Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бұл күні ел-жұрт бір-біріне «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!», «Амалға аман жетуіңізбен!» деп ақжарма тілегін айтады. Амал мерекесінің мән-маңызы жыл өткен сайын артып келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Күні кеше Ұлттық музейде Наурызнама онкүндігі шеңберінде «Амал мерекесі – ізгілік пен бірліктің белгісі» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Дүние жаңаратын күн
Тағылымға толы іс-шара Көрісу күні – Амал мерекесінің тарихи және мәдени маңызын кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен қоғамдағы ізгілік пен бірлік идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Біз білетін Көрісу күнінің тарихы туралы халық арасында әртүрлі болжам мен пікірлер бар. Ерте заманда қатынайтын негізгі көлік құралы ат пен арба болғандықтан, қыстың ұзақ әрі қатал кезінде, кейде үш айдан алты айға дейін екі жақтағы жұрт бір-бірімен байланыса алмаған. Көктем келіп, қар еріп, күн жылынғанда, ана ауыл мен мына ауылдың адамдары қайта қауышып, бір-бірімен көрісетін болған. Бұл кезең көбіне наурыз айының ортасына тұспа-тұс келіп, осылайша, Амал мерекесі, яғни Көрісу күні қалыптасты деген болжам айтылады. Танымдық іс-шарада осындай игі мерекенің маңызы айтылып, дәстүрлі рәсімдер таныстырылды. Қонақтар қазақ халқының бата беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту, қол алысып көрісу секілді ұлттық салт-дәстүрлердің сахналық көрінісіне куә болды.
Мерейлі жиынға Ұлттық музей қызметкерлері, музей қонақтары мен өнерпаздар қатысты. Атап айтсақ, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі мен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының қызметкерлері, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ Достық үйі өкілдері арнайы қатысып, ҰҚК Шекара қызметінің ансамблі, Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Наз» мемлекеттік би театрының әншілері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері өнер көрсетіп, мерекелік іс-шараның сәнін келтірді. Жиын басында Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Амал мерекесін татулық пен бауырмалдықты дәріптейтін ерекше күн деп атап, қонақтарды Наурыз мейрамының алғашқы күнімен құттықтады.
– Сіздерді қазақтың дәстүрлі жыл қайыруы бойынша жаңа жылдың басталуымен құттықтаймын. Халқымыздың есебі бойынша бүгін – наурыз мерекесінің алғашқы күні. Бүгін қазақтың дәстүрлі жыл санауы бойынша жаңа жылдың бастауы саналатын Наурыз айының алғашқы күні. Бұл күн халқымыздың көне дәстүріндегі Амал мерекесімен де тұспа-тұс келеді. Наурыз – табиғаттың жаңарып, күн мен түн теңелетін шағы, халқымыздың рухани жаңғырып, ұлттық құндылықтарын қайта дәріптейтін ерекше кезең. Бұл күндері адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасып, өкпе-ренішін ұмытып, ағайын-туыс, көрші-қолаңның арасын жақындата түседі. Көрісу амалы – қыстан аман шыққан елдің бір-біріне деген құрметін білдіріп, татулық пен ынтымақты нығайтатын игі дәстүр. Ол адамдардың өзара сыйластығын арттырудан бөлек, табиғатқа, қоршаған ортаға деген жылы қарым-қатынасты да қалыптастырады. Наурыз – ұлтты ұйыстыратын, елді бірлікке шақыратын, өткен мен бүгінді жалғайтын мереке. Сондықтан бұл мейрам әр шаңыраққа шаттық, береке мен молшылық әкеліп, халқымыздың бірлігі мен болашағының жарқын болуына қызмет етсін. Наурыз құтты болсын! – деп лебізін білдірді Ұлттық музей директоры Б.Әбдіғалиұлы.
Амал мерекесі – татулықты, бауырмалдықты және өзара құрметті нығайтатын ежелгі дәстүрлердің бірі. Десе де, бұл ғұрыптың нақты қай кезеңде пайда болғаны туралы ғылыми тұрғыдан жүйеленген тұжырым әлі толық қалыптаспаған. Сондай-ақ оның алғаш қай өңірде кеңінен таралып, қай уақыттан бастап дәстүрлі түрде атап өтіле бастағаны жөнінде де нақты деректер аз кездеседі. Соған қарамастан бұл күн ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық бірегейлікті сақтауға қызмет ететін маңызды рухани құндылық ретінде ерекшеленеді. Ата-бабадан қалған асыл мұраны қадірлейміз десек, ежелден келе жатқан мерекені ел ішінде кеңінен насихаттауымыз керек. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушысы Анипа Ибраева да осындай пікірде.
– Біраз уақыт ұмыт қалып, халық жадынан алыстай бастаған бұл мереке бүгінде қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен дәріптеле бастады. Қыстың қытымыр суығынан аман шыққан халық бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болып төс қағыстырып көріскен. Бұл дәстүр «көрісу» деп аталады. Адамдар бір-бірін құшақтап көрісіп, жылы лебізін білдіріп, татулық пен бауырмалдықтың үлгісін көрсетеді. Береке мен бірлікті ту еткен халқымыздың бұл тамаша дәстүрі әр шаңыраққа қуаныш, әр жүрекке жылулық сыйлайды. Көрісу күні – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тағылымды салты, ұлттық бірегейлігіміздің жарқын көрінісі, – дейді ақжаулықты Анипа әжей.
Көрісу – ғасырлардан жеткен мереке
Көрісу дәстүрі, әсіресе Батыс Қазақстан өңірінде үздіксіз сақталып, кеңінен тойланып келгені белгілі. Кеңес үкіметі тұсында көптеген ұлттық дәстүріміз сияқты бұл мереке де біраз уақыт назардан тыс қалып, ұмыт бола бастағанымен, Батыс өңірінде оның жұрнағы сақталып қалды.
Шын мәнінде, Амал мерекесі тек Батыс Қазақстанға ғана тән дәстүр емес. Ескі жазбалар мен әдеби мұраларға назар аударсақ, бұл дәстүр қазақ даласының көптеген өңірінде болғанын көруге болады. Мәселен, қазақтың ұлы ойшылдары Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларында елдің қыстан аман шығып, бір-бірімен көрісіп жататыны туралы деректер кездеседі. Бұл кезде адамдар бір-бірінен «Ел аман ба, жұрт тыныш па, мал-жан аман ба?» деп сұрасып, қымызмұрындық жасап, қауышып жататын болған. Ұлттық музейдің «Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Серікқазыұлы бұл игі дәстүр 80-жылдардың соңына қарай қайта жаңғыра бастағанын негізге алып, мерекенің мазмұнына ерекше тоқталды. Тарихшының айтуынша, бүгінде ұлттық құндылығымыз жаңаша сипатта жалғасын тауып келеді.
– Бұл дәстүр ерте кезде бүкіл қазақ даласында кең құлаш сермеп атап өтілген. Оны Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің шығармаларынан көре аламыз. Амал мерекесі шамамен 70 жыл бойы тойланбай, халық жадынан біртіндеп алыстай бастады. Тек 80-жылдардың аяғына қарай қайта жанданды. Нақтырақ, Маңғыстау өңірінде Отпантауда ұлыстың ұлы күні көктемнің алғашқы мерекесі ретінде бастау алды. Қазір Амал мерекесі ел арасында қайта жанданып, кеңінен насихатталып келеді. Әсіресе, Батыс Қазақстан өңірінде, оның ішінде Ақтөбе, Ақтау және Маңғыстау аймақтарында бұл дәстүр ерекше аталып өтеді. Ал Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлерінде бұл мерекенің насихатталуында әзірге баяулық байқалады. Бұл жағдай табиғи ерекшеліктермен де байланысты. Себебі кей өңірлерде қыс ұзаққа созылып, көктем кешірек келетіндіктен, мерекені атап өту дәстүрінде белгілі бір айырмашылықтар кездеседі, – дейді С. Серікқызұлы.
Тарихшы Сырым Хасеновтің айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жазбаларында қазақ арасында сегіз күнге созылатын «Наурызнама» дәстүрі болғанын атап өтеді. Ескі күнтізбе бойынша бұл сегіз күндік Наурызнама шамамен 14-22 наурыз аралығына сәйкес келеді екен. Сондай-ақ кемеңгер ақын Абайдың інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Ахаттың жазбаларында да бұл туралы деректер кездеседі. Оның айтуынша, бұрынғы есеп бойынша 14 наурыз ескіше 1 наурыз деп қабылданып, көктемнің басталғанын білдіретін күн ретінде саналған. Оның жазбасында: «14 наурыз – ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март – қазақша Жаңа жыл Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн дегенді білдіреді» делінген. Этнографтар Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген мысалды дәлел ретінде келтіріп жүр. Бұл деректер қазақ халқының дәстүрлі жыл қайыру жүйесінде көктемнің басталуы мен жаңа жылдың келуі ерекше мәнге ие болғанын көрсетеді.
– Көрісу күнін 1 наурыздан басталып екі апта бойы жалғасса, 14 наурызда Көрісу күнімен ұштасып, одан әрі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына ұласар еді, – деді Сырым Хасенов.
1989 жылдан бастап, идеологиялық тұрғыдан көптеген кедергіге қарамастан, Наурыз мерекесін қайта тойлау туралы бастама көтеріліп, арнайы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде көп жыл бойы ұмыт қалған Наурыз мейрамы қайта жаңғырып, халықтық мереке ретінде тойлана бастады. Бұл іске қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін терең зерттеген этнографтардың бірі Өзбекәлі Жәнібеков ерекше атсалысты. Тарихшы түйін сөзіне осы мысалды дәйек етті.
– Өзбекәлі Жәнібеков Наурыздың түп-төркіні мен оның астарында жатқан дәстүрлерді жақсы түсінді. Соның ішінде Көрісу немесе Амал мерекесінің де мәні зор екенін білді. Алайда сол кездегі саяси-идеологиялық жағдайға байланысты бұл дәстүрді толық дәріптеуге уақыт қажет болды. Себебі ол кезде еліміз әлі тәуелсіздігін жарияламаған еді. Сондықтан бұл үрдіс біраз уақытқа кешеуілдеп, тек кейінгі жылдары ғана кеңінен жандана бастады, – деді ол.
Сонымен, 14 наурыз – адамдардың бір-бірімен төс қағысып көрісетін күні ғана емес. Бұл күн – достық пен татулықты, ауызбіршілік пен бауырмалдықты нығайтатын ерекше күн. Ұлыстың ұлы күні осындай ізгі дәстүрден басталуы халқымыздың бірлігі мен бауырмалдығын айшықтай түседі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