Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ақтөбе облысында қазіргі кезде 206 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 10-ы республикалық, 174-і коммуналдық, ал 22-і жеке меншікте. Былтыр өңірде Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылғыларға қызмет көрсету мекемесі құрылды. Дәл осы мекеме бөгеттердің техникалық жағдайын зерттеп, кейін оны жөндеуге міндетті.
Әзірге мекеменің өзінің материалдық-техникалық базасы жұтаң. Былтыр 84,7 млн теңгеге 1 жерсорғыш снаряд сатып алынып, Сазды өзенінде қамысты тазартты.
Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, барлығы 72 техника керек. Биыл облыстық бюджеттен 9 арнайы техника сатып алу үшін 355 млн теңге бөлініп, конкурсқа құжат әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек лизинг арқылы 2,2 млрд теңгеге 36 арнайы техника алу жоспарланды.
— Биыл 6 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеу жүргізу қажет. Сол кезде бөгеттердің жағдайы тексеріледі. Жалпы тәуелсіздік алған жылдары бөгеттердің құрылысы, ондағы жөндеу жұмыстары көп болған жоқ. Сол себепті шағын бөгеттердің жағдайы төмен. Облыста 60-тан астам бөгетті жөндеу қажет деп санап отырмыз. Оны бір жылда жасау мүмкін емес. Кезең-кезеңімен атқарылады. Соны жөндеп, халық игілігіне беру керек, — деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Биыл Ақтөбеде Қарғалы су қоймасы жөнделеді. Сонымен бірге Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес өңірде 2 жаңа су қоймасы салынады. Жаман Қалғалы өзенінде Өлке, Ор өзенінде Жамбыл су қоймасын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді.
— Облыста Әлия және Жарық су қоймаларын салу жоспарда бар. Жарық бөгеті Елек өзенінің бастауында болады. Бұл Ақтөбе су қоймасына келетін судың көлемін реттеуге мүмкіндік береді. Әлия ауылында Әлия су қоймасын салу жоспарда бар. Бұл Қобда ауданындағы су тасқынының алдын алуға септігін тигізеді. Қазір құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс 2027-2028 жылдары жүреді деп жоспар құрып отырмыз, — деді Исатай Еспағанбетов.
Еске салсақ, министрлік жоспары бойынша Қарғалы су қоймасының ескірген барлық механизмі ауыстырылады, олардың кейбірі 50 жылдан бері пайдаланылып келеді.
Сонымен қатар гидротехникалық нысандарға энергия қамтамасыз ету үшін шағын су электр станциясы орнатылады. Ал артық энергия жергілікті кәсіпкерлікті және көрші елді мекендерді қамтамасыз ету үшін қолданылады.