Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы мақсатта 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ортақ зейнетақы мен барлық зейнетақы төлемдері 10%-ға индекстелді. Бұл шараға бюджеттен шамамен 4,9 трлн теңге бөлініп, 2,6 миллионға жуық зейнеткер қамтылды. Нәтижесінде, жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 105 мың теңгеге, ең жоғарысы 238 мың теңгеге жетсе, орташа көлемі 198 мың теңгені құрады.
Мемлекет балалы отбасыларды қолдау жүйесін де кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Биыл жыл басынан бастап барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 10%-ға ұлғайтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 974 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19,1%-ға артты. 1 маусымдағы мәлімет бойынша, мемлекеттік төлемдерді 1,3 миллионға жуық адам алған.
Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жас отбасыларды қолдау мақсатында 149,8 мың азаматқа бала тууына байланысты 29,6 млрд теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленді. Сонымен қатар жұмыс істемейтін 131,2 мың ата-анаға бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі үшін 21 млрд теңге бөлінді. 248,7 мың марапатталған анаға 43,9 млрд теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленсе, 636 мың көпбалалы отбасына 303,3 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде, еліміздегі көпбалалы отбасылар саны бір жылда 20,9 мыңға артты.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі де азаматтарды өмірлік қиын жағдайларда қолдаудың маңызды тетігіне айналып отыр. Биыл еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемдер 10%-ға өсті. Жалпы 896,3 мың адамға 332,7 млрд теңге төленді.
Оның ішінде еңбек ету қабілетінен айырылған 92,7 мың адамға – 25 млрд теңге, асыраушысынан айырылған 66 мың отбасыға – 19,1 млрд теңге, жұмысынан айырылған 236,5 мың азаматқа 62,6 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Сондай-ақ жүктілік пен босануына байланысты 70,1 мың әйелге 72,7 млрд теңге, бала күтіміне байланысты 431 мың алушыға 153,3 млрд теңге төленді.
Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Биыл бұл қолдау 36,4 мың отбасындағы 196,4 мың адамға тағайындалып, жалпы көлемі 17 млрд теңгені құрады. Алушылардың басым бөлігін балалар мен көпбалалы отбасылар құрайды. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектепке дейінгі жастағы 61 мың балаға қосымша ай сайынғы төлем төленді.
Мүгедектігі бар 545 мың азаматқа берілетін жәрдемақылар да 10%-ға ұлғайып, орташа мөлшері 87 мың теңгеге жетті. Мемлекеттік қолдау қаржылай төлемдермен ғана шектелмейді. Инклюзивті саясат аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген инфрақұрылым нысандарының саны 30 мыңға жуықтады. Қазір 12 өңірде жаңа оңалту орталықтары салынып, 10 қалада аутизмі бар балаларға арналған күндізгі орталықтар жұмыс істеп тұр. Ал өткен жылдан бері енгізілген міндетті лицензиялау жүйесі көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы Мерей Қадышевтың айтуынша, әлеуметтік саясат бүгінде жаппай төлемдерден нақты мұқтаж азаматтарға бағытталған атаулы әрі проактивті қолдау жүйесіне көшіп келеді.
– Әлеуметтік қорғаудың басты мақсаты – бюджет қаражатын жай ғана бөлу емес, қиын жағдайға тап болған азаматтарға нақты қолдау көрсетіп, олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау. Соның маңызды тетіктерінің бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Ол табысы төмен әрі шын мәнінде көмекке мұқтаж отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау. АӘК тағайындауда отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы, отбасы құрамы және заңнамада көзделген жағдайларда мүліктік жағдайы ескеріледі, – дейді сарапшы.
Бүгінде әлеуметтік көмекті рәсімдеу үдерісі барынша жеңілдетілген. Өтінішті eGov порталы арқылы немесе тұрғылықты жердегі Мансап орталығына не әкімдікке жеке куәлікпен барып беруге болады. Ақпараттық жүйелер қажетті мәліметтерді автоматты түрде тексереді, ал учаскелік комиссия отбасының тұрмыстық жағдайын зерделейді. Осыдан кейін әлеуметтік көмекті тағайындау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылданады.
Жыл өткен сайын әлеуметтік қолдау жүйесі жетілдіріліп, мемлекеттік көмектің тиімділігі артып келеді. Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – азаматтарға уақытша қаржылай қолдау көрсетумен шектелмей, олардың өмір сапасын жақсартып, қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға қызмет етеді.