Актер шындығы қайда жоғалды?

27.03.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Әйгілі актриса Фаина Раневская бір сөзінде: «Мен бәрінен де адамның бойындағы талантты жақсы көремін. Бірақ дарынсыздар да жетіп артылады. Мен «ойнау» деген сөзді түсінбеймін, тіпті мойындамаймын да. Балалар ойнасын, музыканттар ойнасын. Ал актер сахнада ғұмыр кешуі керек» деген еді. Бұл – актерлік өнерге қойылған ең қатал әрі ең әділ талаптардың бірі. Осы сөзді бүгінгі сахнамен салыс­тыра қарасақ, мәселе таланттың бар-жоғында емес, сол таланттың қандай тереңдікке жетіп жатқанында екені анық байқалады.

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әрине, қазіргі сахнада талант жоқ деу – әділетсіз. Талант бар, техника бар, мектеп бар. Бірақ Раневская айтқан «ғұмыр кешу» жоқтың қасы. Себебі ғұмыр кешу – рөлді меңгеру емес, сол рөлдің ішінде тіршілік ету, оның тынысымен тыныстау, оның үнсіздігімен сөйлей алу. Бұл – сыртқы әрекеттен бұрын ішкі шындықты талап ететін деңгей. Ал бүгінгі актер көбіне сол ішкі шындыққа жетпей жатып, оның сыртқы көрінісін ұсынуға асығады.

Кезінде Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев сынды сахна саңлақта­ры бірауыз сөзсіз-ақ көрерменді терең ойдың иріміне тартып әкететін. Неге? Себебі олар­дың құпиясы – әрекетте емес, тереңдік­те, сөзде емес, үнсіздікте еді. Олар паузаны «бос кеңістік» ретінде емес, ішкі өмірдің ең шоғырланған сәті ретінде сезінді. Сол себепті олар­дың сахнадағы әрбір кідірісі көрер­мен үшін толғанысқа айналатын.

Ал бүгінгі актер сол үнсіз­діктен қорқатындай. Ол паузаны толтыра алмайды, сондықтан оны сөзбен, қозғалыспен, сыртқы әсермен жа­­буға тырысады. Мысалы, ашу-ыза сах­насында дауыс көтеру, жы­лау сахнасында көз жасын кү­шей­ту – жиі қолданылатын тәсіл­­дер. Бірақ бұл көрерменге әсер ету­дің ең оңай жолы ғана. Шын мә­нінде, кейіпкердің ашуы оның ай­қайында емес, ішкі тұн­шы­ғуында, ал қайғысы көз жасын­да емес, үнсіз күйзелісінде жатуы мүмкін. Осындай нәзік айыр­ма­шылықтарды игермеген кезде, сахнада өмір емес, тек эмоцияның сыртқы көрінісі ғана қалады. Мысал ретінде қазіргі қойылымдардағы классикалық кейіпкерлерді алуға болады. Мә­селен, Гамлет бейне­сін ойнаған жас актерлердің бірқатары оның философиялық тереңдігінен гөрі, трагедиялық пафосына көбірек мән береді. Олар Гамлеттің күмәнін айқаймен, күйзе­лісін сыртқы қимылмен жеткіз­гісі келеді. Ал шын мәнінде, Гам­лет­тің ең үлкен драмасы – оның ішкі үнсіздігінде, шешімсіздігінде, ой мен әрекеттің арасындағы қай­шылығында. Осыны сезіне алма­ған актер кейіпкердің тек «сыр­тын» ғана ойнайды. Немесе Абай образын сахнаға шығару тәжі­рибесіне назар аударайық. Кей­бір қойылымдарда Абайды тек дана, сабырлы, биік тұлға ретінде көрсетуге ұмтылыс бар. Бірақ оның ішкі драмасы, жалғыздығы, қоғаммен қайшылығы толық ашыл­май қалады. Соның салда­ры­нан образ біржақты, «идеал» бейнеге айналып кетеді. Ал шын Абай – тірі адам, күрделі тұлға, ішкі тар­тысы мол кейіпкер. Оны «ғұмыр кешу» үшін актер де сол күрде­лілікті өз жанынан өткізуі керек.

Демек, Раневскаяның «актер сахнада ғұмыр кешуі керек» дегені – тек поэтикалық теңеу емес, нақты кәсіби талап. Ғұмыр кешу – әр сәтті шынайы өткізу, әр паузаны мағынамен толтыру, әр әрекетті ішкі себеппен негіздеу. Егер актер осы талапқа жақындай алса, көрермен оның ойынын емес, өмірін көреді. Сол секілді Раневскаяның тағы да «бала­лар ойнасын, музыканттар ой­насын» деуі бекер емес. Өйт­кені «ойнау» – шарттылық, ал актерлік – шарттылықты жою өнері. Сахнадағы шынайылық көрер­менге «бұл – ойын» дегенді ұмыт­тыруы керек. Егер көрермен актерді көрсе – өнер жеңілгені, ал кейіпкерді көрсе – өнер жеңгені. Бүгінгі сахнада осы шекара жиі бұзылады: біз кейіпкерден бұрын актерді байқап қоямыз.

Бұл жағдайдың себебі көп. Бүгінгі уақыттың қарқыны ак­терді де асықтырады. Тереңдікке уақыт керек, ал бүгінгі сахна көбіне әсер­дің жылдамдығын талап етеді. Көрерменді бірден баурау, бір­ден күлдіру, бірден жылату – басты мақсатқа айналып барады. Мұн­дай жағдайда баяу ашылатын, ішкі драматизмге құрылған образдарға орын тарылып қалады. Соның салдарынан актер де жеңіл тәсілдерге бейімделеді.

Қазіргі актер үнемі қозғалыста, үнемі ақпарат ішінде. Ал терең­дік тыныштықта туады. Ұзақ ойлану, бақылау, үнсіз қалу – шығар­машылықтың негізгі шарттары. Мысалы, аты аңызға айналған актерлер бір ғана сахнаны ұзақ уақыт бойы «ішінен өткізіп», оның әрбір психологиялық нюан­сын зерттеген. Бүгінгі қарқында мұндай сабыр сирек кездеседі. Соның салдарынан образ тез жасалады, бірақ тез ұмытылады.

Режиссерлік үдерістер де  бұл үрдіске әсер етпей қоймайды. Қазіргі театрда форма, визуал, динамика алдыңғы қатарға шығып, актерлік психология екінші орынға ығысып барады. Әрине, форма – маңызды. Бірақ форма мазмұнды алмастырмауға тиіс. Егер сахнада әдемі шешімдер көп болып, бірақ тірі адам жоқ болса, ондай спек­такль көркем көрінгенімен, көрерменнің жадында қалмайды. Өйткені театр – адам туралы өнер. Сондықтан оның өзегінде әрқашан тірі адам тұруға тиіс. Егер актер сол адамды өз бойынан өткізіп, сахнаға алып шыға алса, көрермен оны сезеді. Ал егер ол тек образдың сыртқы пішінін ұсынса, көрермен оны көреді, бірақ сенбейді. Сенім жоқ жерде – өнер жоқ. Қазақ сахнасы бір кездері дәл осы сенімге құрылған еді. Ол айқаймен емес, ішкі дірілмен, әсермен емес, әсерден кейінгі оймен құнды болатын. Сол дәстүрді қайта жаңғырту – бүгінгі актердің қолында. Ол үшін ең алдымен «ойнаудан» бас тартып, «өмір сүруге» тәуекел ету керек. Өйткені Раневская айтқан шындық өзгермейді: сахна – ойын алаңы емес, адам жанының өмір сүретін кеңістігі.

Соңғы жаңалықтар

Қазақы тағамның қасиеті

Экономика • Бүгін, 08:53

Атыраудағы бірегей зауыт

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Жұмыссыздарға қандай қолдау бар?

Сараптама • Бүгін, 08:48

Көлік кептелісі шектен шықты: Әрбір жүргізуші жылына кемінде 50 сағат көшеде қаңтарылып тұрады

Қоғам • Бүгін, 08:45

Технология мен ғылымды тоғыстырған

Ғылым • Бүгін, 08:43

Алматы Кремний алқабына айнала ма?

Ғылым • Бүгін, 08:40

MIT-ке қабылданған оқушы

Білім • Бүгін, 08:38

Жазата жеткізген жәдігер

Жәдігер • Бүгін, 08:35

Берекенің бесігі

Көрме • Бүгін, 08:33

«Алтын ғибадатханада» күйреген сенім

Әдебиет • Бүгін, 08:30

Актер шындығы қайда жоғалды?

Өнер • Бүгін, 08:28

Сәулелі кеңістіктің секемшіл суреті

Әдебиет • Бүгін, 08:25

Нөкерсіз жүрген, нөсерге төзген

Тұлға • Бүгін, 08:23

Тасқынға тастүйін дайындық

Су тасқыны • Бүгін, 08:20

Тағдырын таныған таланттар

Әдебиет • Бүгін, 08:18

Барлық жаңалықтар

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью