Әлеуметтік көмек: оптимизацияның астарында не бар?
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сөйтіп, мемлекеттің әлеуметтік көмегін алатындар қатарында шын мұқтаждар ғана қалады да, үнемделген қаражат білім, ғылым, денсаулық, мәдениет сияқты маңызды салаларға қайта бөліну арқылы сол көмек алып келген жандарға басқа жолмен жетпек. Алайда бұл жаңалықтың кейінгі жылдары көп айтылып жүрген бюджет тапшылығы тұсында жарияланғаны қоғамда кереғар пікір тудырмай қоймады. Содан келіп күмәнді сұрақ туындайды: бұл бюджет қаражатын бекер шашпай, орнымен жұмсау мақсатындағы оңтайландыру ма, әлде астарында жатқан басқа мәселе бар ма?
Парламентте сөйлеген Жұманғариннің айтуынша, бүгінде мемлекеттік бюджет шығыстарының 50,2%-ы түрлі әлеуметтік төлемге жұмсалады. Мәселен, кейінгі алты жылда 8,17 млн адамға берілетін әлеуметтік төлемдерге кететін шығындар екі еседен астам өсіп, 2020 жылғы 3,3 трлн теңгеден 2026 жылы 6,7 трлн теңгеге жеткен. Көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер де екі есеге, 367 млрд-тан 742 млрд теңгеге дейін артқан. Балалары бар отбасыларға берілетін жәрдемақы да 427 млрд-тан 974 млрд-қа өскен.
Тіл тиегін ағытқан министр есесіне, білім беруге бөлінетін қаражат ЖІӨ-ге шаққанда 3,8% ғана құрайтынына назар аудартты. Денсаулық сақтау саласында 1,7% болса, мәдениет, спорт, туризм, ақпарат кеңістігі бағытында 0,7%. Ал ғылым саласындағы көлемі 0,1%-ға ғана тең екен. Сондықтан енді Үкімет алдында осыларды оңтайландырып, жұмсалатын шығындарды қысқарту міндеті тұр.
Оның пайымынша, бұл жерде әлеуметтік жәрдемақыларды тоқтату туралы сөз болып отырған жоқ. Әңгіме оптимизацияда ғана. Жоғарыда айтқан әлеуметтік маңызды салалар қаржыға жарымай отыр. Сол себепті, негізгі төлемдер сақталады да А және В санатындағы азаматтар үшін қайта қаралады. Өзі қаражатты өзге гуманитарлық бағыттарға қайта бөлуді мемлекет саясатының жаңа парадигмасы деп бағалайды. Қазір қазына тапшылығы мен мемлекеттік қарызды азайту мақсатында фискалдық шоғырландыру жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты бюджет кірістерін арттыру үшін, соның ішінде салық реформасы аясында бірқатар шара қабылданған. Алайда шығыстарды да қысқарту қажет екен.
Көмекті қысқарту – бүгін шыққан сөз емес
Жұманғариннің бұл мәлімдемесі әлбетте, қоғам белсенділеріне ұнап отырған жоқ. «Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын төмендету жөніндегі қозғалыс» өкілдерінің сөзінше, қазіргі жағдайда Үкіметке наразылығыңды айт-айтпа – бәрібір, олар қалайда өз дегенін істеп, әлеуметтік шығындарды азайтуға күш салады. Өйткені бұл бүгін ғана пайда болған әңгіме емес. Көптен cөз болып келген, енді нақты шешім шығарып отыр. Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендету жөніндегі талай жылғы тартыс осының жарқын мысалы іспетті.
Қозғалыс жетекшісі Майкен Бегарыстанованың айтуынша, осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобында зейнеткерлік жасын талқылауға қатысты бірінші отырыс өтті. Сонда Сенат депутаты Амангелді Нұғманов көп жыл бойы еңбек еткен азаматтарды қолдауға бағытталған ұсыныс жасаған. Айталық, 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтар үшін, әсіресе бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты, зейнетке шығу уақытын икемді реттеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. Бұл ұсыныс қараусыз қалған. Енді екініш отырыс шілденің басында қозғалыс өкілдерінің қатысуымен өтуі керек. Бірақ оның да күні әлі белгіленбеген.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 25 жыл еңбек өтілімен зейнетке шыға алады, ал қалған азаматтар үшін бұл талап неге 40 жыл? Бұл әрі-беріден соң Конституцияда кепілдік берілген теңдік ұстанымына қайшы. Сол 25 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс минимумының 100%-ына тең. Неліктен дәл осы көрсеткішті негізге алмасқа? Сонда адам 25 жыл еңбек өтілімен (онысы жыл сайын индекстеліп отырады) шағын зейнетақымен зейнетке шыққысы келе ме, әлде 63 жасқа дейін жұмыссыз әрі табыссыз отыра бере ме – өзі шешеді», – дейді ол.
Сондай-ақ зейнетке шығу жасына қатысты Үкімет есебінің олқылығын мынадай мысалмен көрсетеді. Адам 17-18 жасында мектеп бітіреді. Одан кейін бірден жоғары оқу орнына түссе, оны 21-22 жасында тәмамдайды. Ал егер алдымен колледжде оқып, кейін ғана ЖОО-ға түссе, онда оқуын 25-26 жасында аяқтайды. Бұған 40 жыл еңбек өтілін қоссақ, адам 65-66 жасқа келеді. Бізде зейнетке шығу жасы – 63 десек, мұны қалай «мерзімінен бұрын зейнетке шығу» деп атауға болады? Оның үстіне, базалық зейнетақының ең жоғары мөлшерін алу үшін 35 жыл еңбек өтілі ғана есепке алынады. Оған дейінгі ондаған жыл бекер болғаны ма?
