Әлеуметтік көмек: оптимизацияның астарында не бар?

04.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

 Сөйтіп, мем­лекет­тің әлеуметтік көмегін алатындар қатарында шын мұқтаж­дар ғана қалады да, үнемделген қаражат білім, ғылым, денсаулық, мәдениет сияқты маңызды салаларға қайта бөліну арқылы сол көмек алып келген жандарға басқа жолмен жетпек. Алайда бұл жаңалықтың кейінгі жылдары көп айтылып жүрген бюджет тапшылығы тұсында жария­ланғаны қоғамда кереғар пікір тудырмай қоймады. Содан келіп күмәнді сұрақ туындайды: бұл бюджет қаражатын бе­кер шашпай, орнымен жұмсау мақсатындағы оңтай­ландыру ма, әлде астарында жатқан басқа мәселе бар ма?

Парламентте сөйлеген Жұ­ман­ғариннің айтуынша, бүгінде мемлекеттік бюджет шы­ғыстарының 50,2%-ы түрлі әлеу­меттік төлемге жұмсалады. Мә­селен, кейінгі алты жылда 8,17 млн адамға берілетін әлеуметтік төлемдерге кететін шығындар екі еседен астам өсіп, 2020 жылғы 3,3 трлн теңгеден 2026 жылы 6,7 трлн теңгеге жеткен. Көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер де екі есеге, 367 млрд-тан 742 млрд теңгеге дейін артқан. Балалары бар отбасыларға берілетін жәрдемақы да 427 млрд-тан 974 млрд-қа өскен. 

Тіл тиегін ағытқан министр есе­сіне, білім беруге бөлінетін қа­ражат ЖІӨ-ге шаққанда 3,8% ғана құрайтынына назар аудартты. Денсаулық сақтау саласында 1,7% болса, мәдениет, спорт, туризм, ақпарат кеңістігі бағытында 0,7%. Ал ғылым саласындағы кө­­­лемі 0,1%-ға ғана тең екен. Сон­дықтан енді Үкімет алдында осыларды оңтайландырып, жұм­салатын шығындарды қысқарту мін­деті тұр.

Оның пайымынша, бұл жерде әлеуметтік жәрдемақыларды тоқтату туралы сөз болып отырған жоқ. Әңгіме оптимизацияда ғана. Жоғарыда айтқан әлеуметтік маңыз­ды салалар қаржыға жары­май отыр. Сол себепті, негізгі тө­лемдер сақталады да А және В санатындағы азаматтар үшін қайта қаралады. Өзі қаражатты өзге гуманитарлық бағыттарға қайта бөлу­ді мемлекет саясатының жаңа парадигмасы деп бағалайды. Қа­зір қазына тапшылығы мен мем­лекеттік қарызды азайту мақ­сатында фискалдық шоғыр­лан­дыру жүргізіліп жатыр. Осы­­ған бай­ланысты бюджет кі­ріс­терін арт­тыру үшін, соның ішінде салық ре­формасы аясында бірқатар шара қабылданған. Алай­да шығыстарды да қысқарту қа­жет екен.

Көмекті қысқарту – бүгін шыққан сөз емес

Жұманғариннің бұл мә­лім­­­­демесі әлбетте, қоғам бел­сенділеріне ұнап отырған жоқ. «Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын төмендету жөніндегі қоз­­ғалыс» өкілдерінің сөзінше, қа­зіргі жағдайда Үкіметке нара­зы­л­ығыңды айт-айтпа – бәрібір, олар қалайда өз дегенін істеп, әлеуметтік шығындарды азайтуға күш салады. Өйткені бұл бүгін ға­на пайда болған әңгіме емес. Көп­тен cөз болып келген, енді нақ­ты шешім шығарып отыр. Әйел­дердің зейнеткерлікке шығу жа­сын төмендету жөніндегі талай жыл­ғы тартыс осының жарқын мы­салы іспетті.

