Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындарды аралау барысында өндіріс туралы қалыптасқан үйреншікті түсінік бір сәтте өзгерді. Әдетте зауыт десе көз алдыңа металл дыбысы мен техника елестейді. Ал бұл кәсіпорынның есігін ашқан бетте айналаны мың сан хош иіс кернеп, ерекше атмосфера қарсы алды. Мұнда жаңа парфюм түрлері әзірленіп, заманауи қаптамалар жасалып жатыр.
Қазақстанда парфюмерия өндірісі туралы жиі айтыла бермейді. Соған қарамастан, елордадағы «Arоmat» кәсіпорны кейінгі жылдары осы саладағы отандық брендтердің біріне айналып үлгергендей. Кәсіпорын 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда жүзден астам адам еңбек етеді. Өздеріне тиесілі 300-ден астам аромат түрі бар.
Өндірістік цех басшысы Айдын Қайыржановтың айтуынша, компания өнімдері ішкі нарықпен қатар шетелге де шығарылады.
– Қазір кәсіпорын әйелдерге, ер-азаматтарға әрі әмбебап пайдалануға арналған 300-ден астам хош иіс шығарады. Өнімдеріміз еліміздің барлық өңіріне тарайды. Бұған қоса Ресейге, Беларуське, Қырғыз елі мен Кувейтке де экспорттаймыз. Өткен жылдың өзінде 5 миллионға жуық флаконға аромат құйылды, – дейді ол.
Цехтағы жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Арнайы компоненттер белгілі бір формула бойынша араластырылып, кейін құтыларға құйылады, қапталып, таңбаланады. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, әр ароматтың артында ұзақ ізденіс пен терең зерттеу жатыр.
Компанияның Францияның Грасс қаласында жеке зертханасы жұмыс істейді. Әлемдік парфюмерияның орталығы саналатын осы шаһарда отандық брендтің жаңа өнімдері әзірленеді.
– Біздің Францияның Грасс қаласында жеке зертханамыз бар. Соның нәтижесінде «Бәйтерек», «Астана», «Алматы», «Ұлытау» мен «Қараалтын» топтамалары дүниеге келді. «Астана» ароматын әлемге танымал француз парфюмері Квентин Биш әзірлеп берді, – дейді Айдын Қайыржанов.
Кәсіпорын ұлттық нақыштағы ароматтарға ерекше көңіл бөледі. Мұндағы мақсат – отандық табиғат пен өңірлердің ерекшелігін хош иіс арқылы жеткізу.
Компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Альбина Трушкинаның айтуынша, қазіргі тұтынушы тек жағымды иіс емес, белгілі бір әсер іздейді.
– Біз «Astana», «Almaty», «Ulytau», «Qara Altyn» секілді топтамалар арқылы Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін аромат тілімен жеткізуге тырыстық. Әр өнімнің артында белгілі бір идея жатыр, – дейді ол.
Мәселен, «Алматы» топтамасында әйгілі апорт алмасының иісі негізге алынса, «Ұлытау» қазақ даласының кеңдігін бейнелеуге бағытталған. Парфюмерия өндірісінде технологиямен қатар тұтынушы талғамын дәл анықтау да маңызды. Сондықтан компания мамандары әр елдің сұранысын тұрақты зерттеп отырады.
– Әр нарықтың ерекшелігі әртүрлі. Қазақстандағы тұтынушының талғамы Ресей немесе Таяу Шығыс елдерінен өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан жаңа өнім әзірлегенде мәдени ерекшеліктер мен тұтынушылар сұранысын мұқият ескереміз, – дейді Альбина Трушкина.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – кадр мәселесіне жауапкершілікпен қарауы. Осы бағыттағы жұмыстың бір көрінісі ретінде сапар барысында «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы, Сервис және туризм колледжі және «Arоmat» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжаттың мақсаты – дуалды оқыту жүйесін дамыту, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасау мен еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау.
Колледж директоры Салтанат Басығараеваның айтуынша, мұндай әріптестік жастардың кәсіби даярлығын күшейтіп қана қоймай, олардың жұмыспен қамтылуына да жол ашады. Бүгінде өндіріс орындарына теориялық біліммен қатар тәжірибелік машығы қалыптасқан мамандар қажет. Сондықтан білім ұйымдары мен кәсіпорындардың байланысы барған сайын маңызды бола түсті.
Индустриялық парктен шығып бара жатқанда ойға бір нәрсе оралды. Қазақстан өндірісі туралы сөз болғанда біз көбіне металл мен бетонды көз алдымызға елестетеміз. Алайда кейде өндірістің табысы көзге көрінбейтін дүниемен де өлшенеді. Бүгінде Сарыарқаның самалындай салқын хош иіс елордадан асып, әлемнің бірнеше еліне жол тартып отыр. Ал оның артында жаңа технология ғана емес, ұлттық бренд қалыптастыруға деген талпыныс жатыр.