Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Фото: Ашық дереккөз
Бұл тетік қалай жұмыс істейді? Қандай өзгерістер енгізілді? Атаулы әлеуметтік көмек – бұл өмірлі қиын жағдайға тап болған және табысы төмен отбасылар мен азаматтарға арналған мемлекеттік қолдау шарасы. АӘК-тің басты мақсаты – көмекке шынымен мұқтаж жандарды қолдаумен қамтамасыз ету және отбасының күрделі өмірлік кезеңнен өтуіне септігін тигізу.
АӘК алуға мына санаттағы адамдар құқылы:
Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар. Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар.Тағайындаудың басты критерийі – отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспауы тиіс. АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде айқындалады.
АӘК алу құқығын анықтау кезінде мыналар ескеріледі: отбасы құрамы, отбасының барлық мүшелерінің материалдық жағдайы және заңнамада көзделген жағдайларда отбасының мүліктік жағдайы.
Процесті цифрландыру: көмекті қалай алуға болады?Бүгінгі таңда әлеуметтік көмекті рәсімдеу басы артық бюрократиядан барынша арылған. АӘК тағайындау үшін электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы өтініш беру қажет немесе жеке басты куәландыратын құжатпен тұрғылықты жеріндегі Мансап орталығына немесе әкімдікке жүгіну керек.
Деректерді өңдеу процесі автоматтандырылған:
Өтініш беру кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәліметтер алуға міндетті түрде келісім сұралады. Одан кейін көмек тағайындау үшін қажетті отбасы құрамы, материалдық жағдайы және өзге де деректер туралы мәліметтерді автоматты түрде тексеру жүзеге асырылады. Сондай-ақ учаскелік комиссия отбасының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына зерттеу жүргізеді.Тексеру қорытындысында АӘК тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданады. Қажет болған жағдайда уәкілетті органдар жекелеген мәліметтерді қосымша нақтылай алады.
Әділдік және мұқтаждықты бағалаудың жаңа ережелеріЕліміз әлеуметтік қолдау бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін ең бастысы – атаулылық. Цифрландыру аясында ведомство мемлекет қаржысының көлеңкелі табысы жоғары адамдарға кетпеуін үнемі назарда ұстайды.
Қазіргі уақытта азаматтардың мұқтаждығын анықтау тетігін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік қолдаудың шынымен мұқтаж жандарға анағұрлым әділ әрі атаулы түрде көрсетілуін қамтамасыз ету.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – тек өтініш беруші мен отбасының кәмелетке толған мүшелерінің келісімімен ғана банктік деректерді пайдалану мүмкіндігі болмақ. Бұл отбасының нақты қаржылық жағдайын объективті бағалауға және мұқтаждығы жоқ азаматтардың әлеуметтік көмек алу жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.
Министрлік тиісті өзгерістер заңнамада банктік құпия талаптарын сақтай отырып көзделетінін баса айтады. Өтініш берушінің жеке келісімінсіз банктік деректерге рұқсат берілмейді, алайда мұндай келісімді беруден бас тарту мұқтаждық мәртебесін мұқият тексеруге негіз болуы мүмкін.
Әлеуметтік қолдаудың әлеуеті оның ашықтығында жатыр. Бағалаудың жаңа құралдары қазақстандықтардың салықтары АӘК арқылы тек аяққа тұруға нақты мүмкіндік іздеген, шын мұқтаж отбасыларға ғана бағытталуына кепілдік береді.