Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Жусан – тамыры қара жердің мың қатпарлы тереңінен нәр алып, шөл мен шөлейтте өсетін, қазақ даласының төлтаңбасына айналған ерекше өсімдік. Ежелден емдік қасиетімен танылған бұл шөпті халық киелі санап, тұрмыста кеңінен пайдаланған. Жусан тұнбасы түрлі ауруға қарсы қолданылып, оның шипалық мүмкіндігі ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
Ғалымдар жусанның емдік әлеуетін әлдеқашан зерттеп, оның кейбір түрлерінің қатерлі дерттерге қарсы тиімді екенін дәлелдеген. Тіпті жусан негізіндегі зерттеулерге халықаралық деңгейде жоғары марапаттар да берілген. Соған қарамастан, Қазақстанда жусанның өндірістік деңгейде игерілуі әлі де кенже қалып отыр. Отандық ғылымда бұл бағытта ізденістер бар болғанымен, нақты өнімдер ішкі және сыртқы нарыққа кеңінен шықпаған.
Фото: Саясат Кемалованың жеке мұрағатынанАқтаудағы Оқушылар сарайы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саясат Кемалова осы олқылықтың орнын толтыру үшін, жусаннан хош иістендіргіш диффузорлар жасауды бастаған. Оның айтуынша, Қазақстан аумағында жусанның 80-нен астам түрі кездеседі. Оның ішінде дәрмене жусан ертеден ішек ауруларын емдеуге қолданылған. Бұрынғы замандарда бұл өсімдік шетелге сауда керуендері арқылы да жіберілген. Сонымен қатар, жусанмен қоректенген малдың еті мен сорпасы да пайдалы саналған. Бұл деректер жусанның қазақ танымында қасиетті өсімдік ретінде қалыптасуына негіз болған.
Фото: Саясат Кемалованың жеке мұрағатынан Фото: Саясат Кемалованың жеке мұрағатынан– Адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Өйткені табиғат - бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы, ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі. Мен бұл жобаға тектентек бет бұрған жоқпын. Ерекше жоба арқылы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына үлес қосқым келеді. Жусанның жұпарын сіңірген, жағымды иіс шығаратын диффузорларды (хош иістендіргіш) даярлау жолдарын жастарға үйреткім келеді, - дейді Саясат Кемалова.
Саясат Дүйсенқызы жусанның тұнбасы ғана емес, жұпары да жүз түрлі ауруға ем екенін айтады. Мәселен, жусанның иісі жүрек-қантамырлары ауруларының алдын алып, тыныс алу жолдарының жұмысын жақсартады.
Фото: Саясат Кемалованың жеке мұрағатынанҰлы дала төсінде көшпелі өмір сүрген қазақ халқының тұрмыс салтында емдік өсімдіктер ұғымына қатысты толайым таным мен тәжірибе қалыптасқан. Дәрілік шөптердің қасиетін терең меңгерген халық емшілері табиғи ерекшеліктерін ескеріп, түрлі тұнбаны үйлесіммен ұсынып отырған. Саясат Кемалова хош иістерді жасау жобасының тағы бір қырына тоқталды.
Фото: Саясат Кемалованың жеке мұрағатынан– Біз диффузорларды күнделікті өмірде жиі қолданамыз. Олар көбіне көршілес елдерде өндірілгенін байқаймын. Сондықтан осы жоба арқылы жергілікті өнімді өндіруге бет бұрғымыз келеді. Шикізат тасымалына шығынданбаймыз. Дала төсінен теріп, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жусанның жұпарын ұзақ сақтайтын, тың өнімді жасап шығарамыз, - дейді Саясат Кемалова.
Саясат Кемалова қоршаған ортаны қамқорлау мен табиғат тазалығын сақтау бағытында тағы бір жобаны қолға алған. «Қалдықты кәдеге жарату» тұжырымына негізделген жобаның түпкі мақсаты – қоқыстағы гүлшоқтарын қайта қалпына келтіріп, ал кейбірінен әтір әзірлеу.
Фото: Саясат Кемалованың жеке мұрағатынан Фото: Саясат Кемалованың жеке мұрағатынан– Қазір гүлдестелерінің құны қалта қағады. Соған қарамастан жақын жандарымызға қуаныш сыйлау үшін сатып аламыз. Мерекеде гүл базары қыза түседі. Бірер күннен кейін гүл шоқтары тау-тау болып қоқыста жатады. Ал мен гүлдердің өмірін ұзартып, безендіріп, көркемдеп, әдемі де әсерлі күйін ұзақ сақтауға тырысамын. Әрі гүл шоғырларынан әтір дайындауды көздеп отырмын. «Таза Қазақстан» республикалық акциясының тағы бір мақсаты – қалдықты кәдеге жарату арқылы қоршаған ортаның тазалығын сақтау. Сондықтан осы бағытта жобаны жүзеге асырамыз, - дейді Саясат Кемалова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтау 2030 жылға арналған ЭЫҰ-ның туристік астанасы атағына жалғыз үміткер ретінде ұсынылды.