Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Кейінгі жылдары әлемде «DeepTech» деп аталатын бағыт ерекше қарқын алып келеді. Бұл ғылыми жаңалықтар мен күрделі технологияларға негізделген инновациялық бағыт. Мұндай стартаптар жасанды интеллект модельдері, биотехнология, роботтехника немесе кванттық есептеулер сияқты салаларға сүйенеді.
Кейінгі кезде «DeepTech» жобалары құрылыс индустриясына да ене бастады. Әлемдегі ең үлкен нарықтардың бірі саналатын бұл салада көптеген жұмыс әлі күнге дейін қолмен атқарылады. Құжаттарды тексеру, жобаларды салыстыру, техникалық талаптарды тексеру сияқты міндеттерге көп уақыт кетеді. Инженерлер кейде күрделі шығармашылық жұмыстан гөрі бірсарынды тексеріске көбірек уақыт жұмсайды.
Осындай мәселені шешуді мақсат еткен жаңа отандық стартап – «Armeta AI». Компания құрылыс жобаларын талдап, инженерлердің жұмысын жеңілдететін жасанды интеллект платформасын жасап жатыр. «Digital Business» пен «Astana Hub»-тың бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында «Armeta AI»-дың қалай пайда болғанын, оның құрылыс саласына қандай өзгеріс әкелуі мүмкін екенін және отбасылық стартаптың қалай дамып жатқанынан хабардар болдық.
Идея қалай туды?
«Armeta AI» тарихы – тәжірибе мен жаңа буынның идеясы тоғысқан ерекше мысал. Стартаптың негізін қалағандардың бірі Санжар Рахметжанов өндірістік технологиялар мен инженерия саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеген.
Ол ұзақ жыл бойы өнеркәсіптік жобаларды дамыту, өндірісті цифрландыру және ірі кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларын басқарумен айналысқан. 2012 жылға дейін жалдамалы менеджер ретінде түрлі компанияда қызмет атқарса, кейін жеке кәсіпкерлікке бет бұрған.
Ресей мен Таяу Шығыс елдеріндегі компаниялармен жұмыс істеу арқылы ол құрылыс индустриясының мәселесін жақсы түсіне бастайды. Бірақ стартаптың басталуына себеп болған оның ұлы Темірлан Рахметжанов.
«Германиядағы «Constructor University»-де инженер мамандығы бойынша білім алдым. Алғашқы еңбек жолымды да сол елде бастадым. Бірінші курста әкем: «Оқу ақысын мен төлеймін, ал күнделікті шығынынды өзің тап», деді. Содан кейін бір неміс кәсіпкерінің қол астында көмекші болып жұмыс істедім. Оның жылжымайтын мүлікті басқаруға қатысты бірнеше бизнесі бар еді. Төрт жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, біртіндеп өстім, ақырында топ-менеджер деңгейіне дейін жеттім. Германияда өмір сүруге де, жұмыс істеуге де барлық жағдай бар. Соған қарамастан, әкеммен бірге жұмыс істегім келді. Сондықтан елге оралып, ортақ іс бастауды жөн көрдім», дейді Темірлан.
Сөйтіп, елге оралғаннан кейін ол бірнеше жыл бойы әкесінің жобаларын зерттеп, компанияның ішкі үдерісін мұқият талдайды. Сол кезде инженерлердің көп уақыты бірсарынды жұмысқа кететінін байқайды. Сызбаларды салыстыру, құжаттар мен техникалық талаптарды тексеру сияқты жұмыс күн сайын қайталана береді. Ал шын мәнінде инженерлердің басты міндеті – жобалау, талдау және жаңа шешімдер табу.
Темірлан осы мәселені шешу үшін жасанды интеллект қолдануды ұсынады. Әкесі бұл идеяны қолдайды. Осылайша, 2025 жылы әкелі-балалы Рахметжановтар мен олардың серіктесі Нұралы Бақтығалиев бірігіп «Armeta AI» компаниясын құрады.
Қазір қай кезеңде?
«Armeta AI» – құрылыс және жобалау саласына арналған жасанды интеллект платформасы. Оның басты мақсаты – инженерлердің уақытын алатын қайталанатын жұмысты автоматтандыру.
Әлі күнге дейін құрылыс жобасын сараптау үшін жүздеген құжат тексеріледі. Сызбалар, сметалар, техникалық сипаттамалар, нормативтік талаптар – бәрі бір-бірімен салыстырылады. Көп жағдайда бұларды адамдар қолмен тексереді. «Armeta AI» платформасы осы үдерісті едәуір жеңілдетеді.
Нақтырақ айтсақ, платформа әуелі жобалық құжаттардың толықтығын тексереді, сызбаларды талдайды, техникалық талаптарды салыстырады, нормаларға сәйкес келмейтін тұстарды анықтайды, сөйтіп сарапшыға дайын есеп ұсынады. Қарапайым тілмен айтқанда, жүйе үлкен көлемдегі құжаттарды бірнеше минут ішінде қарап шығып, маманға тек маңызды ақпаратты ғана көрсетеді. Сарапшы барлық құжатты қайтадан қолмен тексерудің орнына, жасанды интеллект анықтаған мәселелерге назар аударады.
