Ларнер, Coventry University (Ұлыбритания) кәсіпкерлік және инновациялар жөніндегі про­рек­торы П.Нун, Нархоз универ­си­те­тінің провосты Е.Шуланов, KAIST Kazakhstan филиалының жетекшісі Д.Молдақұлова, Harvest Agro Group басқарушы директоры А.Маралова және Ұлыбританияның Білім са­па­сын қамтамасыз ету агенттігінің (QAA) атқарушы директоры Р.Страуд болды.

Форму аясында қазақстандық тарап шетелдік ғалымдар, білікті мамандармен жаңа технология бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью