Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Сурет: e-history.kz
«Орта держава» немесе «аймақтық держава» термині 2010 жылдары алғаш рет Орталық Азия елдері туралы ағылшын тіліндегі басылымдарда қолданыла бастағанымен, бұл ұғымның шығу тарихы сонау XVI ғасырдан бастау алады да, «қырғи қабақ соғыс» кезінде ерекше өзектілікке ие болды. «Орта держава» немесе «аймақтық держава» ретінде танылудың өзіндік талаптары бар. Бұл ретте экономикалық тұрақтылық, дипломатиялық белсенділік және әртүрлі интеграциялық форматтарға қатысу көрсеткіштері басшылыққа алынды.
Германияның «Stiftung Wissenschaft und Politik» (SWP) зерттеу орталығы «Орта державалар – халықаралық саясаттағы маңызды қатысушылар» атты мақалалардың кешенді жинағын жариялап, онда «орта державаларға» жаһандық саяси және экономикалық аренада маңызды рөл атқаратын мемлекеттерді жатқызып, Түркия, Израиль, Үндістан сияқты елдерді қамтитын орта державалар тізіміне алғаш рет Қазақстанды да енгізді.
SWP сарапшыларының пікірінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында салиқалы сыртқы саясатымен ерекшеленеді, бұл оны аймақтағы негізгі ойыншыға айналдырады.
Сарапшылар Қазақстанның халықаралық саясатта лайықты орын табуға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қамдана бастағанын мойындайды. Мысалы, мемлекетіміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (OSCE) және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті, Сирия қақтығысында («Астана процесі») арағайындық жасады. 2018 жылдың өзінде-ақ Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанды ықпалды аймақтық держава ретінде танитынын атап өтті.
Бұдан өзге, аймақтық «The Times of Central Asia» басылымы Орталық Азия елдеріне салыстырмалы талдау жасап, олардың қайсысын 2025 жылы «орта державалар» санатына жатқызуға болатынын зерттеді. Зерттеу қорытындысы бойынша осы елдердің экономикалық күшіне, дипломатиялық ықпалына, стратегиялық әлеуетіне және басқару сапасына сараптама жасай келе, Қазақстанның аймақтағы жалғыз «орта держава» екенін анықтады.
2025 жылғы сараптамада елдердегі жан басына шаққандағы ІЖӨ және номиналды ІЖӨ, экспортты әртараптандыру, несиелік рейтинг және табыс немесе мемлекеттік қарыздың төмендігі сияқты нақты көрсеткіштер негізінде Қазақстан 2025 жылы аймақтағы «орта держава» ретінде танылған жалғыз ел болды.
Кез келген мемлекетің дамуы, ондағы қайта құрулардың табысты жүруі, халықты біріктіру үшін ұлттық-мемлекеттік идеологиялар қолданатындығы белгілі. Кеңестік жүйенің құлауы мен Орталық Азия республикаларының тәуелсіздігінен кейін ұлттық және мемлекеттік идеология мәселесі осы мемлекеттерде аса өзекті және тіпті өткір сипат алды.
Идеология – әлеуметтік құрылымның ажырамас бөлігі және мемлекеттің қалыптасуындағы қажетті элемент. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ешбір мемлекет өзінің идеологиялық бағытынан бас тартқан емес. Өйткені мемлекетке әрқашан идеяға, идеалға, тұжырымдамаға берілген адамдар қажет.
Бүгінгі жаһандану жағдайында Қазақстан әлемдік саяси, мәдени және экономикалық интеграция үдерістерінен тыс қала алмайтыны анық. Бұл үдерістер қазақ ұлтының ыдырауына емес, оның ортақ мәдениеті мен идеясы бар біртұтас организм ретінде әлемдік қоғамдастыққа кірігуіне ықпал етуі керек.
Белгілі бір ұлттық-мемлекеттік идеяның биік деңгейге көтерілуі және қоғамның талаптарын қанағаттандыруы үшін ол екі негізгі талапқа сай болғаны дұрыс.
