Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Академияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, бағдарлама аясында Түркі Академиясы Бірінші Түркология құрылтайының тарихи мазмұнын бейнелейтін архивтік фотосуреттер көрмесін ұсынып, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобалар мен зерттеулер нәтижесінде дайындалған ғылыми басылымдарымен таныстырды.
Фото: Түркі академиясыБасқосуға Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Муса Казым Арыджан, Ахмед Яссауи университеті өкілеттік кеңесі төрағасы Мухиттин Шимшек, сондай-ақ Түркияның жетекші ғалымдары, зерттеушілері және академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Фото: Түркі академиясыІс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев 1926 жылғы Бірінші Түркология құрылтайының түркі әлемінің ортақ ғылыми және мәдени кеңістігін қалыптастырудағы бетбұрыс кезең болғанын атап өтті.
Фото: Түркі академиясы— Халықаралық Түркі Академиясы үшін осы мұраны сақтау және одан әрі дамыту, ғылыми ынтымақтастықты нығайту және болашақ зерттеушілер үшін ортақ академиялық кеңістік қалыптастыру басты міндеттердің бірі саналады, — деді Академия басшысы.
Панельдік отырыс барысында Бірінші Түркология құрылтайының тарихи маңызы, оның түркологиялық зерттеулердің дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ түркі әлеміндегі қазіргі ғылыми ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Осы тұрғыда Түркі Академиясының түркі әлеміндегі ортақ ғылыми кеңістікті дамытудағы маңызды рөлі атап өтілді. 2023 жылы Академияның үйлестіруімен ортақ түркі әліпбиі бойынша сараптамалық комиссия құрылып, 2024 жылдың қыркүйек айында өткен комиссияның үшінші отырысында Ортақ түркі әліпбиі қабылданған болатын.
Фото: Түркі академиясыОртақ түркі әліпбиін практикалық тұрғыда қолданудың алғашқы қадамы ретінде Түркі Академиясы Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» және Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесінің тәжірибелік басылымдарын жариялады. Бұл жаңа әліпби негізінде жарық көрген алғашқы еңбектер саналады.
Бірінші Түркология құрылтайында ортақ әліпбиден бөлек, ортақ ғылыми терминологияны қалыптастыру, соның ішінде салалық терминологиялық сөздіктерді әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылған болатын. Бір ғасыр өте бұл бағыт Түркі Академиясының қызметінде жалғасын тауып келеді.
Атап айтқанда, «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктерін» әзірлеу жобасы аясында экономика, әскери іс, экология, лингвистика және медицина салалары бойынша сөздіктер жарық көрсе, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, сондай-ақ халықаралық қатынастар мен дипломатия салалары бойынша жаңа басылымдар дайындалып жатыр.
Фото: Түркі академиясыАталған бастамалар Бірінші Түркология құрылтайы аясында көтерілген тарихи идеялардың жалғасы ретінде қарастырылып, бауырлас елдер арасындағы ғылыми диалогтың сабақтастығын бейнелейді.
Анкарада өтіп жатқан Түркі Академиясының іс-шаралар сериясы үш күн бойы жалғасын тауып, түрлі жоғары оқу орындары алаңында халықаралық сарапшылардың қатысуымен ғылыми талқылаулар өтеді.
Осыдан бұрын Астанада Түркі академиясының 15 жылдығы атап өтілгенін жаздық.