Azh.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Махамбет ауданындағы Алға ауылының тұрғындары әлеуметтік нысандардың жағдайына шағымданды.
Олардың айтуынша, ауылдағы балабақша ескіріп тозған, мәдениет үйі апатты деп танылған, ал бастауыш сынып ғимараты жабылғаннан кейін мектеп шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп отыр.
Алға ауылында шамамен 2 400 адам тұрады. Ол аудан орталығынан 32 шақырым қашықтықта орналасқан. Соңғы жылдары ауылда бірде-бір жаңа әлеуметтік нысан салынбаған. Тек 2025 жылы жаңа әкімдік ғимараты пайдалануға берілген. Ал мектеп, балабақша және мәдениет үйі ондаған жыл бұрын салынған ескі ғимараттарда қызметін жалғастыруда.
Жобалар бар, құрылыс жоқ
«АЖ» тілшісімен кездесуге отыз шақты жергілікті тұрғын келді. Олар осыған дейін түрлі жиындарда бұрын да осы проблемалар көтерңілгенімен орындалмағанын айтады.
Ауыл белсендісі Ғабиден Смағұлдың айтуынша, мектеп, балабақша, мәдениет үйлерін жаңарту, замануи үлгідегі типтік дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қажет.
- Қазіргі ұсынып отырғаны модулды спорт кешенін салмақшы, оған біз қарсымыз, себебі ол тар. Аудан, облыстың намысын қорғап жүрген кіші аяқ доп, валейболдан құрылған командалардың еркін дайындалуына мүмкіндік бермейді. Егер модулды спорт кешені салынады да, сосын бізге қосымша кешен салынбайды. Сол себептен қарсымыз. Бүгінде спортшыларымыз 45 шақырым жердегі Атырауға қатынап дайындалады, - дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, шамамен 150 бала балабақшаға бара алмай отыр. Ата-аналар оларды 20 шақырым қашықтықтағы Бесікты ауылына апаруға мәжбүр. Бастауыш мектеп ғимараты апатты деп танылғаннан кейін барлық оқушылар бір мектеп ғимаратына көшірілген. Мәдениет үйі де жартылай жабық, ал үйірмелер іс жүзінде жұмыс істемейді.
Алға ауылы тұрғындары Жайық өзеніндегі жағалауды бекіту жұмыстарын да атап өтті.
- Қазір Жайық жағасының жарлары құлап жатыр, үйлерге 100 метрдей қалған болар. Халық атынан сұрайтынмыз осы жұмысты тезірек аяқтаса,-дейді тұрғын Оңалбай Балқасынов.
Әрі кеткен мектеп
2025 жылдың 8 қыркүйегінде бастауыш мектеп ғимаратының төбесі құлап, апатты жағдайда деп танылды. Осыдан кейін дайындық және бастауыш сынып оқушылары негізгі мектеп ғимаратына көшірілді.
Мектеп директоры Нұргүл Жұмағалиева ахуалға түсінік берді:
- 320 орындық мектеп 1976 жылы салынған. Бүгінде бұл мектепте 560 оқушы екі аусыммен оқуда. Бастауыш сыныптарға арналған мектеп болған еді, онда оқушылар өткен жылға дейін оқып келді. 2025 жылдың 8 қыркүйегінде мектеп апатты деп танылып, мектеп алды даярлық, бастауыш сынып оқушылары осы оқу жылында бір мектепке көшірілді. Кабинет жетіспеушілігі жоқ дей алмаймыыз, топқа бөлінгенде болмаса оқушыларға барлық жағдай жасалған, ешқандай шағымымыз жоқ.
Тұрғындардың айтуынша, спорт залы барлық оқушыға жеткіліксіз, ал акт залы сабақ өткізу үшін пайдаланылып отыр. Журналист мектептің ішкі бөлмелерін көруге тырысқанымен, мектеп басшылығы түсірілім жасауға рұқсат бермеді.