Біріншіден, ең алдымен, ол осы елде тұратын халықтың мақсаты мен мүддесіне толық сәйкес келгені жөн. Әйгілі француз философы Монтескье айтқандай, «заңдар қалыптасқан үкіметтің табиғаты мен қағидаттарына; елдің физикалық қасиеттеріне және оның климатына, топырақтың қасиеттеріне, оның халқының өмір салтына, халықтың дініне, әдет-ғұрыптарына, т.б. сәйкес келуі керек».
Екіншіден, идеологияның мемлекеттік сипатқа ие болуы үшін қажетті тағы бір қасиет – ол осы мемлекеттің тарихымен байланысты болуы және осы қоғамда ұзақ уақыт бойы әдеттегі, жетекші идеологиялық деңгейде қалуы керек. Тек өзін-өзі ақтайтын сенім, халқымыздың мемлекеттік дәстүрлерімен тығыз байланысты, ұлттық-мемлекеттік идеология міндетін орындай алады.
Осы қағидаттарды түсінген көрші, туыс мемлекеттер – Өзбекстан мен Қырғызстан өздерінің ұлттық-мемлекеттік идеологиясының іргетасы ретінде Бахауаддин Нақшбанди, Манас мұраларын, Қырғыз мемлекеттілігінің, Әмір Темір империясының тарихын таңдады.
Қазақ елі де Жошы ұлысының тарихи мұраларын зерттеуге кірісіп, бұл саяси құрылымның мәдени, тарихи, рухани мұраларын темірқазық етіп алуға кірісті.
2026 жылдың 19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қолдауымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.
Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.
Бұл іс-шара және осы тақырыпта өтіп жатқан ғылыми жиындардың барлығы, еліміздің ұлттық-мемлекеттік идеологиясы ретінде Жошы ұлысы мен сол кезеңге дейін және содан бері жалғасын тауып келе жатқан тарихи үдерістердің сабақтастығына мемлекеттің айрықша ден қойып отырғандығын көрсетеді.
Біле білсек, мемлекет тарапынан жүйелі түрде насихатталып келе жатқан тарихи кезеңнің маңыздылығы ерекше. Өйткені бұған дейін ұзақ жыл бойы жүргізіліп келген идеологиялық бағдарлар «жылтырақ», жасанды, тарихи тамырсыз болып келсе, ендігі кезеңде нақты тарихи дәлелді, ұлттық сипаттағы, еліміздің аймақтық держава дәрежесіне лайықты, халық пен билікті біріктіретін, рухты көтеретін жаңа, шынайы идеологиялық темірқазық белгіленді.
Ендігі кезекте, Алтын Орда десе Еуразия құрлығында салтанат құрған, өнеге алып, мақтануға лайықты, Ғұн, Түркі қағанаттарының, Шыңғыс хан империясының заңды жалғасы, ұлттық мәдениет пен мемлекеттік дәстүрдің алтын бесігі – Алтын Орда феномені еске түсіп, кеудемізді ұлттық мақтаныш сезімі кернеуге тиіс.
Еліміз бен халқымыздың болашағына бейжай қарай алмайтын әрбір азамат осы темірқазықты бағдар етіп, ұлттық-мемлекеттік идеологияның рухани және материалдық негізінің нығаюына қызмет ету керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде: «Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатыр. Мұның еліміз үшін аса маңызды және өте жауапты қадам екені сөзсіз. Сондықтан біз алдымызда тұрған міндетті де жақсы түсінеміз: сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды, мемлекет те өркендемейді. Бұл – ақиқат. Соның ішінде тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті. Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз» деген болатын.
Бүгінде «Аймақтық державаға» айналып отырған Қазақстанның осы мәртебені сақтап қана қоймай, тек аймақта ғана емес, әлемдік қоғамдастықтағы беделі мен абыройы өсе түсу үшін тарихи танымды ұлт пен мемлекеттің мақтанышы, темірқазығына айналдырудың маңызы аса зор.
Жомарт ЖЕҢІС,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы