Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Аэротакси сырттай қарағанда тікұшаққа ұқсайды. Бірақ ұшу тәсілі де, мүмкіндігі де мүлде бөлек. Қытайлық «AutoFlight» компаниясы әзірлеген Prosperity әуе кемесі тік көтеріліп, тік қона алады. Бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған шағын ұшақ сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшады. Қуаты да 200 шақырым қашықтыққа жетеді.
Әуе кемесі толықтай электр қуатымен жұмыс істейді. Сондықтан ауаға зиянды қалдық шығармайды әрі дәстүрлі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда тыныш ұшады.
Бұл – еліміз үшін мүлде жаңа дүние. Бұған дейін мұндай көлік түрін пайдалану үшін қажетті заңнамалық база болмаған еді. Енді оның құқықтық негіздері толыққанды жасалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемелерінің, вертипорттардың және төмен биіктіктегі әуе қозғалысын басқару жүйесінің құқықтық мәртебесін айқындайды.
Астана аспанындағы алғашқы ұшу – еліміздің жаңа технологияларды енгізуге дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті. Аэротакси болашақта жолаушы тасымалымен ғана шектелмейді. Ол жедел медициналық көмек көрсетуге, құтқару жұмыстарын жүргізуге, шұғыл жүк жеткізуге, табиғи апаттар кезінде әрекет етуге, туристік бағыттарды дамытуға да кеңінен қолданылуы мүмкін. Әсіресе көлік қатынасы қиын немесе халық тығыз орналасқан аймақтар үшін мұндай технологияның тиімділігі жоғары.
Әлемдік тәжірибе мұндай технологияның келешегі зор екенін көрсетіп отыр. АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуропаның бірқатар мемлекеті қалалық әуе мобильдігін дамытуға қомақты инвестиция салып келеді. Ірі қалалардағы көлік кептелісі, экологиялық мәселелер мен уақыт үнемдеу қажеттілігі жаңа көлік түріне деген сұранысты арттырды. Сарапшылардың болжамынша, алдағы онжылдықта электр қуатымен жүретін аэротаксилер халық саны көп қалаларда басты көлік түріне айналады.
Елордада өткен демонстрациялық ұшуға мемлекеттік органдар мен авиация саласының мамандары, инвесторлар мен халықаралық серіктес компаниялардың өкілдері қатысты. Жобаны қазақстандық «Alatau Advance Air Group Ltd.(AAAG)» компаниясымен бірге Оңтүстік Кореяның «Korea Airports Corporation», Италияның «UrbanV» және Қытайдың «AutoFlight» компаниялары іске қосып жатыр.
Жалпы, қалалық әуе мобильдігін дамытудың пилоттық алаңы ретінде Алатау қаласы таңдалған. Жаңа шаһарда вертипорттар салу, төмен биіктіктегі әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін енгізу, техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашу және өңірдегі алғашқы UAM Center Eurasia орталығын құру жоспарланып отыр. Мұнда әуе көлігін пайдалану ғана емес, жаңа технологияларды сынақтан өткізу, мамандар даярлау мен өндірістік жобаларды дамыту көзделген.