Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Етеккір демалысы кейбір елдердің еңбек заңнамасының бір бөлігіне айналған: мұндай нормалар Жапония, Испания, Португалия және басқа да бірқатар мемлекетте бұрыннан бар, ал жақында олардың қатарына Черногория қосылды. Tengri Life мұндай жүйе қалай жұмыс істейтінін және Қазақстанда әйелдерге осындай демалыс қарастырылған ба, жоқ па анықтап көрді.
Әлемдік жаңа тренд: "әйелдер демалысы" қайда және қалай жұмыс істейді? Черногория
Етеккір циклінің ауыр өтуіне байланысты әйелдерге бөлек демалыс беру мәселесі әртүрлі елдің еңбек заңнамасында жиі көрініс таба бастады. BalkanInsight мәліметінше, жақында Черногория тиісті норманы енгізді: "қайталама дисменорея" диагнозы бар әйелдер айына екі күнге дейін демалыс ала алады.
Анықтама: қайталама дисменорея - белгілі бір гинекологиялық аурулардан немесе кіші жамбас мүшелерінің құрылымдық өзгерістерінен, мысалы, эндометриоз, аденомиоз, жатыр миомасы, қабыну аурулары, киста немесе кейде полиптерден туындаған ауырсынумен өтетін етеккір.
Демалысты рәсімдеу үшін диагнозды маман-дәрігердің қорытындысымен растау қажет. Анықтаманы жыл сайын жаңартып отыру керек. Оны биылғы 31 желтоқсанға дейін алып, жұмыс берушіге келесі жылдың 30 қаңтарына дейін өткізу қажет.
Мұндай демалыс кезінде әйелдерге күндік базалық мөлшерлеменің кемінде 70 пайызы төленеді, ал кей жағдайда бұл сома жоғары болуы мүмкін. Мұның бәрі жұмыс берушімен жасалған келісімшарт талаптарына байланысты.
ЖапонияЖапония мұндай демалыс құқығын бекіткен алғашқы елдердің бірі болды. Тиісті норма 1947 жылдан бері қолданыста. Заң әйелдерге қатты ауырсыну немесе етеккірге байланысты басқа да белгілер салдарынан өз міндеттерін орындау қиын болған жағдайда жұмысқа шықпауға рұқсат береді. Бұл ретте демалыс күндерінің саны мен төлем мәселесі заңмен нақты белгіленбеген.
ИспанияИспанияда әйелдерге арналған мұндай ақылы демалыс 2023 жылдан бастап күшіне енді. Оны етеккір кезінде қатты ауырсынуды сезінетін әйелдер пайдалана алады. Рәсімдеу үшін медициналық растау қажет. Бұл ереже ауырсыну эндометриоз немесе аналық бездердің поликистоз синдромы сияқты аурулармен байланысты болған жағдайларға да таралады.
ПортугалияЗаң бойынша, Португалияда 2025 жылдан бастап эндометриоз немесе аденомиоздан туындаған қатты етеккір ауруы бар әйелдер қатарынан үш күнге дейін ақылы демалыс ала алады. Ол үшін жұмыс берушіге диагнозды растайтын медициналық анықтама ұсыну жеткілікті.
Зерттеуге сәйкес, мұндай демалыс тағы бірқатар елде бар. Мысалы, Тайваньда, Оңтүстік Кореяда, Замбияда, Вьетнамда және Индонезияда.
Сондай-ақ Ұлыбританияда эндометриоз бен аденомиозы бар әйелдер үшін етеккір демалысын енгізу талқыланып жатыр. Мұндай ұсыныс жазылған петицияға 100 мыңнан астам адам қол қойған.
Мұндай демалыс не үшін қажет?Мәселе шенеуніктер арасында ғана емес, қызметкерлер арасында да пікірталас тудырып отыр. Кейбір әйелдер етеккір кезіндегі қатты ауырсыну жұмысқа айтарлықтай кедергі келтіреді және мұндай күндері қосымша демалыс немесе басқа да қолдау алу мүмкіндігі болуы тиіс деп есептейді.