Қозғалыс жетекшісі Майкен Бе­гарыстанованың айтуынша, осы­ған дейін Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі жанынан құрылған жұмыс тобында зейнеткерлік жасын тал­қылауға қатысты бірінші оты­рыс өтті. Сонда Сенат депу­таты Амангелді Нұғманов көп жыл бойы еңбек еткен азамат­тарды қолдауға бағытталған ұсыныс жа­саған. Айталық, 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтар үшін, әсіресе бюджет саласы қызметкерлеріне қа­тысты, зейнетке шығу уақытын икем­ді реттеу мүмкіндігін қарас­тыру ұсынылған. Бұл ұсыныс қа­раусыз қалған. Енді екініш отырыс шілденің басында қозғалыс өкіл­дерінің қатысуымен өтуі ке­­рек. Бірақ оның да күні әлі бел­гі­ленбеген. 

«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 25 жыл еңбек өтілімен зейнетке шыға алады, ал қалған азаматтар үшін бұл талап неге 40 жыл? Бұл әрі-беріден соң Конституцияда кепілдік берілген теңдік ұстанымына қайшы. Сол 25 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс минимумының 100%-ына тең. Не­ліктен дәл осы көрсеткішті не­­­гізге алмасқа? Сонда адам 25 жыл еңбек өтілімен (онысы жыл сайын индекстеліп отырады) ша­ғын зейнетақымен зейнетке шық­қысы келе ме, әлде 63 жасқа дейін жұмыссыз әрі табыссыз отыра бере ме – өзі шешеді», – дейді ол. 

Сондай-ақ зейнетке шығу жа­сына қатысты Үкімет есебінің олқылығын мынадай мысалмен көрсетеді. Адам 17-18 жа­сында мектеп бітіреді. Одан кейін бірден жоғары оқу орнына түссе, оны 21-22 жасында тә­мам­дайды. Ал егер алдымен колледж­де оқып, кейін ғана ЖОО-ға түс­се, онда оқуын 25-26 жасында аяқ­тайды. Бұған 40 жыл еңбек өті­лін қоссақ, адам 65-66 жасқа ке­леді. Бізде зейнетке шығу жа­сы – 63 десек, мұны қалай «мер­зімінен бұрын зейнетке шығу» деп атауға болады? Оның үстіне, базалық зейнетақының ең жоғары мөлшерін алу үшін 35 жыл еңбек өтілі ғана есепке алы­нады. Оған дейінгі ондаған жыл бекер болғаны ма? 

Байлар салығын арттырмай мәселе шешілмейді

Экономист Сапарбай Жобаев Үкімет жариялаған жаңалықты әдеттегідей бюджет тап­шылығын азайту бағытындағы амалсыз қадам деп қарайды. Оның пікірінше, бірінші мәселе осы бюджет дефицитінде. Кейінгі 5-6 жылда соның 50%-ын Ұлттық қордан 5-6 трлн теңге, яғни 10-12 млрд доллар алып жауып келе жат­қан едік. Осы мәселе кейінгі жыл­­дары біраз шиеленісіп кет­ті. Сондықтан 2025 жылы са­лық­­тық реформа жүргізбекші бол­дық. Сол Ұлттық қордан алы­нып жатқан ақшаның орнына са­лық­тық реформа жасап, салық тү­сімдерін көбейту мақсатын қой­дық. 

«Себебі бұл мәселені Прези­дент сонау 2019 жылғы бірінші Жол­дауында да айтқан. Біздегі оли­гархтар, үлкен компаниялар салық төлеуден көпшілігі жеңіл­діктер алуға қол жеткізген. Себебі министрлікте де, әкімдікте де өз­дері отыр. Сол үшін Президент «со­лар ақшаны төлесін, әйтпесе, Ұлт­тық қордағы ақшамыз азаяды» деген еді. Бірақ өткен жылғы са­лық реформасы соншалық күт­кен нәтиже бермеді. Себебі ҚҚС 20% болу керек еді, құрылыс олигархтары оны 16%-ға түсірді. Бай адамдардың прогрессивті са­лығын 20-25%-ға апару керек еді, оны да мандытпай, 3 млн тең­геден жоғары табатындардың са­лығын 15%-ға әрең көтерді. Ол бар болғаны 26 мың-ақ адам екен. Олай болса, ондай ре­фор­­­­­ма­ның қажеті де жоқ еді. Ақы­рын­да, салық реформасы қара­пайым шара болып қалды. Бюджет түсімін ептей алмағаннан кейін Үкіметіміз енді бюджет тап­шылығын сол әлеуметтік тө­­­лемдерді төмендету жолымен азайт­пақшы», – дейді сарапшы. 