«Біз әдейі көпшілікке кеңінен танылған «LLM» модельдерін қолданудан бас тарттық. Себебі дәл осындай әмбебап модельдер көп жағдайда салалық қателерге жол береді. «ChatGPT» секілді жүйелер тұрмыстық сұрақтан бастап өте күрделі тақырыптарға дейін сан алуан ақпаратпен оқытылады. Бірақ олар құрылыс инженериясының ішкі логикасын, жобалау үдерісінің ерекшелігін, техникалық стандарттар мен нормалардың айырмасын әрдайым дәл ажырата алмайды. Сондықтан жобалау-құрылыс саласына тікелей қатысты деректермен оқытылатын базалық модельдерімізді әзірледік. Бұған қоса, мультиагенттік тәсілді қолданамыз. Яғни бір тапсырманы бір ғана модель емес, бірнеше модель қатар талдайды. Олар бір-бірінің жауабын тексеріп, деректерді нақтылап, ықтимал қателерді түзетеді. Соның нәтижесінде соңғы қорытынды анағұрлым дәл, сенімді әрі саланың нақты талабына жақын шығады», дейді Санжар Рахметжанов.
Демек, соңғы шешімді бәрібір адам қабылдайды. ЖИ тек көмекші рөл атқарады. Бүгінде компания елімізде мемлекеттік құрылыммен бірге қанатқақты жобаны іске қосып жатыр. Егер бұл тәжірибе сәтті болса, құрылыс жобаларын тексеру уақыты бірнеше есе қысқаруы мүмкін. Қазір кейбір жобалардың сараптамасы бір жылға дейін созылады. «Armeta AI» бұл үдерісті бірнеше күнге дейін қысқартуды мақсат етеді.
Ендігі меже қандай?
Стартаптың дамуы енді ғана басталып жатыр. Компания алғашқы кезеңде жобаны өз қаражаты есебінен дамытқан. Кейін америкалық-қатарлық венчурлық қордан 1 млн доллар инвестиция тартып, жаңа мүмкіндікке жол ашты.
«Armeta AI» командасы қазір 26 адамнан тұрады. Олардың арасында ЖИ-инженерлер, машиналық оқыту мамандары және backend-әзірлеушілер бар.
Компанияның басты орталығы Астанада орналасқан. Сонымен бірге АҚШ-та шағын офисі бар. Ол жерде бірнеше инженер жаңа технологияларды бақылап, тәжірибе жүргізеді.
Компанияда әр серіктестің өз міндеті бар. Темірлан Рахметжанов компанияның бас директоры ретінде өнім бағытына жауап береді. Санжар Рахметжанов бизнесті дамыту мен халықаралық серіктестіктерге жетекшілік етеді. Ал жобаны бірге құрған үшінші серіктес Нұралы Бақтығалиев компанияның технологиялық бағытын басқарады.
«Көпшілік отбасылық бизнесті тәуекелі көп модель деп қабылдайды. Ал мен, керісінше, әкесі мен баласының арасындағы сенім мен ортақ құндылықтар компанияны әлдеқайда берік етеді деп ойлаймын. Мұндай тәжірибе АҚШ-та да, Еуропада да бар. Өзім де сондай кәсіптермен әріптестік орнатып, олардың жылдар бойы қалай орнықты дамығанын көрдім. Шынын айтсам, бұған дейін бір стартапқа қатыстым. Бірақ ол жоба бірге бастаған серіктестердің өзара келіспеушілігі салдарынан тоқтап қалды. Сол тәжірибеден кейін балаларымның есейгенін күтіп, бизнесті солармен бірге құруды жөн санадым. Ортаншы ұлым Арлан да өз бағытын таңдады. Оның «Nozomio» атты стартапы бар. Мен оған сырттай ақыл-кеңесімді беріп отырамын», дейді Санжар Рахметжанов.
Алдағы уақытта компания бірнеше бағытта дамуды жоспарлап отыр. Біріншісі – еліміздегі мемлекеттік және жеке секторда платформаны кеңінен енгізу. Екіншісі – халықаралық нарыққа шығу. Компания қазірдің өзінде АҚШ, Таяу Шығыс және Орталық Азия нарықтарын зерттеп жатыр. Қатарда кеңсе ашылып, алғашқы келіссөздер басталған. Сонымен бірге команда Сан-Францискодағы «Alchemist» акселераторының бағдарламасына қатысып, америкалық нарыққа шығуға дайындалып жатыр.
Стартаптың басты мақсаты – құрылыс саласында инженерлердің уақытын үнемдеп, жобаларды тез әрі тиімді іске асыруға көмектесу. Егер бұл технология кеңінен тараса, құрылыс индустриясының жұмыс тәсілі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ал елімізде басталған «DeepTech» жобаның әлемдік нарыққа шығуы отандық технологиялық экожүйе үшін маңызды жетістік болмақ.
Соңғы жаңалықтар
Ұландықтар Көрісу күні ата-аналарымен тілдесті
Қоғам • Бүгін, 11:33
Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесі 65%-ға жетті
Қоғам • Бүгін, 11:17
Таяу Шығыс аймағынан 10 000-нан астам отандасымыз қайтарылды
Оқиға • Бүгін, 11:10
Қазақстанда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталды
Қоғам • Бүгін, 11:03
Елордада жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасаған күдікті ұсталды
Оқиға • Бүгін, 10:59
Ұлытау облысында су тасқыны қаупі бар аудандар тексерілді
Аймақтар • Бүгін, 10:41
Елімізде жалпыхалықтық Наурызнама онкүндігі басталды
Мереке • Бүгін, 10:28
Қазақстанда жол инфрақұрылымы қарқынды жаңарып жатыр
Қоғам • Бүгін, 10:18
Соңғы 7 жылда еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі екі есе артты
Қоғам • Бүгін, 10:08
Өңделген өнім үлесі артып келеді
Экономика • Бүгін, 10:00
Қазақстан • Бүгін, 09:50
14 наурызда доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?
Қаржы • Бүгін, 09:48
Қоғам • Бүгін, 09:40
Референдум • Бүгін, 09:35
Бүгін елімізде қай жолдар жабық тұр?
Қоғам • Бүгін, 09:35