Басқалары арнайы демалыстың кері әсері болуы мүмкін деп қауіптенеді - мысалы, жұмыс берушілер әйелдерді жұмысқа сирек қабылдай бастауы немесе оларды сенімсіз қызметкер ретінде қабылдауы мүмкін.
Әлеуметтік желіде қазақстандық әйелдер де өз тәжірибесін бөлісті:
"Шағымданбаймын, тек айтқым келгені - етеккір кезінде, әсіресе алғашқы күні өзімді тұмау тигендей нашар сезінемін. Бірақ ай сайын еңбекке жарамсыздық парағын алуға немесе сұрануға бата алмаймын, жиі ауырады деп ойлайды және бұл әйелдердің өмір бойы төзіп келе жатқан "ұсақ-түйектерінің" бірі ғана. Шынында да, бұған үйреніп кеткендеймін және солай болуы керек сияқты көрінеді". "Етеккір басталғанда - жайсыздық, бастың ауруы, ал мен жұмыстамын және күніне тоғыз сағат бойы жұрттың көз алдында болуым керек. Меніңше, мұндай күндері әйелдерге қосымша ақы төленуі немесе демалыс берілуі тиіс". "Айына екі-төрт күн жұмыста болмайтын қызметкер жұмыс берушіге не үшін қажет?" "Дискриминацияның бұған қандай қатысы бар? Бұл жай ғана бизнес. Жұмыс беруші көбірек жұмыс істеп, пайда әкелетін адамды таңдайды".Арнайы демалысты өздері пайдаланғысы келмейтінін айтөан әйелдер де болды. Олар үшін әріптестерінің жұмыста болмау себебін білетіні туралы ойдың өзі ыңғайсыз.
Скриншот: Threads
Қазақстанда етеккір демалысы бола ма?Қазіргі уақытта Қазақстанда етеккірге байланысты бөлек демалыс жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біздің сауалға жақын арада оны енгізу жоспарда жоқ екенін хабарлады.
Ведомство бұл саладағы халықаралық тәжірибе зерттеліп жатқанын, алайда қазіргі уақытта еңбек заңнамасына тиісті өзгеріс енгізуге негіз жеткіліксіз екенін атап өтті.
"Халықаралық тәжірибені зерделеу Қазақстанда физиологиялық ерекшеліктерге байланысты демалысты енгізудің орындылығын бағалау кезіндегі негізгі фактор. Еңбек заңнамасын толықтыру бойынша эмпирикалық деректерге және ұзақ мерзімді халықаралық мысалдарға негізделген дәлелді ұсыныстардың болмауына байланысты, министрліктің заң шығару жұмыстарының жоспарында әйел қызметкерлер үшін физиологиялық ерекшеліктерге байланысты демалыс енгізу көзделмеген", - деп атап өтті министрлік.
Бұл ретте ведомство өкілдері қолданыстағы заңнамада қызметкер жағдайға қарай пайдалана алатын демалыстың басқа түрлері қарастырылғанын атап өтті.
Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, қазақстандықтар мынадай демалыстарды рәсімдей алады:
негізгі ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы; жалақысы сақталмайтын демалыс; оқу демалысы; жүктілікке және бала тууға байланысты демалыс; жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс; бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс; скринингтік зерттеуден өту үшін жылына үш жұмыс күніне дейінгі демалыс; 12 аптаға дейінгі мерзімде жүктілігі бойынша медициналық есепке тұру үшін кемінде үш жұмыс күніне демалыс.Айта кетейік, таяуда 2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда қызметкерлер үшін жаңа міндеті енгізілетіні белгілі болды - ол жұмыс орнында киберқауіпсіздік талаптарын сақтау. Тиісті өзгеріс Еңбек кодексіне цифрландыру және дербес деректерді қорғау туралы заң аясында енгізілді.
Тағы оқыңыз: 140 күн: министрлік еңбек демалысы қаншаға созылуы мүмкін екенін айтты
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу