Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сарапшылардың айтуынша, гаджеттерді шектен тыс пайдалану баланың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Бұл, әсіресе, мазасыздықтың артуына, ұйқының бұзылуына және өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, телефон мен планшетті ұзақ уақыт қолдану баланың сөйлеуін тежейді.
— Қазір біз диагнозы бар балаларды есепке алмай отырмыз. Әңгіме кеш сөйлей бастаған, яғни дамуы әлі толық қалыптаспаған балалар туралы болып отыр. Шамамен бір жасқа келгенде бала кемінде екі–үш сөзден тұратын қарапайым сөйлемдерді айтуы керек. Бұл — стандарт. Бірақ қазіргі кезде бұл норма үш жасқа дейін созылып кетті. Мен әр баланың сөйлеуінде кешігуі бар деп айтып отырған жоқпын, бірақ он баланың ішінде үш–төртеуі кеш сөйлейді, — деді нейропсихолог Ксения Костенко.
Маман балалардың өзінде «бірдеңе дұрыс емес» деп айтуға болмайтынын да қосты. Өйткені өзгерістер олардың өсіп келе жатқан ортасында жүреді. Баланың миы сыртқы ақпаратты қабылдайды және алған сигналдарға сүйене отырып әрекет етеді.
— Бұрын балалар бірге топ болып ойнап, сөйлесіп және белсенді қозғалыс көп болатын. Сол себепті олардың сөйлеуі жылдам дамитын. Қазіргі таңда, үш жасқа дейінгі кезеңде балаларға көңіл бөлу маңызды. Бұл кейін басқа танымдық процестерді дамытуға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді сарапшы.
Ксения Костенконың айтуынша, егер бала тек смартфон қарап отыруға үйренсе, оған ақпаратты өз бетімен іздеудің немесе сұрақ қоюдың қажеті болмайды. Себебі жауаптар тез және күш жұмсамай-ақ келеді.
Фото: Видеодан скрин— Екі баланы салыстырып қарауға болады. Бірі ата-анасымен сөйлесіп, ойнап, өзара байланыс арқылы дамып келеді. Екіншісі тек жылдам әрі көзге тартымды контентті көріп өсіп келе жатқан бала. Бұл жерде екі баланың даму ерекшелігі бірден байқалады. Телефонмен дос болған балақай әрдайым оңай жолды таңдайды. Сондықтан гаджеттерге тұрақты қол жетімділігі бар және телевизоры фондық режимде қосылып тұрған балалар сұраққа нашар жауап береді, айтқанды орындамайды. Нәтижесінде олардың сөйлеуі кешеуілдейді, — деп атап өтті нейропсихолог.
Ал Азамат Жаманшыновтың айтуынша, ЮНИСЕФ Kazakhstan Kids Online атты балалардың интернеттегі мінез-құлқына зерттеу жүргізді. Бұл зерттеу халықаралық әдістемеге негізделген. Әрі елдегі жағдай туралы жалпы түсінік алуға мүмкіндік берді. Зерттеу қорытындысы балалар интернетті ерте жастан пайдаланатынын көрсетті. Шамамен 46%-ы 5–8 жасында интернетке кіре бастайды, ал жас ұлғайған сайын олардың қатысу деңгейі арта береді.
Фото: Видеодан скрин— Біз зерттеуден алаңдаушылық тудыратын белгілерді де байқаймыз. Мысалы, кибербуллинг деңгейі 21%-ға жетеді. Балалар интернетте таныс емес адамдармен байланысқа шығып, хабарламалар алады. Бұл деректер жарияланған, біз олармен бөлісеміз және олар болашақтағы жұмыс бағыттарын жоспарлауға көмектеседі, — деді ол.
Азамат Жаманшыновтың айтуынша, кәмелетке толмағандар көбіне өздеріне сенім артқан ересектердің құрбаны болып жатады. Олар әлеуметтік желілерде байланыс орнатып, фото- және видео материалдарды алады. Кейін оны заңсыз мақсатта пайдалану үшін қолданады.
Ол осы жағдайларда ересектердің басты міндеті — қауіпсіз сандық ортаны құру екенін атап өтті. Бұл тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар балалардың интернетті қауіпсіз пайдалануына, ақпарат алуға, қарым-қатынас жасауға және өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беретін жағдайларды қалыптастыруды да қамтиды.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қарашада Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасы мен екі бірдей ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желілерде тіркелуге жас шектеуін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.