Екінші үлкен мәселе, сол бюд­жеттің әлеумет­тік бағ­дарламаларына дүние­жү­зін­дегі тәжірибе бойынша 50-60%  кетеді. Себебі бюджеттің ең бірінші қызметі – әлеуметтік қор­ғалмаған, осал, мұқтаж жан­дар­ды қолдау болу керек. Ал бізде негізінен олигарх экономистерді қолдау болып отыр. Рас, эконо­ми­каға өте көп ақша шығарамыз. Бірақ оны бюджет емес, инвес­тор­лар, үлкен банктер беру керек. Ал сол қазынадан кеткен ақшаның 30-40%-ы олигархтардың қалта­сын­да қалады. Сондықтан әлгі айт­қан билікте отырған «бизнес­мендер» бюджеттің ақшасын бө­ліп алуға мүдделі. Олар өз мүд­де­сін халықтан жоғары қоятыны белгілі.

Сол үшін жемқорлық анық­­­­­талған бір-екі әлеуметтік бағ­дар­ламаны зорайтып көрсетіп (мә­селен, жалған мүгедектік рә­сімдеп, заңсыз көмек алып отыру), соның кесірінен үнемге көшкендерін көрсеткісі келеді. Нәтижесінде, 2025 жылы біздің бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 40% жұмсалса, 2026 жылы 38% түсірді. Біздің биліктегілердің ше­шімі осылай болғаннан кейін әлеу­меттік төлемдер тағы азаюы мүмкін. 

Жалпы, экономистің пайымынша, бюджетті оңтайландыру ұзақмерзімді мәселе. Әйтсе де біз­де салық түсімін көбейту мүм­кіндігі бар. Себебі көптеген үлкен компанияның салықты жөнді төлемей жатқаны, кейбірі АХҚО-ға тіркеуге тұрып алып, сол жер­дің жеңілдігін пайдалануы сияқ­ты жайттарды тоқтатсақ, бюджет түсімі 17 трлн емес, 23 трлн тең­геге дейін баруы мүмкін еді. 

«Осал топтарға жәрдем беру мә­селесін қайтадан жақсылап қа­рау керек. Бізде сол топтар Үкіметке жүгінудің орнына банктерге, микроқаржы ұйым­дарына барады. Ол артынан несие қайтармайтындар қатарын көбейтеді. Шынтуайтында, бұл Үкіметтің мәселесі. Бізде қа­зір халық арасындағы осал топ үлесі 10% шамасында. Бұл 20 млн халқымыздың 2 млн-ы деген сөз. Дамыған елдерде ол 2-3%, сол үшін оларда көмек бе­ріп отыру қиын шаруа емес. Сол себепті, біздегі сол 18 млн ха­­­­лықтан, әсіресе байларынан са­лықты көбірек алып, әлгі 2 млн ха­лықтың ең мұқтаж деген 500 мыңы, тіпті миллионына тікелей атаулы әлеуметтік жәрдем беріп, сатып алу қабілетін арттыруымыз керек. Мұндай жағдайда Мажарстан, Чехия, Словакия, Польша сияқты Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесін алуға болады», – дейді экономист. 

Әйтпесе, ауыл шаруашылы­ғын субсидиялау, сол арқылы баға өсімін тоқтату талпынысына құр шы­ғын ретінде қарайды. Өйткені баға сұраныс пен ұсыныстан қа­­лыптасатындықтан, мұндай әкім­шілік реттеу жағдайында өзін­дік құнынан кем шығады. Сон­дықтан бағаға бәсекелестік жо­лымен ғана ықпал ету керек. Осы мәселелерді ретке келтірсе, Қа­зақстан экономикасының да­муына үлкен мүмкіндіктер ашы­лады деген ойда.

Ербол Тұрымбет

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью