Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Әлемдік қауымдастық Аралдың жоғалуын адамзат тарихындағы үлкен экологиялық дағдарыс деп бағалады.
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі— Арал теңізінің құрғаған ұлтанының көлемі — 6 млн гектар, оның 2,8 млн гектары Қазақстан Республикасына тиесілі. Жыл сайын одан миллиондаған тонна құм мен шаң суармалы егістіктерге, жайылым мен бау-бақшаларға ұшып, өнімділік көлемін түсіреді. Ауыл шаруашылығының жер айналымын азайтып, экологиялық жағдай мен адам денсаулығына теріс әсер етеді. Қоршаған ортаны тұз бен құм көшкінінен сақтайтын бірден-бір амал — теңіз ұлтанына сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқты галофитті өсімдіктер егу екенін кейінгі ширек ғасырдағы тәжірибе дәлелдеп отыр, — деді басқарма басшысының орынбасары Мәріп Акбар.
2021-2025 жылдары еліміз бойынша 1 млн 90 мың гектар жерге сексеуіл егілсе, оның 432 мың 500 гектары Сыр өңірінің үлесінде.
Фото: Қызылорда облысының әкімдігіФото: Қызылорда облысының әкімдігі— Өткен жылы облыстық деңгейде 100 мың гектар жоспарланып, толық орындалды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жоспарлаған 328 мың гектардың 318 мың гектарында жоспарды орындады. Қалған 10 мың гектар биыл сәуір айында аяқталады. Шығымдылығы төмен 26 500 гектар алқап облыстық деңгейде толықтырылды. Бұл жұмысты атқару үшін республикалық бюджеттен 2022 жылы 403,1 млн теңге жұмсалды. Одан кейінгі жылдары да облыстық бюджеттен осындай көлемде қаржы бөлініп отырды, — деді басқарма өкілі.
Орман екпелері мен сексеуіл тұқымбағының шығымдылығын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бақылау комиссиясы назарға алған. Комиссия құрамында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, инспекция және Арал, Қазалы орман шаруашылығы мекемелерінің мамандары, Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкерлері бар. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орманды толықтыру мен орман өсіру саласындағы мемлекеттік бақылауға жауапты. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаға сәйкес орман дақылдарының нормалық жерсінуі және сақталуы Сыр өңірінде 30 пайыз мөлшерінде белгіленген. Екпелердің орташа шығымдылығы 26-35 пайыз аралығында.
Фото: Қызылорда облысының әкімдігіФото: Қызылорда облысының әкімдігі— Ғылыми институттар 1 млн 71 мың гектар алқапта топырақ зерттеу және жобалау жұмысын жүргізген болатын. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде сексеуіл өсімдігі құмды бекітіп, топырақ эрозиясын төмендеткені, тұзды шаңның таралуын азайтып, аймақтағы экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал еткені белгілі болды. Бұл өз кезегінде табиғи экожүйенің қалпына келуіне мүмкіндік береді, — деді Мәріп Акбар.
Басқарманың мәліметінше, облыс аумағында 7,3 млн гектар мемлекеттік орман қоры бар, оның 3,9 млн гектары — орманды алқаптар. Орман қоры жерінің 83 пайызында сексеуіл ағашы өсіп тұр.
Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБұған дейін біз биыл Атырау облысында құм көшкініне қарсы сексеуіл немесе жыңғыл егу жұмыстары жүргізілмейтінін жазғанбыз.