Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен бесінші отырысында бір палаталы Парламент құруды айрықша атап өтті. Ашықтық, теңгерімді билік қағидаларына негізделген конституциялық реформа мемлекетіміздің саяси жаңғыру үдерісіндегі үлкен жетістіктерінің бірі ретінде бағаланып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің заң шығару жүйесін қайта реформалау туралы бастамасын былтырғы қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында алғаш жария етті. Сол кезде-ақ парламенттік реформа тақырыбына кеңірек тоқталды.
Мемлекет басшысының Парламентті қайта құрылымдап, кейінгі ұрпақтың болашағы тұрғысынан тыңнан жасақтау ісі – бұрыннан көкейде жүрген идея. Президент өткен жылғы Жолдауында елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келе жатқанын жеткізді.
«Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын», деген Президент елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Әрі мұны асығыс жүзеге асыруға болмайтынын да ескертті.
Осылайша, Президент өзі айтқандай, ашық та, жабық та өткен талқылаулардан кейін, араға алты ай салып бұл мәселе ақыры күн тәртібіне шығарылып, бүгінде реформаның нақты жоспар-сызбасы жасалынып жатыр. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана іске кіріскен Конституциялық комиссия жұмысының да басты бағдары осы мәселе болып отыр.
Қызылорда құрылтайынан кейін-ақ күн құрғатпай алдағы саяси өзгерістердің өзегіне айналған парламенттік реформа қызу талқыланған тақырыпқа айналып шыға келді. Әсіресе сарапшылардың ойы негізінен ортақ арнаға қарай ойысып жатыр. Бұлай болуы заңдылық та. Себебі азаматтардың тең құқылығын қамтамасыз ететін демократиялық құндылықтарға негізделген бұл реформа көптің көкейінде жүрген күмәнді ойларды сейілтті. Өйткені ендігі өзгеріс бойынша бір палаталы Парламент депутаттарының бәрі теңдей сайлау тәсілі арқылы мандатқа ие болады. Бұрынғыдай ендігі жерде Президент пен Қазақстан халқы Ассамблеясына тиесілі квота деген болмайды. Яғни алдағы уақытта Құрылтай деп аталатын заң шығарушы органдағы депутаттардың ешқайсысы бір-бірінен ерекшеленбейтін тең мәртебеге ие болады.
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Забирова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамасы еліміз өзінің саяси архитектурасын шынымен қайта қарастырып жатқан кезеңінің бастауы екенін атап өтті.
– Аталған реформа – еліміздің соңғы бірнеше жылда жасап келе жатқан жұмысының заңды жалғасы іспетті. Парламентті бір палаталы ету идеясы айтарлықтай жаңалық емес. Бұл тақырып елімізде жиырма жыл бойы талқыланып келеді. Ал осы мәселенің Ұлттық құрылтайдың күн тәртібінде көтерілуі көп нәрсені көрсетеді: жүйе де, қоғам да жетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты дәл осылай жұмыс істейді. Яғни шешім шынымен де жағдай пісіп-жетілген кезде ғана қабылданады, дейді А.Забирова.
Сондай-ақ ол бір палаталы Парламенттің не үшін керектігіне тоқталды. Егер заңнамалық мәселелерге назар аудармасақ, бұл реформаның қисыны өте қарапайым екенін жеткізді.
– Мемлекет шешімдерді асығыстық танытпай, бірақ айналамыздағы әлем тым тез өзгеріп жатқандықтан шұғыл қабылдауы керек. Мұндай жағдайларда екі палаталы жүйе икемді, бірақ ауыр тетік ретінде жұмыс істейді, бекіту екі деңгейден өтеді. Бұл әрбір заң жобасының үдерісі тым ұзаққа созылатынын білдіреді. Бір палаталы модель процедураларды қысқартады және қарапайым етеді. Бұл цифрлық күн тәртібі, жасанды интеллект мәселелері, басқару реформалары, аймақтық саясат үшін маңызды, – деген саясаттанушы реформаның екінші себебіне де қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, алдағы өзгеріс басқаруды айқынырақ әрі тиімдірек етеді. Қажетсіз деңгейлерді алып тастауды, институционалдық өзара әрекеттесуді жеңілдетпек.