Тозығы жеткен балабақша
90 орындық «Қарлығаш» бөбекжай балабақшасының да өз проблемасы жетеді. 1983 салынғанымен апатты күйге жетіп тұр. 2012 жылы 11 млн теңге қаржы бөлініп, ғимараттың сыртына қаптау жүрген. Одан кейін күрделі жөндеуге қаржы бөлінбегендіктен инфрақұрылымдар ескіріп тозған.
- Ресми апатты деп танылмағанымен балабақшаның қазіргі жай-күйі қиын жағдайда. Кезінде ғимараттың жері дұрыс таңдалынбаған, көлдің орны болған дейді. Іргетасы сөгіле бастағандықтан едені де төмен түсіп кетіп тұр, төселген линолеум ығысып кеткен. Қабырғалар тегіс болмағандықтан ештеңе де іле алмаймыз. Екі топқа өз күштерімізбен, яғни жұмысшылармен цемент құйдық, сонымен тұр. Он жылдан бері жаңа балабақша салынады дейді, әлі жоқ,-дейді балабақша меңгерушісі Әлия Нұрғалиева.
Мәдениет үйі апатты деп танылды
Мәдениет үйі 1957 жылы салынған. Күрделі жөндеу жүргенімен саман тастан салынған бөлігі адам шошырлық күйге жетіпті. Мәдениет үйінің қабырғасы мен төбесі ырсиып, тіреумен тірелген, әбден тозығы жеткендіктен сыртқы бөлігі құлап жатыр. Ғимараттың бір бөлігі қауіпті болғандықтан жауып тастауға тура келген. Ақтөбе қаласының сарапшылары 2025 жылдың қаңтарында мәдениет үйін апатты деп таныған екен.
- Өткен жылы жаңа мәдениет үйін салу үшін сметалық құжаты жасалды, енді қаржысын қараймыз деп жатқанда үш жылға мәдениет үйінің құрылысын жүргізбеуге мароторий жаряланып кетті. Енді қалай шешілетінін білмеймін, үш жылда ғимарат түгел құлайды,-дейді мәдениет үйінің басшысы Ілес Боранбаев.
Кітапхана да бұрынғы совхоздың ескі ғимаратының бөлмесіне орналасқан, қазіргі таңда ауылдағы мәдени іс-шаралар сол жерде ұйымдастырылып жүр.
«Жоба дайын, бірақ қаржы жоқ»
Алға округінің әкімі Расул Төлегенұлы балабақшаның апатты күйге жетіп тұрғанын жасырмады, мәдениет үйінің құрылысы сараптамадан өткенімен мароторийге байланысты тұрып қалғанын, апатты ғимаратқа орналасқан мәдениет қызметкерлерін басқа орынға уақытша көшіруге орын таба алмай отырғанын жасырмады.
- Мен 2020 жылдан бері әкіммін. Менен бұрын болған әкімдер ешқандай ұсыныс бермеген. Мен әкім болғалы осы жұмыстарды қолға алғаныммен жобалық смета, сараптама, қаржы бөлу бәрі уақыт алып тұр, — деді ол.
Алға ауылының тұрғындары әлеуметтік құрылыс салуға осы жылдың 19 қаңтарында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың атына хат жолдаған болатын. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов ауылдан 280 орындық балабақша салу үшін мемлекеттің оң сараптама алғанын, ал мәдениет үйін салуға мемлекеттік оң сараптама алынғанымен ҚР Үкіметінің қаулысымен мароторий жариялануына байланысты құрылыс жұмысына қаржы бөлінбегенін, тез тұрғызылатын спорт кешенін сатып алуға жұмыстанып жатқанын айтып жауап берген.
Ауылда жаңа әлеуметтік нысандар пайда бола ма және бұл нақты қашан жүзеге асады — әзірге жауапсыз қалып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видео автордікі
Кеше, 23:48