Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Спорт инфрақұрылымын жаңарту қарқыны әсіресе моноқалалар мен ауылдарда айқын байқалады. Маңызды жобалардың бірі Саран қаласында жүзеге асырылып жатыр. Мұнда жеңіл конструкциялардан тұрғызылып жатқан, жалпы аумағы 1850 шаршы метрден асатын жаңа спорт кешені тәулігіне 700-ге жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін кешенде күрес, ММА, бокс, каратэ сияқты жекпе-жек түрлерімен, функционалдық жаттығулармен айналысуға барлық жағдай жасалмақ. Бүгінде ғимараттың негізгі элементтері құрастырылып, инженерлік желілері тартылған.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында елді мекендерде төрт жоба қолға алынды. Атап айтсақ, Ақтоғай ауылындағы стадионға инженерлік инфрақұрылым тартылды. Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде 100 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің негізгі құрылысы аяқталып, ішкі әрлеу мен аумақты абаттандыру жүргізіліп жатыр. Осыған ұқсас заманауи нысан Көктас ауылында да пайдалануға берілуге жақын – онда құрылыс-монтаж жұмысы толықтай аяқталып, ішкі әрлеу және спорттық құрал-жабдықтармен жарақтандырылады. Сондай-ақ Бұқар жырау ауданының Қушоқы кентіндегі спорт кешенінің құрылысы қарқын алды. Ал Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылында суға жүзу бассейні бой көтеріп келеді.
Қарағанды қаласында да ауқымды жобалар қолға алынған. Шаһарда 10 гектар аумақты алып жатқан «Шахтёр» футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр. Ауқымды кешен құрамына әкімшілік, жаттығу корпустары, заманауи стадиондар мен жабық манеж кіреді. Оған қоса, облыс орталығындағы басты спорт алаңы – «Шахтёр» стадионын кешенді қайта жаңғырту жоспарланған. Жоба аясында газон төсеу, жарықтандыру мен дыбыс жүйелерін орнату, жүгіру жолдарына жабын төсеу, трибуналар үстіне шатыр тұрғызу мен көрермен орындықтарын ауыстыру қарастырылған.
Қаланың «Күнгей» шағын ауданында да жаңа спорт кешенінің қаңқасы тұрғызылып, монтаждалып жатыр. Бұдан бөлек, жеңіл атлетика манежі, «Бригантина» балалар лагері мен Саран қаласындағы бассейнде жөндеу жұмыстары атқарылмақ.
Жуырда Ақтас кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдаланылуға берілді. Жалпы аумағы 2,2 мың шаршы метрді құрайтын бұл заманауи нысанда күрес, бокс, ұлттық спорт түрлері, гимнастика және тренажёр залдары толық жабдықталған. Қазақ күресі, джиу-джитсу, каратэ, тоғызқұмалақ, асық ату, бесасық, садақ ату секциялары ашылып, 140 орындық трибунасы бар бокс, тренажёр залдары іске қосылды. Кешеннің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұндай нысандардың бұқаралық спортты дамытудағы маңызына тоқталып, жастарды отансүйгіштікке, табандылыққа шақырса, еркін күрестен еңбек сіңірген жаттықтырушы Амангелді Мұсабеков бұл кешеннен болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенім білдірді.
Кешенге басшы болып спорт шебері Берікбол Ермағамбетов тағайындалып, 7 білікті бапкер балаларды тегін секцияларда жаттықтыруды бастап кетті. Жергілікті жастар, соның ішінде 14 жастағы баскетболшы Гурани Нареклишвили де енді облыс орталығына қатынамай-ақ өз кенттерінде спортпен еркін айналысуға мүмкіндік алғандарына қуанышты екенін жеткізді.
Ауылдық жерлерде іске қосылған нысандардың тиімділігін Абай ауданы Топар кентіндегі спорт кешенінің тәжірибесінен де көруге болады. Былтыр пайдалануға берілген бұл кешен бүгінде жергілікті халықтың сүйікті мекеніне айналды. Кешен меңгерушісі Ғалия Мәлікқызының айтуынша, орталық таңғы сағат 6-дан түнгі 11-ге дейін үзіліссіз жұмыс істеп, 8 спорт секциясында 100-ден астам тұрғынды қамтып отыр. Олардың қатарында мектеп оқушылары, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Әсіресе жастар арасында волейбол секциясы үлкен сұранысқа ие. Бапкер Бақытжан Келгенбектің жетекшілігімен Топардың ерлер командасы өткен жылы облыс чемпионы атанып, бірнеше өрен облыс құрамасына енді. Ал қыздар командасы республикалық «Ақ бидай» ойындарында жүлделі екінші орынды иеленді. Бір жыл ішінде кешенде облыстық, республикалық деңгейдегі ондаған жарыс өткізіліп, ауыл өміріне жаңа серпін берді. Мұнда мектеп оқушылары, ардагерлер мен 1, 2-топтағы мүгедектер үшін жаттығулар толықтай тегін, ал студенттер мен зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Осылайша, бұқаралық спорттағы бұл игі бастамалар халықтың денсаулығын нығайтуға, өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулуға және өңірден жаңа спорт жұлдыздарын баптап шығаруға берік негіз қалап отыр.