– Заң шығарушылық жауапкершіліктің бірыңғай орталығы болған кезде ашықтық автоматты түрде артады. Парламент, Үкімет және Президент кеңсесі мұндай құрылымда өзара оңайырақ әрекет етеді, – дейді ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері.
Профессор Айгүл Забирова назардан жиі тыс қалатын тағы бір мәселені атады. Оның айтуынша, бір палаталы модель – әрқашан үнемдірек. Ол қайталанатын құрылымдарды жояды, үкімет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл реформаның негізгі себебі болмаса да, атап өтерлік маңызды негіздеме.
Жалпы, халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, бір палаталы Парламенттің тиімділігін аңғаруға болады. Бұл ретте жартылай президенттік жүйесі, күшті институционалдық негізі қалыптасқан бір палаталы парламенті бар Португалияны мысалға алсақ болады. Сондай-ақ Дания, Швеция, Эстония сынды парламенттік модельдері бір палаталы елдер жылдам шешімдер мен тұрақты институционалдық үйлестіруді қажет ететін жағдайларда жақсы жұмыс істейтінін әлдеқашан дәлелдеген. Ал дәл іргеміздегі Қырғыз Республикасы да жалғыз палатамен-ақ заң шығарушы билік тармағының жұмысын жандандырып отыр.
Қырғызстандық «Ой Ордо» сараптамалық бастамалар орталығының директоры Игорь Шестаков біздің елде қолға алынып жатқан реформалар уақыт талабын дөп басып, Орталық Азия мен бұрынғы кеңестік елдерге маңызды болатын жаңа саяси модельдерді қалыптастыруға жол ашатынын жеткізді.
– Қазақстанда билік өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы президенттік-парламенттік мемлекеттің негізі қаланып жатыр. Бұл үдеріс ең алдымен қоғамдық-саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған, – деген саясаттанушының айтуынша, еліміздегі Парламент реформасы көптен күтілген оқиға.
– Қырғызстан жылдар бойы бір палаталы Парламент жүйесімен жүрді. Бұл жүйе депутаттарды сайлаушыларға жақындата түседі. Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформалар болашақта Орталық Азияның басқа елдері үшін үлгі бола алады, – дейді ол.
Сарапшының пайымынша, Орталық Азия әлемде болып жатқан геосаяси тұрақсыздық жағдайында тұрақтылық көрсетіп отыр.
– Әрине, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қадамдары Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтады және жалпы өңірдегі үдерістерге оң әсер етеді, – дейді И.Шестаков.
Расында біздің ел қолға алған бұл саяси үдерістің үлкен тәуекел екені сөзсіз. Дегенмен уақыт талаптарына тез және кәсіби түрде жауап бере алатын парламенттік жүйеге көшу керектігіміз әлдеқашан белгілі болған. Сол себепті де он ойланып, тоқсан толғанып шешім қабылдау үшін құрылған Конституциялық комиссия үлкен миссияны қолға алды.
Соңғы жаңалықтар
Теннис • Бүгін, 08:15
Аймақтар • Бүгін, 08:10
Тарих • Бүгін, 08:05
Келешек мектептері • Бүгін, 08:00
Келешек мектептері • Бүгін, 07:55
Білім • Бүгін, 07:45
Ғасыр жасаған соғыс ардагерін құттықтады
Өшпес даңқ • Кеше
Марат Башимов: Жеке деректерді қорғау Конституцияда бекітілуі тиіс
Қоғам • Кеше
Конституцияға өзгерістер: Белгілі заңгер пікір білдірді
Қоғам • Кеше
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл: Өмір сүру құқығы мен әділ сот – Конституцияның іргетасы
Қоғам • Кеше
Азат Перуашев: Бір палаталы Парламентке көшу – саяси реформаның қисынды жалғасы
Құрылтай • Кеше
Б.Алтынбеков: Конституциялық реформа – дамудың жаңа бағытын таңдау
Қоғам • Кеше
Н.Шаталов: Конституциялық реформа шеңберінде сөз бостандығы және бейбіт жиналыстар құқығы сақталады
Ата заң • Кеше
С.Пономерев: «Таза Қазақстан» – Конституциядағы жаңа жауапкершілік өлшемі
Экология • Кеше
Гүлзира Атабаева: Зайырлы білім – жас ұрпақтың еркін дамуының кепілі
Ата заң • Кеше