Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Аталған конференцияға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус, ДДҰ-ның Еуропа өңірлік директоры Ханс Клюге, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының міндетін атқарушы Октавиан Бивол қатысты.
Форумның жұмысына сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Орталық Азия елдерінің бейінді ведомстволарының басшылары қатысты.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігіФорумның алаңында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасының маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, білім алуы және әл-ауқаты мәселелерінде мемлекеттік күш-жігерді біріктіруге бағытталған.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі— Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан ана мен бала денсаулығын сақтау саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Ана өлімі 6 есеге, нәресте өлімі 7,5 есеге төмендеді. Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша оң серпін көрсетуде: жалпы индекс 71,5-ті құрайды, ал ана мен бала денсаулығы көрсеткіштері бойынша ел өңір көшбасшыларының қатарына кіреді, — делінген хабарламада.
Балалар денсаулығы мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады және Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Соңғы жылдары елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесі жаңғыртылды: 366 педиатриялық бөлімше және 370-тен астам даму және ерте араласу орталықтары ашылып, онда 72 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді.
ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының міндетін атқарушы Октавиан Бивол барлық секторлардың бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті:
— Әрбір баланың дені сау болып өсіп, қолдауды сезінуін қалаймыз. Бұл денсаулық сақтау жүйелері, отбасылар мен серіктестер бірлесіп әрекет еткенде және заманауи сын-қатерлерді еңсеруге көмектескенде ғана мүмкін, — деді ол.
Қабылданған шаралар нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді: даму бұзылыстарын анықтау 21,5%-ға өсті, үй жағдайындағы балалар өлімі 22%-ға төмендеді, кеш емдеуге жатқызу 5%-ға қысқарды, пренаталдық скринингпен қамту 8%-ға артты, ұрық кемістіктерін анықтау 13%-ға көбейді, туа біткен кемістіктерден болатын нәресте өлімі 15%-ға азайды, бастапқы мүгедектік 7,5%-ға төмендеді.
Балалар денсаулығын сақтау жүйесінде стационарлық көмекті жаңғырту белсенді жүргізілуде: балалар стационарларындағы төсек қоры 38%-ға ұлғайтылды (неонаталдық хирургияда — 20%). Туа біткен кемістіктері бар балалардың өмір сүру көрсеткіші 86%-ға жетті.
Жыл сайын шамамен 2000 ашық жүрекке операция жасалады. 19 инновациялық технологияны енгізу балаларды шетелде емдеуге жіберу санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік берді.
Форумға қатысушылар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және басқа да салалардың күшін біріктіру арқылы балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің кешенді тәсілінің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Конференцияның негізгі оқиғасы 2026–2030 жылдарға арналған ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің «Салауатты бастау — салауатты өмірдің негізі» стратегиясын іске асыруға Қазақстан мен субөңір елдерінің саяси бейілділігін бекітетін Астана үндеуін қабылдау болды.
Құжат медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, теңсіздіктерді азайту, ата-аналарды қолдау, балаларды зиянды факторлардан қорғау және балалардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту сияқты келісілген шаралар кешенін қамтиды.
Конференцияның шеңберінде жетекші халықаралық сарапшылар ерте балалық шақты дамыту, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жетілдіру, теңсіздіктерді азайту, сондай-ақ психикалық денсаулық, мектеп ортасы, цифрлық қауіпсіздік және балалардың қатысуы мәселелерін қоса алғанда, қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастыру бағыттары бойынша баяндама жасады.
Конференцияны өткізу балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудегі денсаулық сақтау жүйесінің рөлін күшейтудің маңызды кезеңі болып, өңірлік ынтымақтастықтың жаңа деңгейін айқындады.
Астана үндеуін қабылдау және «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру әрбір баланың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған берік саяси ұстанымды растайды.
Бұған дейін Арал дағдарысы бойынша Орталық Азия елдері денсаулық пен экология бойынша ортақ шешім қабылдағанын жаздық.