Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Алматыда наурызда үш адамның өмірін қиған әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты бойынша апелляциялық сот өтті. Қаза болғандардың бірінің әкесі өтемақы мөлшерін он есе арттыруды сұрап, сотты мас жүргізушілер жасаған адам өліміне әкеп соққан қылмыстарға қатаң баға беруге шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Адам өліміне әкеп соққан жол апаты 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болды. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr автокөлігі қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі (29 жаста) мен оның екі жолаушысы (20 және 22 жаста) қаза тапты.
Zeekr жүргізушісі, 33 жастағы Александр Пак аман қалды. Сараптама оның жеңіл дәрежедегі мас күйде болғанын анықтады.
22 маусымда сот Пакты "Көлік құралын мас күйде басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу" (Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі) бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.
Сондай-ақ сот оны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, қаза тапқан Т. К.-ның әкесінің пайдасына сұралған 100 миллион теңгенің орнына 10 миллион теңге моральдық шығын өндірді.
Апелляциялық шағымды кім түсірді?Апелляциялық шағымды қаза тапқан 20 жастағы Т. К.-ның әкесі Р. Ш. түсірді. Ол моральдық шығын өтемақысын 10 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін арттыруды сұрады.
Жәбірленуші тараптың пікірінше, бірінші сатыдағы сот қылмыстың ауырлығын, жалғыз қызының қазасын және сотталушының кінәсінің дәрежесін толық ескермеген.
Сонымен қатар жәбірленуші сот жүйесін мас күйінде жасалған, адам өліміне әкеп соққан жол апаты туралы істерді қарау кезінде қатаңдық танытуға шақырды.
Апелляция қандай шешім қабылдады?"Шағымда жәбірленуші Ш. мен оның адвокаты үкімді азаматтық талап қоюды шешу бөлігінде өзгертуді, Александр Пактан 100 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруді сұрайды. Шағымды қарау кезінде жәбірленушінің көлік құралдарын мас күйде басқарумен байланысты, адамдардың өліміне әкеп соққан қылмыстардың салдарын бағалауда қатаң әрі әділ тәсіл қалыптастыру қажеттілігі туралы ұстанымын ескеруді өтінеді", – делінген қаулы мәтінінде.
Алайда 5 тамызда Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырып, жәбірленуші тараптың шағымын қанағаттандырмады.
Сот қаулысында ел заңнамасында моральдық шығын өтемақысының нақты сомалары белгіленбегені, ал төлем мөлшерін анықтау соттың бағалау құзыретіне жататыны көрсетілген.
"Моральдық зиянды өтеу мөлшерін сот жәбірленушіге келтірілген адамгершілік азаптың сипатын, зиян келтірушінің кінәсінің дәрежесін, назар аударуға тұрарлық өзге де мән-жайларды, сондай-ақ парасаттылық пен әділдік талаптарын ескере отырып айқындайды. Өндірілген 10 000 000 теңге мөлшеріндегі сома жәбірленушіге келтірілген рухани азаптың сипатына және құқықбұзушылықтың мән-жайына сәйкес келеді", – делінген сот актісінде.
Сонымен қатар алқа қаза болған қыздың ата-анасы 2018 жылы ажырасып кеткенін де назарға алды. Бұл ретте сот әкесі ажырасқаннан кейін қызымен тұрақты бірге тұрғанын, оның тәрбиесі мен өміріне белсенді қатысқанын, сондай-ақ алименттен бөлек материалдық көмек көрсеткенін дәлелдемегенін атап өтті.
"Соңына дейін барамын": қаза тапқан қыздың әкесінің ұстанымыTengrinews.kz тілшісі қаза тапқан қыздың әкесі Р. Ш.-мен байланысты. Ер адам сот шешімімен келіспейтінін және кассациялық шағым түсіруге ниетті екенін айтты.
Оның сөзінше, ол сотталушы жазасын өтейтін түзеу мекемесінің түрін өзгертуге де күш салып жатыр.
"Соңына дейін барамын. Адам үш адамның өмірін қиды, мас күйінде жоғары жылдамдықпен айдады – оған ең төменгі қауіпсіздік колониясында 10 жыл береді. Мен заңның және жазаның қатаңдатылуын талап еттім, бұл басқаларға сабақ болуы керек. Оны ең болмағанда орташа қауіпсіздік колониясына жіберу керек, ол бұл 10 жылды "минималкада" емес, жалпы түрмеде отырып өтесін", – деп Р. Ш. наразылығын білдірді.
Апелляциялық сот қаулысы заңды күшіне енді. Жәбірленуші тараптың сот актісіне қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотқа шағымдануға бір жыл уақыты бар.
"Шағымнан бас тартты"Еске салсақ, қылмыстық істі қарау барысында қаза тапқан үш адамның туыстары Zeekr жүргізушісін толық кешіргендерін мәлімдеген болатын.
8 маусымда қаза тапқан 20 жастағы Т. К.-ның анасы сотқа моральдық және материалдық шығын өтемақысын алғанын растап, шағымынан бас тартты және сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Алайда өыздың әкесінің ұстанымы мүлдем басқа болып шықты, ол бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында айтқан еді.
"Сотталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған оның миллиондары керек емес, маған балам керек. Мен кешірімедім, кешірім бермеймін де. Мен оның Тараздағы ата-анасының үйінде болдым (сөз сотталушының ата-анасы туралы болып отыр – ред. еск.). Оның әкесі менен көзіне жас алып кешірім сұрады", – деген еді бұған дейін Ш.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу