Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Мәселенің бұлай ушығуына аталған көлік түрінің қатысуымен жиі тіркелген жол апаттары себеп. Осыған дейін рөлі оң жақта орналасқан көліктерді қолданыстан алып тастау туралы ұсыныстар жиі айтылғанына қарамастан, ескертуді елемейтіндер көп.
Қазақстанда 12 мыңнан астам Toyota Alphard көлігі бар
Ішкі істер министрінің дерегінше, 2025 жылдың қазан айына дейінгі аралықта Қазақстанда 12 мыңнан астам Toyota Alphard көлігі бар екені анықталған. Оның 9 554-нің рөлі сол жақта, 2 447-сінде оң жақта орналасқан. Министрліктің мәлімдеуінше, 2007 жылдан бері қолданылып келе жатқан оң жақты көлік құралдарын бастапқы тіркеуге тыйым салса да, мұндай санаттағы көліктер 2023 жылғы бірреттік заңдастыру шеңберінде тіркелген.
Осыған байланысты таяуда экс-депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында оң жақ рөлді көліктерді коммерциялық та, қалааралық тасымалдауға да қолдануға толық тыйым салу қажет екенін жеткізген еді. Оның пікірінше, агрегаторлар мұндай санаттағы көліктерді бақылауды қамтамасыз ете алмай отыр.
Көлікті тексеретін арнайы зертхана жоқ
Алайда белгілі автосарапшы Олжас Оқас Toyota Alphard көлігін қолданыстан толық шектеу мәселенің шешімі бола алмайтынын, тиімдісі тәртіпті бақылау екенін айтады. Ол үшін ең әуелі жүргізушілерге арналған қатаң талаптар негізге алынуға тиіс екен.
– Тәуелсіз демократиялық мемлекетте ешкімнің құқығын шектеуге болмайды. Ең бастысы, тәртіп сақтау жеткілікті. Меніңше, жолаушы тасымалдаумен нәпақа табатын адамда арнайы лицензия болуы қажет. Әрине, оның көлігі де кәсібіне толық сай болуы шарт, – деді ол.
Toyota Alphard автокөлігінің техникалық және конструкциялық ерекшеліктерін ескерсек, оны қалалық жолаушылар тасымалында пайдалану қауіпті деген пікір қаншалықты негізді? Бұл мәселеге келгенде сарапшы елімізде қауіпсіздік тұрғысынан Toyota Alphard-тың ішкі қаңқасын бақылаудан өткізетін арнайы зертхана жоқ екенін түйреп өтті.
– Toyota Alphard-тың көбі зауыттан шыққанда оң рөлді болып, Қазақстанда жол-жөнекей сол рөлді көлікке айналған, яғни машинаның конструкциясына өзгертулер енгізілді. Мұндай өзгертуді қандай маман жасады? Тежегіш пен қауіпсіздік жүйесі аман қалды ма? Airbag орнында ма? Белгісіз. Өйткені мұны тексеретін зертхана жоқ. Осындай «франкенштейн» көлікке қорықпай мініп, алаңсыз мыңдаған шақырым жүретін біздің жолаушылар батыр ғой, – деді О.Оқас.
Автосарапшы Alphard секілді ірі габаритті минивэндердің жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырауы көліктің техникалық сипаттамаларымен қоса жүргізушінің жүргізу мәдениетіне тікелей байланысты фактор екенін негізге алды.
– Рөлді ауыстырмай, көлік конструкциясын өзгертпеген жүргізушінің Alphard-ы қауіпті дер едім. Мына картинаны елестетіңіз. Оң жоқ қапталда отырған жүргізуші «КамАЗ»-ды озып өту үшін сол жақтағы жолаушыдан «қарсы жолда кедергі бар ма?» деп сұрайды. «Альфардистер» уақытпен жарысып, қатты жүретінін бәрі біледі. Ол аздай, бір-бірінен көргенін қайталап, жарық шамына Bi-LED линза орнатады. Қарсы беттегі, алдында кетіп бара жатқан көліктерге рентгендей сәуле түсіріп тыныштық қашырады, – деді автосарапшы О. Оқас.
Alphard көлігін «қауіпті» деп санау – негізсіз
Ал «За рулем» журналының бас редакторы, автосарапшы Алексей Алексеев Toyota Alphard көлігін «қауіпті» деп санау негізсіз екенін айтады. Оның пікірінше, әлемдік нарықта кеңінен танылған жапон көлігі қауіпсіздік тұрғысынан дәлелденген. Бұл көлік барлық жерде жолаушы тасымалдау үшін қолданылады және әу баста-ақ сол мақсатта өндірілген. Сарапшы елімізде Alphard-тың қатысуымен болған жол апатының басым бөлігі жүргізушінің жіберген қателігінен туындайтынын алға тартты.
– Toyota Alphard – кәсіби жолаушылар тасымалына арналған көлік. Ол ыңғайлы, сенімді және жанармай шығыны да орташа. Сол себепті жүргізушілер дәл осы көлік түрін жиі таңдайды. Alphard-тың қатысуымен болған жол апаттарына басты себепші фактор – жүргізушілердің әрекеті деп ойлаймын. Олар көбіне қарсы жолаққа шығу кезінде қателеседі, жылдамдықты немесе қашықтықты дұрыс есептемейді. Мысалы, жүргізуші бір қаладан екінші қалаға жетіп, жолаушыларды түсіреді де, келесілерін мінгізеді. Себебі аз уақыттың ішінде көбірек табыс табуға ұмтылады. Жолаушыларын діттеген жеріне жеткізген соң бірден кері қайтуға ұмтылады, сол себепті олар үнемі көлікті асығып айдайды. Жылдам жетіп, жаңа жолаушыларды алу, қайта оралу – «альфардистердің» жарысы. Жол апатының 90-95 пайызы жүргізушілердің осындай осал әрекетінің салдарынан болады, ал 5-10 пайыз жағдайда ғана апаттың себебі техникалық ақауларға байланысты, – деді ол.
Трекинг жүйесі: жүргізушінің режимін бақылауда ұстау қажет
Тағы бір ескеретін маңызды фактор – жүргізушінің тәуліктен артық жұмыс істеуі. Бұл апат қаупін екі есе арттырады. Сарапшы бұл мәселені трекинг жүйелері арқылы шешуді ұсынды. Сондай-ақ жүргізушіден арнайы категория талап ету де тиімді шешім болмақ.
– Жүк көліктерінде трекинг жүйелері орнатылған. Жүргізуші 8 сағаттан артық жүрсе, жүйе оның әрі қарай жүруіне мүмкіндік бермейді немесе жүргізуші айыппұл төлейді. Сол сияқты Alphard-тарда да жүргізушінің режимін бақылауда ұстау қажет. Әсіресе, ұзақ сапарларда көлікте екі жүргізуші болуы тиіс. Қазір елімізде мұндай бақылау жоқ. Жеке тасымалдаушылардың тәжірибесі маңызды, бірақ ең бастысы – тәртіп. Жалпы, 5-тен көп жолаушы тасымалдайтын жүргізушілерге С санатты кәсіби жүргізуші категориясын енгізу керек, – деді А. Алексеев.
Сөз соңында сарапшы Alphard-ты қолданыстан толық шектеу туралы пікірді қолдамайтынын ашып айтты. Себебі аталған көлікті нарықтан алып тастау тасымалдау құнына әсер етеді, ең негізгісі, жүргізушілер сол баяғы зулаған жылдамдығын сақтап қала береді. Сондықтан түйткілдің түйінін тарқату үшін тәртіп пен бақылау тетіктерін назарға алу маңыздырақ.
– Меніңше, Alphard көлігін шектеу туралы бастаманы көтерген азаматтар рөлі оң жақта орналасқан көліктерді меңзеп отырған болар. Расында, мұндай көлік түрін пайдалану қауіпті. Қарама-қарсы жолға шығу кезінде жүргізуші көліктің сол жақ шетін шығаруы керек, ал оң жақта отырған жүргізуші көліктің бүкіл корпусын шығарып, қарсы келе жатқан жүргізушіні көруге мәжбүр. Ал рөлі сол жақта орналасқан көлік бұл жағдайда әлдеқайда қауіпсіз. Қазір Қазақстанда оң жақ рөлді көліктерді пайдалануға тыйым салынған.
InDrive: Минивэн санатындағы автокөліктерге жеке талаптар жоқ
Alphard арқылы жолаушы тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерді inDrive қосымшасынан жиі кездестіруге болады. Қызығушылығын табысқа айналдырған жүргізушілер дәл осы платформаның көмегімен жолаушысын толтырып, екі қаланың арасында нәпақасын тауып жүр. Бүгінде бұл қосымша Қазақстан нарығында кең қолданысқа ие. Сондықтан мемлекеттік орган өкілдерінің агрегаторлардан жауапкершілік пен қауіпсіздік мәселесін талап етуі орынды. Жақында біз тақырыбымызға арқау болған түйткілге қатысты inDrive компаниясына бірқатар сауалымызды жолдадық. Аталған компанияның қалааралық қызметінің басшысы Борис Хван бізге берген жауабында платформада жолаушылар тапсырысына рөлі сол жақта орналасқан Toyota Alphard модельдерінің жүргізушілері ғана қол жеткізе алатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, inDrive компаниясы Ішкі істер министрлігінің мақұлдауымен рөлі оң жақта орналасқан автокөлік жүргізушілері үшін жолаушылар тасымалына тыйым салған. Дегенмен мұндай көлік түрімен қалааралық және қала ішіндегі курьерлік жеткізу бойынша тапсырыстар орындауға рұқсат берілген.
– inDrive компаниясы қауіпсіздік мәселесіне басымдық береді. Біз заңмен, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігінің ұсыныстары бойынша тыйым салынған автокөлік модельдерін жолаушылар тасымалына рұқсат беруді шектеу жөніндегі жауапкершілігімізді түсінеміз. Қол қойылған қауіпсіздік меморандумының аясында 2025 жылдың ішінде барлық рөлі оң жақта орналасқан көліктер мен рөлі оң жақтан сол жақ ауыстырылған көліктер толық шектелді. Сонымен қатар біз пайдаланушылардан осындай бұзушылықтарға қатысты барлық шағым бойынша тексеріс жүргіземіз. Бұған қоса, автокөліктердің фотобақылау жиілігін қатайту және арттыру бойынша жұмыс істеп келеміз, – деді компания өкілі.
Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, әлемде Toyota Alphard-ты қолдануға қатысты шектеулер жоқ. Алайда көптеген мемлекеттің ішкі нарығында рөлі оң жақта орналасқан көліктерді тіркеуге немесе пайдалануға тыйым салынған. Кейбір дамыған елдерде жолаушы тасымалдауға арналған көліктерге қатысты рейтингте Alphard жоғары көрсеткішке ие. Мәселен, ол 2024 жылы Жапонияда JNCAP стандарттарына сәйкес қауіпсіздік сынағында 92 балмен бағаланған. Бұл JNCAP қауіпсіздік шкаласы бойынша ең жоғары бес жұлдыздың төрт жұлдызына тең.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы