Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Оның «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген серті бүгінгі күніміздің іргетасы іспеттес. Биыл Алаш арысының туғанына 160 жыл толады. Соған орай ұлт көсемінің туған жері мен ескерткіштерінің жай-күйіне тағы бір үңіліп, әлихантанушы ғалымдардың тың деректеріне құлақ түрдік.
Тұңғышбай МҰҚАН,
Талдыбейіт қорымының шырақшысы,
әлихантанушы, өлкетанушы:
Баскиімін арулап жерлеген
– Осыдан бес жыл бұрын Алаш қайраткерінің 155 жылдығында Шабанбай би ауылында ескерткіш қойылып еді. Туыстары мен жақындары жерленген Талдыбейіт қорымына барып, Алаш зерттеушілері Құран бағыштап қайтқан еді. Бұл қорым тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қамқорлығына алынуы керек деп едіңіз. Сол қорымның жайы не болды?
– Бүгінде Талдыбейіт қорымы жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер есебіне алынды. 2014 жылы мұнда кешенді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қазір нысан талапқа сай жақсы жағдайда сақтаулы тұр. Сондай-ақ Әлекеңнің кіндік қаны тамған Жекежал қыстағы да назардан тыс қалмады. 2013 жылы оның іргетасы реттеліп, 2015 жылы «Әлихан Бөкейханов күзеткері» деп аталатын қара граниттен жасалған зәулім ескерткіш тақта орнатылды. Қыстақтың маңы толық қоршалып, бұл орын да жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер тізіміне ресми түрде енгізілді.
– Әлихантанушы Сұлтан-Хан Аққұлұлы Әлиханның інісі Смахан төренің қолжазбаларын жариялағанын білеміз. 18 дәптерден тұратын қолжазбадан бөлек, ол кісінің жазған-сызғандарының бәрі табылды ма?
– Смахан төре Талдыбейітке Әлекеңнің өзі киген баскиімін арулап жерлеген. «Аруағын көмдім» деген үлкен аяушылықпен көмілген бұл жәдігер күні бүгінге дейін топырақ астында сақтаулы. 2015 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығының қарсаңында алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова бастаған 12 ғалымнан құралған халықаралық экспедиция ең алғашқы зерттеуін Талдыбейіттен бастаған. Осы жерден бір уыс топырақ алып, оны Қарағанды, Қарқаралы, Семей, одан ары Минскіге дейін барып, Ленинградтан өтіп Мәскеудегі Дон зиратына апарып, Алаш көсемі жатқан жерге қойды. Ал 2016 жылғы мерейтой үстінде Мәскеуден әкелінген бір уыс топырақ Ақтоғайдағы зиратқа салынды. Бұл тарихи сәттің барлығы «Әлихан – ұлт азаттық күрескері» атты танымдық деректі фильмде жан-жақты көрсетілген.
– Айтқандай, әлгі Талдыбейіттегі қорымдағы ескерткіштегі жазбалар өшірілгені туралы естіген едік. Сол жазу қайта қалпына келтірілді ме? Әлде қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес пе?
– 1960-жылдары Әлиханның бауыры Смахан төре Балқаш қаласында тұрып, 1967 жылы сол жерде дүниеден өтті. Сол кезеңде ол Қалдыбекке арнайы келіп, өз қолымен бетоннан ескерткіш құйып орнатқан. Алайда 1961 жылы аудандық партия комитетінің хатшылары мазар басындағы жазуды оқып, оны «буржуазиялық идеологияны насихаттайтын тас» деп бағалап, сол жазуды өшіруді талап етеді. Сол сәтте Әлиханның атасы болып келетін Мырзатайдың бауыры Рүстем төренің ұрпақтары ескерткішті толықтай жойылып кетуден сақтап қалу үшін оның бетін цементпен сылап тастайды. Тіпті, бір жылдан соң Алматыдан келген арнайы фототілші беті тегістелген тасты суретке түсіріп кеткен. Тек 1992 жылы, еліміз Тәуелсіздік алған соң Ақтоғайда «Ақтоғай – Алаш арыстарының атамекені» деген ауқымды республикалық іс-шара қарсаңында біз сол ескерткіштің бетіндегі қалың қатқан балшықты түсіріп, аршып алдық. Дегенмен тастың бастапқы қалпын толық қалпына келтіру үшін әлі де арнайы аппараттармен жұмыс істейтін білікті мамандар қажет. Қазірше ол сол тарихи күйінде тұр.
