Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Кейінгі кезде елімізде осындай ерекше үрдіс басталды: биылғы маусым айында семейлік әнші Қайрат Қабышев бес жарым сағат бойы тоқтамай 100 ән шырқап, Азия мен Африка елдерінің әлемдік рекордтар кітабы — GBR-ға (GlOBAL BEST of REKORDS) тіркелген еді. Одан кейін жақында, 22 шілде күні Тараз қаласында әнші, термеші Бақыт Шағырбаев 6 сағат ішінде 114 ән, терме орындап, рекордты жаңартты. Ал енді оралдық танымал әншілер Қатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімов бұдан да асып түспек: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, алдағы жылы 75 жасқа шығатын ақын әрі әнші Қатимолла Бердіғалиев үздіксіз 120 ән айтуға тәуекел етсе, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов бірден 132 әнді үзбей шырқауға ниеттеніп отыр.
Орал қаласында қыркүйек айының соңына қарай өтеді деп жоспарланған айтулы іс-шараның бас төрешісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіптің айтуынша, сахнада бірнеше сағат тік тұрып ән шырқау – өте қиын, үлкен ерлікке пара-пар әрекет. «Ондай тәуекелдің үдесінен шыға алған рекордшы қандай да марапат пен мадаққа лайық. Одан бұрын мұның қауіп-қатер тәуекелі де бар. Осыдан 101 жыл бұрын Ташкент қаласында 100 ән айтуды межелеп, бәйгеге басын тіккен Құрманбек Жандарбеков 68-әнге келгенде қан түкірген екен», дейді ғалым.
Дегенмен, оралдық әншілер қазір қызу дайындықты бастап та кеткен. Көздеген межеден шыға алатынына өнерпаздардың өздері де, әріптестері де сенімді. Бұл биыл ғана «академиялық» деген атаққа ие болған өнер ұжымының мерейлі мерекесіне лайықты тарту болмақ. Филармония директоры Бауыржан Халиолла айтулы іс-шараға дайындық қызу жүріп жатқанын айтады. Тіпті халықаралық «GlOBAL BEST of REKORDS» ұйымы да сахналық рекордты тіркеуге әзір екенін айтып хат жолдаған.
Батыс Қазақстан облысы