Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Оқу alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының алаңында өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бастама Apple платформаларында түрлі қосымша әзірлеуге маманданған сертификатталған тренерлерді даярлауды көздейді.
Өтінімдер 2026 жылғы 13 сәуірге дейін қабылданады.
Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрады: өтінімдерді қабылдау, алдын ала іріктеу (сауалнама жүргізу, кәсіби тәжірибе мен ынтаны бағалау) және офлайн форматтағы bootcamp. Оқу биыл мамыр айында басталады. Қатысушыларды Apple халықаралық тренерінің жетекшілігімен өтетін төрт күндік қарқынды bootcamp күтіп тұр.
Қатысуға бағдарламалау негіздерін меңгерген, ағылшын тілін Intermediate (B1–B2) деңгейінде жетік білетін және қарқынды оқытудан өтуге дайын үміткерлер шақырылады. Айта кетейік, үміткердің логиканы түсінуі және кез келген бағдарламалау тілінде тәжірибесінің болуы артықшылық болады. Бұдан бөлек қатысушылар Apple платформаларында қосымша әзірлеуге маманданған тренер ретінде дамуға ниетті болуы тиіс.
Оқыту мобильді қосымша әзірлеу мен цифрлық технологиялар саласындағы білім беру инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Тренерлерді даярлау нәтижесінде Apple экожүйесінде жұмыс істей алатын оқытушылар қауымы қалыптасып, олар елімізде мобильді қосымшалар әзірлеу бағытының өркендеуіне үлес қосады.
«Адам капиталын дамыту және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – Astana Hub қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Біз 2023 жылы Қазақстандағы AATCe ресми өкілі атанып, жастарды iOS платформасында мобильді қосымша әзірлеуге үйрете бастадық. Серіктестіктің келесі кезеңі – Training of Trainers бағдарламасын іске қосу. Бұл еліміздегі сертификатталған Apple-тренер тапшылығын азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар мыңдаған жас қазақстандыққа мобильді қосымша әзірлеу саласына жол ашатын кәсіби тренерлер қауымдастығы қалыптаса бастайды. Олар жергілікті идеяларды жаһандық өнімдерге айналдыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Оқу барысында қатысушылар Apple платформаларында қосымша әзірлеу бойынша жан-жақты дайындықтан өтеді. Бағдарлама бастапқы тәжірибесі бар үміткерлерге арналған және кәсіби деңгейге жетуге баулиды. Қатысушылар Swift тілінде Xcode ортасында жұмыс істеуді меңгереді, iOS-қосымшалардың архитектурасын, сондай-ақ UIKit пен SwiftUI негізінде пайдаланушы интерфейсін жобалауды үйренеді. Сонымен қатар ARKit, CoreML секілді заманауи Apple фреймворктерімен жұмыс істеу, веб-сервистермен ықпалдасу және жеке қосымша әзірлеу қарастырылған. Оқыту барысында педагогикалық әдістеме мен болашақ тренерлерді даярлау мәселесіне айрықша ден қойылады.
Bootcamp қорытындысы бойынша қатысушылар Apple Trainer сертификатына өтінім бере алады. Аталған сертификат Apple платформаларында қосымша әзірлеу бойынша ресми оқыту жүргізу құқығын береді.
Тренерлерді даярлау аяқталғаннан кейін Astana Hub AATCe базасында студенттерге, мектеп оқушыларына және жолын жаңадан бастаған әзірлеушілерге арналған білім беру бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Оқыту мобильді қосымша әзірлеу дағдыларын дамытуға және Apple платформаларында өз қосымшаларын жасауға бағытталады. Үздік тренерлер осы бағдарламаларды жүзеге асыруға тартылып, жұмыспен қамтылады.
Мұндай білім беру бастамалары адам капиталын дамытуға және ұлттық IT-экожүйені нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ заманауи цифрлық дағдыларды игеруге кең мүмкіндік ашады.
Apple Authorized Training Center for Education (AATCe) – Apple технологиялары мен құралдарын қолдана отырып, білім беруде заманауи тәсілдерді енгізуді мақсат ететін оқу ұйымдарының халықаралық желісіне кіретін орталық. Бұл бастама аясында студенттер сұранысқа ие мамандықтарға қажетті дағдыларды игеру үшін Swift тілінде қосымша әзірлеуді үйренеді.