Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сарапшылар қайғылы оқиға кезінде айыпталушының «аффект» жағдайында болғаны туралы қорытынды шығарған. Алайда қаза тапқан әйелдің туыстары бұл шешіммен мүлдем келіспейді.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Күдікті бұрын Алматы облыстық полиция департаментінде қызмет атқарған.
Қазір сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы («Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру») бойынша айып тағылып отыр. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеевтің айтуынша, марқұмның отбасы айыпталушының қылмыс кезінде есі ауысқаны немесе аффект жағдайында болғаны туралы сараптама нәтижесімен келіспейді.
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform— Біз бұл шешіммен келіспейміз. Сараптама екі рет жүргізілді. Қазір сарапшыларды көптеген сұраққа жауап алу үшін сотқа шақырып жатырмыз. Жауап алу қорытындысы бойынша қайта сараптама тағайындау туралы өтініш білдіруіміз мүмкін. Бәрі олардың беретін түсініктемесіне байланысты. Күмәнді тұстар өте көп. Полиция қызметкері қалайша аффект жағдайына түсуі мүмкін? Ол органда 15 жыл қызмет еткен, капитан шенінде болған, күн сайын сан түрлі тексерістен өткен адам. Ол әдейі симуляция жасаған болуы мүмкін, — деді Мейірман Шекеев.
Адвокаттың сөзінше, тергеу жұмыстары объективті жүргізілген, тек аффект жағдайы туралы қорытындыға жәбірленуші тараптың үлкен күмәні бар.
Сондай-ақ Мейірман Шекеев аффект жағдайы расталса, іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 101-бабына («Аффект жағдайында адам өлтіру») ауыстырылуы мүмкін екенін ескертті. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза — 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Тергеу изоляторында отырған уақытын есепке алғанда, сотталушы бостандыққа әлдеқайда ерте шығып кетуі мүмкін.
— Сот шешімі тек сарапшылардың қорытындысына ғана сүйенбейді. Сот барлық дәлелдеме жиынтығын бағалап, ішкі сеніміне сүйене отырып шешім қабылдайды, — деп толықтырды ол.
Марқұмның отбасы әділ үкім болады деп үміттенеді. Қаза тапқан әйелдің сіңлісі Разия Шыныбек те «аффект» нұсқасына қарсы шығып, сотталушыға қатаң жаза тағайындауды талап етті.
Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар азаматтық некеде тұрған және үш бала тәрбиелеп отырған. Қазір балалар 16, 14 және 4 жаста. Қайғылы оқиғадан кейін балалар Разияның қамқорлығында қалған. Ол балалардың психологиялық жағдайы әлі де өте ауыр екенін жасырмады.
— Қылмыс болған сәтте мен ол жерде болған жоқпын. Келгенімде үйге кіргізбеді, сондықтан нақты не болғанын айта алмаймын. Бірақ үйде болған төрт жасар бала: «Әкем анамды пышақтап тастады», «Әкем — зомби», «Әкем жаман» деп айтудан тыйылмады. Ол үнемі ағасынан: «Көке, сен де мен сияқты анамды сағынасың ба?» деп сұрайды. Мұны есту өте ауыр, — деді Разия.
Сонымен қатар Разия қайғылы оқиғадан сәл бұрын әпкесінің азаматтық күйеуімен ажырасуға ниетті болғанын жеткізді. Оған ер адамның ішімдікке салынуы себеп болған көрінеді.
— Ол күйеуінің көп ішетінін, бірнеше күндеп үй көрмей кететінін айтып шағымданатын. Ажырасуды ойлап, бір айдай бөлек тұрды. Кейін ол қайта келген, бірақ әпкем оны қабылдай алмады. Оқиғаның нақты қандай жағдайда болғанын білмеймін, — деді ол.
Еске салайық, Астанада бұрынғы әйелін бірнеше жыл қудалаған сталкер жауапқа тартылды.