Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР
Алаштанушы ғалымның 60 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараның алғашқы бөлімінде мерейтой иесіне жолданған құттықтау хаттары оқылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Президент баспасөз хатшысының орынбасары Қамбар Ахмет оқып берді.
«Отандастарымыз өзіңізді көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, жоғары оқу жүйесінің ұйымдастырушысы, медиа саласындағы білікті сарапшы ретінде жақсы біледі. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан басталған еңбек жолыңыз жемісті болды. Жоғарыоқу орындарында ұстаздық қызмет атқарып, біліммен ғылым саласын дамытуға, кәсіби мамандардаярлауға қосқан үлесіңіз өте мол. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен мұраларын зерттеп, кейінгі ұрпаққа қажет құнды еңбектер жаздыңыз. Саяси-әкімшілік және қоғамдық істерге белсендіатсалысып, маңызды міндеттерді орындап жүрсіз. Ұтымды ұсыныстарыңыз бен бастамаларыңызқолдау тауып келеді. Алдағы уақытта қазақ басылымдарының беделін арттыруға, отандық баспасөздің рөлін күшейтуге, халық пен билік арасындағы алтын көпірді нығайта түсуге күш-қайратыңызды арнай бересіз деп сенемін» делінген құттықтау хатта.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың мерейтой иесіне арнаған құттықтау хатын сенатор, журналист Бибігүл Жексенбай оқыды.
Құттықтауда: «Сіз Алаш арыстарының өнегеліөмірі мен бай мұрасын дәріптеуде озық үлгі көрсетіп, халқымыздың тарихи жадын жаңғыртуға үлкен үлес қостыңыз. Ұлт шежіресінің тағдырлы кезеңдерін кеңірек зерттеп, осы жолда табандылығыңызбен танылдыңыз. Төл әдебиетіміздің тағылымдық және дүниетанымдық қуатын көрсететін іргелі еңбектер жазып, отандық гуманитарлық ғылымның ілгерілеуіне де үлкен үлес қостыңыз. Ұзақ жыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры бола жүріп, елімізде жоғары білім беру жүйесін ілгерілету ісінде де айқын қолтаңбаңызды қалдырдыңыз», делінген.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы құттықтауында Дихан Қамзабекұлының бірнеше республикалық басылымның басын қосқан «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры ретінде ұлттық баспасөздің дамуына еселі еңбексіңіріп келе жатқанын алға тартып: «Қандай қызметте болсаңыз да қоғамда жасампаз құндылықтарды орнықтыруды, елдік сананы бекемдеуді және ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруды мақсат тұтып, абырой биігінен көріне білдіңіз. Сіздің өмір жолыңыз бен еңбегіңіз отаншылдық пен зиялылықтың және адалдық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі саналады. Әрдайым осылай мәртебеңіз жоғары, мерейіңіз үстем болсын!» деген тілегін жеткізді.
Жиында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың да құттықтау хатына кезек берілді.
«Мерейлi белеске қомақты рухани қазынамен, аласармас абыроймен жетiп отырсыз. Сіздікөпшілік көрнектi әдебиеттанушы ғалым, қоғам қайраткері, Алаш арыстарының мұрасын зерттеушi, қарымды қаламгер ретінде кеңінен танып біліп, құрмет тұтады. Осы жемiсті жылдар ішiнде іргелі ғылыми-зерттеу институттарында, білiм ордаларында, беделдi басылымдарда талмай қызмет атқарып, ұлт руханиятының өркендеуіне, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына сіңірген еңбегіңіз зор. Ондаған монография мен оқу құралы, бес жүзге жуық ғылыми мақала мен теле-радио материалы сіздің атсалысуыңызбен жарық көрген Алаш қайраткерлерінің академиялық мұрасы – соның нәтижесі», делінген құттықтау хатты Мәжіліс депутаты, айтыс ақыны Аманжол Әлтай оқып берді.
Сонымен қатар жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының, Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Жәнібекұлының, Қырғыз еліндегі халықаралық Ш.Айтматов академиясының президенті Абдылдажан Ақматалиевтің құттықтау хаттары оқылды. Сондай-ақ жиында Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Л.Н.Гумилев атындағы EҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жиынның екінші бөлімінде Дихан Қамзабекұлының «Байып» және «Елшіл жол» кітаптарының тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылды. Зиялы қауым өкілдері атынан Сауытбек Абдрахманов, Жарылқап Бейсенбайұлы, Серік Негимов сөз алып, мерейтой иесінің еңбектеріне тереңірек тоқталды. Сауытбек Абдрахманов ғалымның Алашқа шын берілгенін алға тартты.
«Дихан Алашты жан-тәнімен жақсы көреді. Сол себепті ол жас кезінен бастап Алаш қайраткерлерін зерттеуге ден қойды. Алаш ардақтыларының өмірі мен қызметін арқау еткен көптеген кітаптарын жарыққа шығарды. Ұлттық кітапханадан мәлімет алдырсам, онда Диханның 17 кітабы бар екен. Бүгін міне, сол кітаптар «Байып» және «Елшіл жол» деген тағы екі кітаппен толығып отыр. Екі кітапты да қарап шығып, пікірімді жаздым. Оны алдағы уақытта баспасөз бетінен оқырсыздар. Айтайын дегенім, Дихан Қамзабекұлы публицистиканың ерекше бір сипатын жасады. Оның мақалалары журналистиканың параметрлеріне толық жауап береді. Сонымен қатар мақалаларында ғалымның мықты анализі бар», деді Сауытбек Абдрахманов.
Жарылқап Бейсенбайұлы сөзінде Дихан Қамзабекұлының «Ана тілі» газетіндегі журналистік қызметіне тоқталды.
«Ол уақытта «Ана тілі» газетінде Алаш қайраткерлері жайлыкөп жазылды. Себебі Алаш зиялыларының ақталуы сол уақыттағы үлкен оқиға еді. Осылайша ғылымға келген жас әдебиетшілер Алаш азаматтарын зерттеуге ден қоя бастады. Сондай зерттеушілер қатарында Дихан да болды. Ол аспирант бола жүріп, жарты жалақымен газетте жұмыс істеді. Алаштың қайраткерлерінің тілін меңгеріп, жазумашығы қалыптасты. Сүйекті мақалаларымен оқырманға танылып, газеттің оқылымды болуына ықпалын тигізді. Осылайша ғылым мен журналистиканың арасын байланыстырып, жаңа бағыт тапты. Бүгінде елге белгілі қаламгерге, ғалымға айналды» деді ол.
Басқосу соңында Дихан Қамзабекұлы қорытынды сөз сөйлеп, мерейтойлық жиын қатысушыларына ризашылығын білдірді. Жиын соңында қатысушылар Ғылыми кітапханаға қойылған алаштанушы ғалым еңбектерінің көрмесімен танысты.