Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков өңірлік коммуникациялар қызметінде жылды қорытындылап, биылғы жоспарды айтты. Былтыр Ақтөбеде экономикасына 1,2 трлн теңге, биыл қаңтар айында 88 млрд теңге инвестиция тартылды. Соған қарамастан өңірде әлі күнге дейін 18 кәсіпорынның қызметі тоқтап тұр. Оның 6-ы Ақтөбе қаласында, 12-сі аудандарда.
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform- Бұл кәсіпорындар сүт өнімдерін өндіру, өнеркәсіп, сауда, көкөніс өсіру, сондай-ақ құбырлар мен фитингтер өндіру сияқты түрлі салаларда жұмыс істеген. Қазіргі уақытта 6 кәсіпорын сатылды, 2 кәсіпорын меншік иелерінің басқаруында қалды. Қалған кәсіпорындарға инвесторларды немесе сатып алушыларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.
Атап айтқанда Ақтөбе қаласындағы құбыр мен фитинг шығаратын зауыт сатылды. Зауыттың жаңа иесі батыс өңіріндегі көпір құрылысына қажетті материал шығаруды жоспарлап отыр. Ал шыны талшықты құбырлар өндірісін сатып алған серіктестік нысанды жалға беруді жоспарланып қойған. Орталықтағы сауда үйі жұмысын тоқтатқан соң сатылып, бүгінде жалға берілген. Сонымен бірге Ақтөбе қаласында қызанақ пен қияр өсіретін жылыжай сатылып кетті. Жаңа иесі оны қайта іске қосуды жоспарлап отыр. Тоқыма бұйымдарын шығаратын «Едеми» ЖШС-і де жобаны жандандырмақ. Ал «АНДИ» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасын сатып алушы әлі табылмады.
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform- Алға ауданындағы «Ақтөбе Drilling Service» ЖШС-не тиесілі көбікті бетон блоктарын өндіру зауытын «Алға Холдинг» ЖШС 90 млн теңгеге сатып алды. Жаңа иелері төсеніш өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Ал «Индустрия қаптамасы» ЖШС полипропилен қаптарын өндіру цехын 162 млн теңгеге сату немесе айына 2 млн теңгеге жалға беруді жоспарлаған. Бұл ауданда «Аққұс» ЖШС-нің құс еті өндірісі деп тоқтап тұр. Жоба туралы ұсыныс ҚР Өзбекстандағы Елшілігіне және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ға жолданды. Мәртөк ауданында «Дияр Холдинг» ЖШС-не тиесілі қой терісінен тон өнімдерін шығаратын цех ғимараты сатылды. «Zan Asia» ЖШС бұл жерде машина жасау зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал «Алғабас» ЖШС-нің сүт өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірісіне әлі де инвестор немесе сатып алушы іздестіріліп жатыр. Сонымен бірге бұл ауданда «Optima Capital» ЖШС иленген былғары өндірісі тоқтап тұр. Экспорттық тауар өндірісіне шетелдік инвестор іздестіріліп жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.
Хромтау ауданындағы «Еуразиялық жоба 2» ЖШС-не тиесілі элеватор кешені тоқтап тұр. Кешен сот арқылы екінші деңгейлі банк меншігіне өткен. Банк 850 млн теңгеге сатуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге Қарғалы ауданындағы «Бадамша никель зауыты» ЖШС-нің кобальт-никель кендері, Шалқар ауданындағы «ЖБИ-30» ЖШС-нің темірбетон бұйымдары өндірісіне сатып алушы табылмады. Ал Темір ауданындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның «Жақсымай» өндірістік базасы, Мұғалжар ауданындағы «Октябрь» өндірістік базасын ғимараттарымен бірге сату жоспарланды. Бұл жұмысты компания мен Ақтөбе облысының әкімдігі бірге қолға алған. Қазіргі уақытта инвесторларды белсенді іздеу, сондай-ақ сатылған бірқатар кәсіпорынның жұмысын қайта жандандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Көбі инфрақұрылым тартуды немесе қаржылай қолдау көрсетуді сұрайды.
Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облысында 19 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұрғаны туралы жазылды. Арада екі жыл өткенде Әйтеке би ауданындағы катодты мыс пен мыс концентратын өндіру зауыты ғана қайта іске қосылған. Былтыр мұнда қазба және өндіру жұмыстары басталды.