Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Шара аясында білім беру саласының мамандары мен ҚР Парламентінің депутаттары Ата Заңға енгізілген реформаларды талқылап, оның қоғам өміріне тигізер әсерін саралады.
Жиынға Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Серік Ерубаев, Айдос Сарым және Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай қатысты. Келелі кеңесті «Білім-Инновация» ХҚҚ президенті Дархан Ермаханұлы модератор ретінде жүргізіп, мемлекеттік маңызы бар бастамаларды білім беру құндылықтарымен ұштастырды.
Талқылау барысында депутаттар мен қатысушылар Конституцияның 23-бабындағы «сөз еркіндігіне, ғылыми және көркем шығармашылық еркіндігіне берілетін кепілдіктер» туралы нормаларға ерекше тоқталды. Саясаткерлердің пікірінше, бұл — зияткер ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Ендігі кезде шикізат емес, адам капиталы мен жаңа идеялар ел дамуының негізгі қозғалтқышына айналмақ.
Жиынның ең әсерлі сәттерінің бірі — сұрақ-жауап бөлімі болды. «Спектрум» мектебінде еңбек ететін шетелдік маманның: «Жаңа Конституция қарапайым халықтың өмірінде заң үстемдігін қалай қамтамасыз етеді?» — деген сауалы қызу пікірталас тудырды.
Бұл сауалға жауап берген депутаттар мен заңгер-ғалымдар Конституциялық соттың рөлі, азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа тетіктері мен «Әділетті Қазақстан» концепциясының іс жүзіндегі көріністерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Фото: МәжілісЖиын барысында Парламент өкілдері Жаңа Конституцияның әр салаға тигізер оң әсерін жан-жақты талдап, ұстаздар қауымына маңызды бағыт-бағдар берді.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтар мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне басымдық берді.
— Жаңа Конституция — бұл тек заңдар жиынтығы емес, бұл біздің рухани кодымызды сақтай отырып, заманауи ашық қоғам құрудың жол картасы. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Біз балаларымызды цифрлық кеңістіктегі жат ағымдардан қорғап, олардың бойында сыни ойлау қабілеті мен медиасауаттылықты дамытуымыз керек. Бұл істе ұстаздардың рөлі ерекше, — деп атап өтті Бибігүл Нұрғалиқызы.
Мәжіліс депутаты, заңгер-ғалым Үнзила Шапақ адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшейтілуі туралы баяндады.
— Конституциялық соттың құрылуы және азаматтардың тікелей шағым түсіру мүмкіндігі — заң үстемдігінің басты кепілі. Бұл өзгерістер қарапайым мұғалімнің құқығын қорғауға, оның еңбек жағдайы мен әлеуметтік мәртебесінің заңмен шегеленуіне тікелей әсер етеді. Әділеттілік — соттан емес, әр азаматтың құқықтық сауаттылығынан басталады, — деді Үнзила Шапаққызы.
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Ата Заңдағы өзгерістердің экономикалық тұрақтылыққа ықпалын түсіндірді.
— Экономикалық еркіндік пен меншік құқығының қорғалуы білім саласына инвестиция тартуға жол ашады. Жаңа Конституцияда мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері, соның ішінде білім беруді қаржыландыру басымдығы айқын көрсетілген. Тұрақты заң — тұрақты экономиканың кепілі. Бұл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер береді, — деп түйіндеді Серік Сәрсенұлы.
«Білім-Инновация» ХҚҚ президенті Дархан Ермаханұлы Жаңа Конституция — бұл әділетті қоғамның іргетасы екенін атап өтті.
— Біз тек пән үйретіп қана қоймай, саналы, құқықтық мәдениеті жоғары азамат тәрбиелеуіміз керек. Жаңа Конституция — бұл әділетті қоғамның іргетасы, ал ұстаздар — сол іргетастың берік болуын қамтамасыз ететін негізгі күш, — деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар алдағы референдумның тарихи маңызын атап өтіп, бұл науқанның әрбір азамат үшін жеке жауапкершілік екенін айтты. Мұғалімдер қауымы құқықтық сауаттылықты арттыру мен демократиялық өзгерістерге белсене қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Бұдан бұрын Ерлан Саиров жаңа Конституцияда азаматтар құқығына 30 бап арналғанын айтты.