Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Құрылысшылардың айтуынша бүгінде ғимараттың шатыры су өткізбейтін материалмен қайта жабылды. Сондай-ақ жылуұстағыш материалдармен де қапталды. Бұл жұмыс бүгінде аяқталуға таяп қалды. Ғимаратты гидро, жылуоқшаулағыш материалдармен қаптату маңызды дейді мамандар. Сол арқылы жауынды күні төбеден су сорғаламайтын болады. Ал қыс кезінде ғимарат ішінде жылу сақталады.
Мұз сарайында қалып тұрған ендігі жұмыс ол ішінің жаңғыртылуы. Біраздан бері жөндеу көрмеген ғимарат іші тоза бастаған-ды. Әсіресе айдынды мұз алаңының бетон жабындысы жарылып, сызат пайда болып, үгітіле бастаған еді. Енді құрылыстың соңғы технологиясы бойынша жаңа бетон жабындысы төселеді. Одан бөлек ғимарат инфрақұрылымына кіретін коммуналдық-инженерлік жүйелер қайта жүргізіліп, кәсіби спортшыларға да, келген қонақтарға да барынша жайлы жағдай жасалады. Құрылыс саласының мамандары ғимаратты жөндеуде заманауи құрылыс нормасының талаптарына сай жұмыс атқарады. Қызмет сапасынан бөлек қолданылатын материалдардың да сапалы болуына үлкен көңіл бөлінеді. Себебі келешекте бұл нысан халықаралық ауқымдағы қысқы спорт түрлерін өткізетін маңызды кешенге айналуға тиіс.
Өз кезегінде құрылысқа жауапты мамандардың мәлімдеуінше, Мұз сарайы, жоғарыда айтылғандай, пайдалануға берілген күннен бері бірде-бір рет жөндеу көрмепті. Нысан біраз уақыт жекенің пайдалануында болды. Ол мемлекет меншігіне қайта өткен соң жергілікті әкімдік іші-сыртын толық жаңғыртуға шешім қабылдады. Жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін Мұз сарайы қала тұрғындары мен спортшыларға заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ кешен қауіпсіз әрі мұз үстінде сырғанауды ұнататын жандарға арналған жайлы спорт нысаны болады деген үміт бар. Спорт кешенін биыл тамыз айында пайдалануға беру жос-парланып отыр.
Мұз сарайы жөнінде жалпы статистикаға назар аударсақ, оның трибунасының сыйымдылығы 2 500 көрерменді қамтиды. Ал кешеннің мұз айдынында бір мезетте 300 адам коньки тебе алады. Жоғарыда атап өткендей спорт сарайы 2017 жылы жекеменшік басқаруға өтіп кеткен. Алайда қала әкімдігі кешеннің әлеуметтік маңыздылығын ескере келе, 2024 жылы спорт ғимаратын қайта мемлекет меншігіне өткізу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп, Мұз сарайының 67 пайыздық үлесі қайтадан мемлекетке қайтарылды.
Биыл сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметі орналасатын 3 нысанды пайдалануға беру жоспарда бар. Соның ішінде Бозарық-3 шағынауданындағы өртке қарсы қызмет бекеті бұл күндері жұмысын бастап кетті. Жалпы, Шымкент қаласында кейінгі жылдары халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығына жауапты қызмет түрлерін бір мекенге жайғастыру тәжірибесі қолға алына бастады. Мұның төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге пайдасы зор екенін айтады мамандар. Оператор пультіне түскен қоңыраудан кейін жедел жәрдем де, өрт сөндіру көлігі де, полиция да бір бекеттен жолға шығып, оқиға болған жерге дереу жетеді. Мұндай әдістің оқыс жағдай кезінде құтқарушы мен төтенше қызмет өкілдеріне уақыттан ұтуына көмегі зор. Сонымен құрылыс жобасы аясында төтенше жағдай, полиция, жедел жәрдем бригадасы орналасатын кешенде қызметтік бөлмелер, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу кабинеті, асхана, оқу-жаттығу мұнарасы, спорт алаңы, гараж мен автотұрақ қарастырылған. Жоғарыда атап өткеніміздей, жаңа депо жедел қызметтердің оқиға орнына уақыт үнемдеп, жылдам баруына, сондай-ақ жалпы мегаполистің қауіпсіздік жүйесін нығайтуға зор септігін тигізіп отыр.
Айта кету керек, бүгінде Жаңаталап шағынауданында осындай заманауи әмбебап кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Мұнымен қоса Тұран шағынауданында 4 техника сыятын өрт сөндіру депосының құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталуға жақын. Аталған өрт сөндіру бекеті биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.