Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Алматы облысының Іле ауданында «Чемпиондық рух» атты ауқымды спорттық-профилактикалық шара өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оған 300-ден астам жас қатысып, спорт пен құқық мәдениетін қатар дамытудың үлгісін көрсетті.
Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидасын ілгерілету, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және есірткісіз қоғам құру мақсатында ұйымдастырылды. Жиын Алматы облысы Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқықбұзушылықтарының профилактикасы бойынша Республикалық кеңестің бастамасымен және «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ Алматы облыстық филиалының қатысуымен өткізілді.
Ашық аспан астындағы жаттығуға әлемдік аренада еліміздің намысын қорғаған саңлақ спортшылар қатысты. Олардың қатарында джиу-джитсудан қос дүркін әлем чемпионы Сейілхан Болатбек, әлем чемпионатының жүлдегері Райхан Абдуллаева, жеңіл атлетикадан 17 дүркін ел чемпионы Ислам Амангос, спорт ардагері Айсара Керімбекова бар. Жалпы, жаттығуды халықаралық UAE SWAT Challenge – 2026 жеңімпазы, Жедел әрекет ету арнайы жасағының офицері Қымбат Ахметова жүргізіп, қатысушыларға темірдей тәртіп пен бірлік үлгісін көрсетті.
Шараның спикері, Алматы облыстық мәслихатының депутаты және ҚР ІІМ жанындағы Республикалық кеңес мүшесі Нұрсұлтан Орынбасаров жастарға арналған сөзінде спорттық ереже мен мемлекеттік заңның байланысын ерекше атап өтті:
«Спортта биік белестерді бағындыру үшін ең алдымен сол спорт түрінің қатаң ережесіне бағынып, тәртіп сақтау қажет. Заң мен тәртіп – бұл тек қоғамдық норма емес, нағыз чемпиондардың басты қағидасы. Ереже бұзылған жерде жеңіс те болмайды. Тәртіпті азамат қана – рухы мықты, нағыз жеңімпаз тұлға».
Қатысушылар да өз әсерімен бөлісті. Ботагөз Қанатқызы, қатысушы:
«Чемпиондармен бірге жаттығу өте шабыттандырды. Спорт арқылы тәртіп пен заңды құрметтеуді үйрену ерекше әсер қалдырды. Енді мен өзімнің достарыммен де тәртіп пен құқық мәдениетін насихаттағым келеді».
Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының мамандары, соның ішінде полиция полковнигі Алтын Темірғалиева бастаған өкілдер жастарға есірткі мен құқықбұзушылықтың зардабы туралы маңызды ақпараттар берді.
Бұл ауқымды шара Іле ауданы жастарының бойында жат қылықтарға қарсы берік иммунитет қалыптастырып, оларды «Әділетті Қазақстанның» саналы азаматы ретінде тәрбиелеуге бағытталған нақты қадам болды. Нұрғиса Тілендиев атындағы мәдениет үйінің алдында жиналған 300 жас – тәртіпті және есірткісіз қоғамға деген нық сенімнің көрінісі.
Шара спорттық тәртіп, заң мәдениеті және жастарды әлеуметтендіруді үйлестірген жаңа форматтағы іс-қимыл ретінде ерекше есте қалды. Бұл – Қазақстандағы «Заң мен тәртіп» қағидаларын насихаттау бойынша жүйелі жұмыстың жарқын үлгісі.