Байлар салығын арттырмай мәселе шешілмейді
Экономист Сапарбай Жобаев Үкімет жариялаған жаңалықты әдеттегідей бюджет тапшылығын азайту бағытындағы амалсыз қадам деп қарайды. Оның пікірінше, бірінші мәселе осы бюджет дефицитінде. Кейінгі 5-6 жылда соның 50%-ын Ұлттық қордан 5-6 трлн теңге, яғни 10-12 млрд доллар алып жауып келе жатқан едік. Осы мәселе кейінгі жылдары біраз шиеленісіп кетті. Сондықтан 2025 жылы салықтық реформа жүргізбекші болдық. Сол Ұлттық қордан алынып жатқан ақшаның орнына салықтық реформа жасап, салық түсімдерін көбейту мақсатын қойдық.
«Себебі бұл мәселені Президент сонау 2019 жылғы бірінші Жолдауында да айтқан. Біздегі олигархтар, үлкен компаниялар салық төлеуден көпшілігі жеңілдіктер алуға қол жеткізген. Себебі министрлікте де, әкімдікте де өздері отыр. Сол үшін Президент «солар ақшаны төлесін, әйтпесе, Ұлттық қордағы ақшамыз азаяды» деген еді. Бірақ өткен жылғы салық реформасы соншалық күткен нәтиже бермеді. Себебі ҚҚС 20% болу керек еді, құрылыс олигархтары оны 16%-ға түсірді. Бай адамдардың прогрессивті салығын 20-25%-ға апару керек еді, оны да мандытпай, 3 млн теңгеден жоғары табатындардың салығын 15%-ға әрең көтерді. Ол бар болғаны 26 мың-ақ адам екен. Олай болса, ондай реформаның қажеті де жоқ еді. Ақырында, салық реформасы қарапайым шара болып қалды. Бюджет түсімін ептей алмағаннан кейін Үкіметіміз енді бюджет тапшылығын сол әлеуметтік төлемдерді төмендету жолымен азайтпақшы», – дейді сарапшы.
Екінші үлкен мәселе, сол бюджеттің әлеуметтік бағдарламаларына дүниежүзіндегі тәжірибе бойынша 50-60% кетеді. Себебі бюджеттің ең бірінші қызметі – әлеуметтік қорғалмаған, осал, мұқтаж жандарды қолдау болу керек. Ал бізде негізінен олигарх экономистерді қолдау болып отыр. Рас, экономикаға өте көп ақша шығарамыз. Бірақ оны бюджет емес, инвесторлар, үлкен банктер беру керек. Ал сол қазынадан кеткен ақшаның 30-40%-ы олигархтардың қалтасында қалады. Сондықтан әлгі айтқан билікте отырған «бизнесмендер» бюджеттің ақшасын бөліп алуға мүдделі. Олар өз мүддесін халықтан жоғары қоятыны белгілі.
Сол үшін жемқорлық анықталған бір-екі әлеуметтік бағдарламаны зорайтып көрсетіп (мәселен, жалған мүгедектік рәсімдеп, заңсыз көмек алып отыру), соның кесірінен үнемге көшкендерін көрсеткісі келеді. Нәтижесінде, 2025 жылы біздің бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 40% жұмсалса, 2026 жылы 38% түсірді. Біздің биліктегілердің шешімі осылай болғаннан кейін әлеуметтік төлемдер тағы азаюы мүмкін.
Жалпы, экономистің пайымынша, бюджетті оңтайландыру ұзақмерзімді мәселе. Әйтсе де бізде салық түсімін көбейту мүмкіндігі бар. Себебі көптеген үлкен компанияның салықты жөнді төлемей жатқаны, кейбірі АХҚО-ға тіркеуге тұрып алып, сол жердің жеңілдігін пайдалануы сияқты жайттарды тоқтатсақ, бюджет түсімі 17 трлн емес, 23 трлн теңгеге дейін баруы мүмкін еді.
«Осал топтарға жәрдем беру мәселесін қайтадан жақсылап қарау керек. Бізде сол топтар Үкіметке жүгінудің орнына банктерге, микроқаржы ұйымдарына барады. Ол артынан несие қайтармайтындар қатарын көбейтеді. Шынтуайтында, бұл Үкіметтің мәселесі. Бізде қазір халық арасындағы осал топ үлесі 10% шамасында. Бұл 20 млн халқымыздың 2 млн-ы деген сөз. Дамыған елдерде ол 2-3%, сол үшін оларда көмек беріп отыру қиын шаруа емес. Сол себепті, біздегі сол 18 млн халықтан, әсіресе байларынан салықты көбірек алып, әлгі 2 млн халықтың ең мұқтаж деген 500 мыңы, тіпті миллионына тікелей атаулы әлеуметтік жәрдем беріп, сатып алу қабілетін арттыруымыз керек. Мұндай жағдайда Мажарстан, Чехия, Словакия, Польша сияқты Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесін алуға болады», – дейді экономист.
Әйтпесе, ауыл шаруашылығын субсидиялау, сол арқылы баға өсімін тоқтату талпынысына құр шығын ретінде қарайды. Өйткені баға сұраныс пен ұсыныстан қалыптасатындықтан, мұндай әкімшілік реттеу жағдайында өзіндік құнынан кем шығады. Сондықтан бағаға бәсекелестік жолымен ғана ықпал ету керек. Осы мәселелерді ретке келтірсе, Қазақстан экономикасының дамуына үлкен мүмкіндіктер ашылады деген ойда.
Ербол Тұрымбет
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:52
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 04 Шілде 2026 08:31 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















