Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Алматы тұрғыны Әділ Бейсембинов жиырма жылдан аса уақыт бойы коллекциялық автокөліктердің шағын нұсқаларын жинап келеді.
Кеңес дәуірінің автокөліктері, жүк машиналары мен спорткарлар – қызықты коллекциядан әлемдік автомобиль өндірісінің бүкіл тарихын көруге болады.
Әділ Бейсембиновтың қонақ бөлмесіндегі серванттың барлық сөресі кішкентай машиналарға толы. Әрбір сөре белгілі бір кезең мен автокөлік түріне арналған. Кеңестік классикадан бастап қазіргі заманғы шетелдік көліктерге дейін бар. Бұл коллекция «Запорожец» көлігінің шағын көшірмесінен басталған. Дәл осындай автокөлік Әділдің атасында болған. Оны еске алу үшін сатып алынған бұл ойыншық қызықты хоббидің бастауына айналды.
Әділ Бейсембинов, коллекционер:
- Мұнда BMW компаниясының бір ерекшелігі бар. BMW маркасын шығару үшін лицензия алатын өндірушілерге олар міндетті түрде капоты ашылатын модель жасауды талап еткен. Сол себепті қазір сатып алатын әрбір BMW үлгісінің капоты ашылады және ішінен қозғалтқышы көрінеді. Бұл өте қызықты ерекшелік. Коллекционерлер BMW модельдерін қатты жақсы көреді, өйткені кейбір машиналар жабық болады, ал мұнда нақты капоты ашылып, бәрі анық көрініп тұрады.
Әділ автокөліктер туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. Ол әрбір модельді ұсақ-түйегіне дейін - шығарылған жылынан бастап ең майда конструкциялық ерекшеліктеріне дейін біледі. Жұбайы да оның әуестігін қолдайды. Айтпақшы, Әділдің коллекциясына қызығатын тағы бір адам бар, ол жеті жасар көршісі - Ерасыл. Ол сәті түссе Әділдің үйіне келіп, машиналарды қызықтаудан шаршамайды.
Ерасыл Шабден, Әділдің көршісі:
- Әділ аға маған бір машинаны сыйлыққа берген. Мен өскенде Әділ аға сияқты көп коллекция машиналар жинағым келеді. Маған қатты ұнайтыны жүк көліктері Mercedes және BMW, Lamborghini және Toyota, Субару ұнайтын және дәу джиптер.
Әр айдың екінші сенбісінде Әділ өзі сияқты коллекционерлердің жиынына қатысады. Онда жасы мен мамандығы әртүрлі, бірақ техниканы жақсы көретін адамдар жиналады. Коллекционер Артур Федуриннің қолында бір кездері әскери мақсатта шығарылған УАЗ-469 көлігінің шағын көшірмесі бар. Ал мынау - 1920-жылдары шығарылған алғашқы АМО-Ф-15 жүк көлігінің моделі. Бұл үлгілерді қазір жабылып қалған Алматыдағы «Қызыл-Ту» зауыты жасаған.
Артур Федурин, автокөліктердің масштабты модельдерін коллекциялаушы:
- Коллекция жинау - бұл, білесіз бе, адамға бір серпіліс, жанға тыныштық сыйлайтын іс. Кейде күнделікті күйбең тіршіліктен, айналаңдағы түрлі мәселелерден алыстап, көңілді басқа жаққа бұрғың келеді. Осындай сәттерде бұл шағын миниатюралар назарды басқаға аударып, демалуға, ойды анағұрлым жағымды арнаға бағыттауға мүмкіндік береді.
Коллекционерлердің талғамы әртүрлі: кеңестік «Волгалар» мен «буханка» аталып кеткен УАЗ көліктерінен бастап, шетелдік көліктерге, тіпті әскери техникаға дейін жинайды. Кейбіреулері коллекциясын толықтырып қана қоймай, модельдерді өз қолымен құрастырады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев