Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Осы мақсатта 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібін өзгерту, көмекті азаматтардың нақты қажеттілігіне қарай саралау мәселесі күн тәртібіне шықты. Жаңа жүйе әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ете ала ма? Мемлекеттік қолдау кімге және қалай бағытталуы керек? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Қожахметовамен әңгімелестік.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды әлеуметтік жағдайына қарай санаттарға бөліп, қолдау шараларын саралау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Сіздің ойыңызша, халықты санаттарға бөлу тәсілінің тиімділігі қандай? Көмекке нақты мұқтаж азаматтардың жаңа жүйенің назарынан тыс қалмауы үшін тағы қандай тетіктер қажет?
– Әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту – уақыт талабы. Өйткені әлеуметтік мемлекеттің міндеті – көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету.
Президент Жолдауында әлеуметтік саясатты қайта қарау қажеттігін баса айтты. Яғни әлеуметтік көмек әділ әрі нақты бағытталуы қажет. Себебі өмірлік жағдайы әртүрлі отбасыларға бір өлшеммен қарау әрдайым әділдік болып саналмайды.
2027 жылдан бастап республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 14 түріне мұқтаждық өлшемі енгізіледі. Қалған 22 төлем бұрынғы тәртіппен тағайындала береді. Яғни барлық әлеуметтік төлем тоқтатылады немесе барлық азамат жаңа талапқа көшеді деген түсінік дұрыс емес.
Жаңа жүйе «Отбасының цифрлық картасы» арқылы жұмыс істейді. Отбасының әл-ауқаты материалдық жағдайы және әлеуметтік тұрақтылығы бойынша бағаланады. Материалдық жағдайды анықтау үшін алты бағыттағы 59 көрсеткіш қолданылады. Оған отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, мүлкі, көлігі, кәсіпкерлік қызметі, ауыл шаруашылығы және несие міндеттемелері кіреді. Ал әлеуметтік тұрақтылықты бағалағанда отбасы мүшелерінің жасы, балалар мен қарттардың болуы, мүгедектік және созылмалы ауруы бар адамдар ескеріледі.
Осы көрсеткіштердің жиынтығы бойынша отбасылар бес санатқа бөлінеді. А санаты – әл-ауқаты жоғары, В – ауқатты, С – жағдайы қанағаттанарлық, D – экономикалық тұрғыдан осал, Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдайдағы отбасылар.
Қазақстанда 6,2 млн үй шаруашылығы бар. Оның ішінде А санатына 329 мыңға жуық отбасы немесе жалпы үй шаруашылықтарының 5,4 пайызы, В санатына 1 миллионнан астам отбасы немесе 15,1 пайызы жатады. С санатын шамамен 3,3 миллион отбасы құрайды. D санатына 1,4 миллионға жуық, Е санатына 128 мыңдай отбасы жатады.
Отбасының санаты бір ғана көрсеткішпен анықталмайды. Мәселен, үйдің немесе көліктің болуы автоматты түрде ауқатты екенін білдірмейді. Бағалау кезінде отбасының нақты табысы, шығыны, әлеуметтік жүктемесі және өмір сүру жағдайы кешенді түрде қарастырылады. Уақытша тіркеуде тұрған азаматтардың табысы отбасының ортақ табысына қосылмайды. Егер тұрақты тіркеуде тұрса қосылады.
Тағы бір маңызды мәселе – мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылған балалардың әлеуметтік құқықтары қорғалған. III топтағы мүгедектігі бар адамдар мен асыраушысынан айырылған балалардың жәрдемақысы олар өз еркімен бас тартса ғана тоқтайды. Сонымен қатар 36 республикалық жәрдемақыдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен де әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оның түрлері мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі. Мысалы, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға біржолғы көмек, емделуге арналған төлемдер, өрт, су тасқыны сияқты төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, ардагерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, аз қамтылған және басқа да әлеуметтік осал санаттарға атаулы күндерге орай қаржылық төлемдер қарастыратын өңірлер бар. Кейбір жерлерде тұрғын үй-коммуналдық шығындарды өтеуге арналған қаражат та беріледі. Яғни республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылардан бөлек, жергілікті бюджеттен тағайындалатын жәрдемақылар да бар.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәсілдерін және осы бағыттағы ақпараттық жүйелердің жұмысын алдын ала мұқият тексеру қажеттігін атап өтті. Әсіресе жаңа жобаларды алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізіп, нәтижесі мен тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кеңінен енгізуді тапсырды. Осы орайда Үкімет қандай нақты қадамдарға басымдық беруі керек деп ойлайсыз? Сіз депутат ретінде бұл реформаны жетілдіруге қатысты қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Президенттің бұл тапсырмасы өте орынды. Өйткені әлеуметтік саясат – жай ғана ақпараттық жүйені іске қосу емес. Оның артында миллиондаған азаматтың тұрмысы, баланың қажеттілігі, отбасының күнделікті бюджеті тұр. Сондықтан жаңа алгоритмнің кемшіліктері отбасылардың әлеуметтік көмектен қағылуына әкелуі мүмкін.
Президент бірінші кезекте жаңа жүйені пилоттық режимде жан-жақты сынақтан өткізу қажетін айтты. Бұл жұмыс тек ірі қалаларда емес, ауылдық елді мекендерде де жүргізілуі керек. Өйткені ауылдағы отбасының табыс көзі, тұрмыстық шығыны мен мүліктік жағдайы қаладағы отбасымен бірдей емес. Пилоттық кезеңде көпбалалы, толық емес, жалғыз асыраушысы бар, мүгедектігі бар адам тұратын және табысы тұрақсыз отбасылардың жағдайы жеке зерттелуі қажет.
Екіншіден, «Отбасының цифрлық картасына» енгізілетін мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз ету керек. Жүйе мемлекеттік органдардың деректер базаларымен ықпалдастырылғанымен, бастапқы дерек қате болса, алгоритм де қате шешім қабылдайды. Мысалы, бір мекенжайда тіркелген адамдардың барлығы бір отбасы мүшесі болмауы мүмкін. Азаматтың атына тіркелген мүлік оның нақты пайдалануында болмауы да ықтимал. Сондықтан деректерді тексеру, түзету және азаматтың нақты жағдайын растау тетігі қолжетімді болуы керек.
Үшіншіден, азаматтарға өз отбасының қай санатқа жатқызылғанын және оның қандай көрсеткіштер негізінде анықталғанын түсіндіру қажет. «Жүйе солай анықтады» деген жауап жеткіліксіз. Адам өзінің табысы, мүлкі немесе басқа қандай деректері есепке алынғанын ашық көруге тиіс.
Төртіншіден, әлеуметтік санатпен келіспеген азаматтарға шағымданудың тиімді жолын қарастыру керек. Қажет болған жағдайда аудандық және қалалық деңгейде арнайы комиссиялар құрылып, оның құрамына әлеуметтік қорғау органдарының өкілдерімен қатар заңгерлер енгізілгені дұрыс.
Бесіншіден, әлеуметтік төлемді тоқтату туралы шешім қабылданар алдында азаматқа алдын ала хабар беріліп, мәліметтерді тексеруге және түсініктеме ұсынуға мүмкіндік жасалуы керек. Егер жүйе қате ақпаратқа сүйеніп шешім қабылдаса, отбасы бірнеше ай бойы қаражатсыз қалмауға тиіс. Қате анықталған жағдайда төлемді қалпына келтіру тәртібі де жедел әрі түсінікті болуы қажет.
Депутат ретінде мен Үкіметке бірнеше нақты ұсыныс айтар едім. Біріншісі – жаңа әдістеменің барлық өлшемдері мен есептеу тәртібін қоғамға ашық жариялау. Әр азамат өзінің отбасы қандай негізде белгілі бір санатқа жатқызылғанын түсіне алуы керек. Екіншісі – әлеуметтік осал топтарға қатысты ерекше кепілдіктерді заңнамалық деңгейде нақтылау. Мүгедектігі бар азаматтардың, асыраушысынан айырылған балалардың, көпбалалы және жалғыз асыраушысы бар отбасылардың мүддесі бірінші кезекте қорғалуға тиіс.
Үшіншісі – пилоттық жобаның қорытындысын тәуелсіз бағалау. Қанша отбасы тексерілді, қаншасы басқа санатқа ауысты, қанша адамның төлемі тоқтатылды, қанша шағым түсті және олардың қаншасы қанағаттандырылды – осы деректер қоғамға ашық ұсынылуы керек. Төртіншісі – азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде тек ресми табыс пен мүлікке емес, нақты тұрмыстық шығындарға, асырауындағы адамдар санына және отбасының ерекше жағдайларына назар аудару. Бесіншісі – әлеуметтік көмекті жұмыспен қамту шараларымен байланыстыру. Бірақ бұл ретте азаматты жұмысқа орналастыру мүмкіндігі нақты болуы керек. Ауылда немесе шағын елді мекенде жұмыс орны болмаса, жәрдемақы мерзімін қысқарту адамның жұмысқа орналасуына көмектеспейді. Сондықтан әр өңірдің еңбек нарығына сай оқыту, қайта даярлау, кәсіптік бағдар беру және тұрақты жұмыс орындарын құру қатар жүруі қажет.
Президенттің Жолдаудағы тапсырмасының негізгі мәні де осында деп ойлаймын, алдымен жүйенің тиімділігін дәлелдеу, содан кейін ғана оны кең көлемде енгізу керек. Әлеуметтік салада асығыс шешім қабылдауға болмайды. Өйткені реформаның нәтижесі мұқтаж азаматтардың құқығы қаншалықты қорғалғанымен өлшенеді.
– Сіздіңше, әлеуметтік көмектен еңбекке ынталандыруға көшу үшін жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау, кәсіптік дағдыларын дамыту, шағын кәсіпкерлікті қолдау шаралары қаншалықты маңызды? Мемлекет азаматтың әлеуметтік көмек алушы емес, экономиканың белсенді мүшесіне айналуына қалай ықпал ете алады?
– Әлеуметтік мемлекеттің шынайы көрсеткіші – қанша адам жәрдемақы алып отырғаны емес, қанша отбасының кедейліктен шыққаны, қанша азаматтың тұрақты жұмысы мен лайықты табысы бар екені, балалардың сапалы білім мен медициналық көмекке қаншалықты қол жеткізгені.
Жалақы өскенімен, азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет пен тұрғын үй бағасы одан жылдам өссе, оның тұрмыс сапасы жақсармайды. Сондықтан табыстың өсуі бағаның өсуінен жоғары болуы керек.
Президент Жолдауында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтерілсін деді. Бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық азаматқа әсер етеді. Оның ішінде 370 мыңнан астам бюджет саласының қызметкері бар. Бұл – маңызды қадам. Бірақ жалақыны көтерумен қатар, оның сатып алу қабілетін сақтау қажет. Ол үшін инфляцияны төмендету, ішкі өндірісті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар күшеюге тиіс.
Әлеуметтік қолдау жәрдемақы түрінде емес, өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беруі керек. Ол үшін сұранысқа ие мамандықтарға оқыту, қайта даярлау, шағын кәсіп ашуға қолдау көрсету және тұрақты жұмыс орындарын құру маңызды. Әсіресе ауылдық жерлерге басымдық беру қажет. Ауылдағы азаматқа тек жәрдемақы емес, өнім өндіруге, оны өңдеуге және нарыққа шығаруға мүмкіндік керек. Ол үшін өнімді сақтайтын және өңдейтін кәсіпорындар ашу қажет. Әлеуметтік көмектің нәтижесін алушылар санының азаюымен ғана бағалауға болмайды. Сол көмекті алған отбасылардың қаншасы тұрақты жұмысқа орналасты, қаншасы өз кәсібін ашты, қаншасы кедейлік деңгейінен шықты – негізгі өлшем осы болуы керек.
Баспана – отбасының тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан тұрғын үй саясаты азаматтың атында пәтердің бар-жоғын анықтаумен шектелмеуі керек. Оның көлемі, отбасы мүшелерінің саны, тұрғын үйдің жағдайы және нақты қажеттілік ескерілуі қажет. Мысалы, көпбалалы отбасының атына шағын пәтер тіркелгенімен, ол барлық баланың қалыпты өмір сүруіне жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол сияқты баспанасы бар, бірақ ипотекалық міндеттемесі ауыр отбасының да қаржылық жағдайы күрделі болуы ықтимал. Халықтың әл-ауқаты тек бүгінгі табыспен өлшенбейді. Оның болашағы – дені сау, сапалы білім алған ұрпақтың қалыптасуында.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