Халық мені «Әлихан Нұрмұхамедұлының шырақшысы» деп атайды. Өзім Қарағанды қаласында тұрсам да, алыс-жақыннан, қала берді ресми сапармен келген меймандарды киелі орындарға бастап апарып, тарихпен таныстыруды парызым санаймын. Биылғы жыл ақтоғайлықтар үшін ғана емес, күллі Алаш жұрты үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған Жекежал қыстауын қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл нысан тиісті жоспарға еніп, қажетті қаражат та бөлініп қойды. Тағы бір жағымды жаңалық – Ақтоғай ауданының орталығынан аудандық археологиялық-этнографиялық музейінің базасында «Алаш залы» деп аталатын арнайы зал ашылғалы жатыр. Мұнда Алаш арыстары – Әлихан Бөкейханның, Жақып Ақбаевтың және Әлімхан Ермековтің өмір жолынан сыр шертетін құнды құжаттар мен бірегей жәдігерлер қойылмақ. Бүгінде мұндай ауқымды «Алаш залы» республика бойынша тұңғыш рет қайраткерлердің туған жері – Ақтоғайда ашылғалы отыр. Қазір ғимарат мәселесі толық шешіліп, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы атқарылатын негізгі жұмыстардың ауаны осындай.
Дінмұхамед БАЙЖҰМА,
гуманитарлық ғылымдар магистрі, зерттеуші:
Омбыдағы ресми жүздесу
Тарих парақтарында әлі де зерттеуді қажет ететін тың деректер жеткілікті. Соның бірі – 1921 жылы Прагада жарық көрген профессор Индржих Дворжактың «Қазақтар арасында» атты құнды еңбегі. Бұл еңбек – Алашорда қозғалысының еркіндікке ұмтылысы мен олардың чехословак корпусы легионерлерімен ортақ мүдде жолындағы одақтастығын айғақтайтын деректердің бірі.
Зерттеуші Дінмұхамед Байжұманың айтуынша, И. Дворжактың бұл кітабында бұған дейін ғылыми айналымға түспеген қазақ жерінің картасы мен қазақ тұрмысын бейнелейтін 19 бірегей сурет қамтылған. Бұл картографиялық мәліметтер сол дәуірдегі геосаяси ахуалды зерделеу үшін таптырмас құрал саналады. Алайда ең құнды дерек – автордың Алашорда үкіметінің басшыларымен тікелей кездесуін сипаттаған естеліктері.
Дінмұхамед Байжұма Алашордамен чехословак легионерлерінің ортақ мүддеге негізделген байланысын И.Дворжактың мына бір естелігімен негіздейді. Ол кітапта 1918 жылы Омбыдағы ресми жүздесуі туралы да дәйек келтірілгенін айтты.
«Назар аударарлық дерек, автордың 1918 жылы Омбы қаласында Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханмен, сондай-ақ Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері Айдархан Тұрлыбай мен Уәлитхан Танашпен жүздескенін сипаттауы. Бұл кездесу – Алашордамен чехословак легионерлерінің ортақ мүддеге негізделген байланысының нақты дәлелі ретінде ерекше құнды. И.Дворжак бұл оқиғаны кітабында: «Қазақтармен «ресми деңгейдегі» алғашқы байланысым Омбы қаласында орнады(1918 жыл). Ол кезде әңгіме Чех армиясы үшін Ресейден жылқы жеткізу туралы болатын және сол себепті маған қазақ халқының өкілдерімен қарым-қатынас құруға тура келді. Алғашында біз қазақтармен келіссөз жүргізу ісі олардың дәстүрлі ру басшыларымен өтеді деп топшыладық, өйткені ондай тұлғалармен күнделікті жүздесіп жүрген едік. Сол себепті де алғашқы ресми кездесуде болған жайт мені айтарлықтай таңғалдырды», – дейді Д.Байжұма.
Зерттеушінің айтуынша, И.Дворжактың естелігінде Әлихан Бөкейханмен болған әңгімеден бір ерекше оқиға айрықша аталады. Соның бірі: «Мені тебіренткен бір ерекше сәт сол кезде орын алды: Әлихан Бөкейхан өз халқының ғасырлар бойы тартқан қайғы-қасіретін чехословак ұлтының азабымен салыстырды. Ол қазақ даласының тәуелсіздігін аңсайтынын айтып, алыстағы чех халқымен арада сан мыңдаған шақырым жатқан алшақтықтың жүрегін мұңға бөлейтінін бүкпесіз жеткізді». Бұл айтылғандар ұлт көсемінің өр мінезін ғана емес, сонымен қатар қазақтың тәуелсіздік аңсарын өзге халықтардың бостандық жолындағы күресімен үндестіре бағалай білген саяси даналығын да айқындайды.
Дінмұхамед Байжұма И.Дворжактың «Қазақтар арасында» еңбегін автордың қазақ даласында болған саяхатшы әрі чехословак легионері ретіндегі тәжірибесіне негізделген және бүгінгі күнге дейін ғылыми айналымға енбеген беймәлім туынды деп бағалайды. Өйткені кітап – Қазақстанның жаңа тарихына қатысты құнды деректерді қамтыған, аса сирек кездесетін мәдени-тарихи куәлік. Кітаптың ең басты ерекшелігі – онда Кеңес үкіметі орнамай тұрған кезеңдегі Қазақстанның жалпы саяси-әлеуметтік ахуалының айқын суреттелуімен қатар, сол дәуірдегі мәдени-этнографиялық болмысының шынайы бейнеленуінде.
Алаш қозғалысының түпкі мұраты – ұлттық мүдде десек, сол мүдденің алтын қазығы халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мәдениетінде жатыр. Алайда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақтың дініне, діліне және дәстүрлі болмысына жат саяси үрдістер күш алды. Осы сын сағатта Алаш қайраткерлері күрес тәсілін өзгертті. Олар ұлттық бірегейлікті сақтап қалу үшін басты майдан даласы ретінде мәдени-рухани алаңды таңдады. Оның дәлелі ретінде Д.Байжұма ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның Дінше Әділовке 1923 жылы жазған хатын мысалға келтірді.
«Күрес жолында Алаш зиялылары бұрыннан қалыптасқан халықтың төл эстетикалық көзқарасынан туған ауыз әдебиетінің жауһарларын, қазақ тарихындағы сан алуан ақын-жыраулардың ұлы ойларын, ағартушы-демократтардың еңбектерін қайта басып, батыс ғылым-өнерін қазақ арасына тарата бастады. Мысалы, Әлихан Бөкейханның Дінше Әділовке жазған хатында: «Бауырым Дінше! Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журнал-газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылсаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң, өзге жол бізге бөгелді ғой», – деп ел үшін күрестің өзге жолын нұсқайды. Сонымен қатар Алаш қозғалыс мүшелерінің 1928 жылғы бірінші қудалау легінің айыптау қорытындысының «Алашорда әдебиетшілерінің идеологиялық ықпалы» атты қылмыстық айғағында: «1922 жылдан бастап «Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т олардың көзқарасын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды. Ахмет Байтұрсынұлы жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек», – деп үндеу тастады», – делінген», – деп сөзін түйді зерттеуші.
Дайындаған
Гүлзина БЕКТАС,
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