Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Кеше Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда жаңа Ата заң жобасын дайындау барысында келіп түскен ұсыныстар негізінде енгізілген жаңа нормалар талқыға салынды. Жаңа Конституцияның пысықталған нұсқасы республикалық референдумға шығару үшін Президентке жіберілді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жүйелі ұсыныстар енгізілді
Отырыста баяндама жасаған Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин заңгерлер мен тіл мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жаңа Ата заң мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналғанын айтты. Жарты жыл бойы қоғамдық талқылаулар негізінде дайындалған жаңа Конституция мәтіні екі апта бұрын жарияланған соң, азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түскенін тілге тиек еткен ол бұдан кейін де жобаға қосымша өзгерістер енгізілгенін жеткізді.
«Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап я түсініктеме беріліп отырды. Осылайша, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде қоғаммен кері байланыс орнатылып, азаматтардың ұсыныс-пікірі мүмкіндігінше ескерілді», деді Е.Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, барлық жүйелі ұсыныс Конституция мәтінінен көрініс тапқан. Сондықтан әр өңірден, түрлі саладан жиналған 130 адамнан тұратын комиссияның ашықтығы негізінде, мыңдаған азаматтың мазмұнды ұсыныс-пікірлерін ескере отырып әзірленген жаңа Конституция жобасын «Халықтық Конституция» деп айтуға толық негіз бар.
«Осылайша, біз мемлекет пен қоғам тұтастығының, бірлігінің жаңа үлгісін көрсеттік. Болашақта жаңа Конституция азаматтардың қолдауымен референдумда қабылданып жатса, бұл тек құқықтық құжат емес, жалпыұлттық идея мен құндылықтар тұрғысынан қоғамдық бірліктің іргетасына айналарына сенім білдіргім келеді», деді ол.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция тұңғыш рет қазақ тілінде – мемлекеттік тілде әзірленіп, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылғанын еске салды.
«Конституция нормаларының мәні нақтыланып, түрлі шешімдерге негіз болатын кемшіліктер жойылды. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды әрі күрделі жұмыстардың бір бөлігі ғана. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жаңа Ата заңның мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды», деп сөзін түйіндеді Е.Қарин.
Тұрғын үйге қол сұқпау кепілдігі
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсыныстар негізінде жаңа Ата заң жобасына енгізілген қосымша нормалар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі бағыттың бірі – тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдігін күшейту. Ол 28-баптың 1-тармағында тұрғын үйден айыруға ғана емес, соттың шешімінсіз одан шығаруға да жол бермейтін толықтыру көзделгенін атап өтті. Тұрғын үйге баса-көктеп кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
Талдау қорытындылары бойынша жаңа Конституцияның күшіне ену және 1995 жылғы Конституцияның қолданысын тоқтату мерзімдерін регламенттейтін нормалар қосымша көзделген. Жекелеген ережелер бір палаталы Құрылтайға көшу мен оның сайлауын өткізу мәселелерін реттейді. Спикер нормалардың басқа бөлігі лауазымды тұлғаларды тағайындау мен жаңа мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысты екенін атап өтті.
«Конституциялық кеңес пен Конституциялық соттың бұрын қабылданған нормативтік қаулылары Ата заңға қайшы келмейтін бөлігінде заңды күшін сақтайтынын атап өткім келеді», деді Б.Нұрмұханов.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жаңа Конституция жобасы сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ұзақ әрі тиянақты еңбегінің нәтижесінде әзірленген бірегей тарихи құжат екенін, сондай-ақ республикалық референдумға шығаруға толық дайын екенін атап өтті.
«Бірлесе және үйлесімді атқарылған жұмыстың арқасында қажетті құқықтық нормалар мен тұжырымдарды таба алдық. Олар жуырда азаматтарымыздың өмірін оң бағытта өзгертіп, мемлекетіміз бен қоғамның жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етеді», деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа Ата заң жобасы еліміздің тарихи даму жолын жан-жақты ескеріп, мемлекеттіліктің сабақтастығын айқындайды.
«Тарихшы әрі мұрағатшы ретінде мұндай ұстаным мен үшін айрықша құнды. Біз жаңа тағдырдың, ортақ болашақтың Конституциясын жасадық деп шынайы сеніммен айта аламын», деді А.Сарым.
Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жобадағы кәсіпкерлік құқығын қорғау, меншік нысандарының алуан түрлілігі мен кепілдіктерін сақтау, сондай-ақ банк және коммерциялық құпияны қорғау туралы ережелер жаңа Конституциядағы өзге де жаңашыл нормалармен бірге кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауға, инвестициялық ахуалды жақсарту мен жеке бизнестің дамуына оң әсер ететініне тоқталды.
«Елімізге жай ғана инвестиция емес, ең озық технологияларды әкелуге мүмкіндік беретін «жедел дамитын қалаларға» ерекше мәртебе беру мүмкіндігін аса маңызды деп санаймыз. Өйткені жаңа өнімдер, тауарлар мен қызмет түрлері пайда болғанда, оларды реттеу тетіктері әрдайым үлгере бермейді», деп атап өтті ол.
Қоғам сұранысына жауап береді
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев бұл құжаттың елдегі өзекті қоғамдық сұраныстарға толық жауап беретінін, азаматтардың талап-тілегі ескерілгенін айтты.
«Талқылау барысында азаматтардан келіп түскен мыңдаған ұсыныс ескерілген, еліміздің болашақтағы даму барысын, азамат пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының жаңа моделін, мемлекеттік басқарудың бағыт-бағдарын айқындайтын жаңа Конституциямызды халықтың шешіміне ұсынғалы отырмыз», деді ол.
С.Егізбаевтың айтуынша, құжаттың негізінде адам мен адами құндылықтар, билік тармақтарының теңгерімі, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары жатыр. Бұған қоса спикер «Ауыл» партиясының тарапынан республика өңірлерінде Конституция жобасын түсіндіру бойынша кең ауқымды жұмыстардың жүргізілгенін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров өз сөзінде жаңа Конституция еліміздің әрі қарай дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Құжаттың мазмұнына тоқталған ол егемендіктің иесі әрі биліктің бірден-бір бастауы халық екенін, мемлекеттің тұрақтылығы келісім мен ынтымаққа негізделетінін айтты. Оның пікірінше, болашақ даму бағыттары мен цифрлық трансформацияға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар ол басқару құрылымындағы өзгерістерге де тоқталды.
«Бір палаталы Парламент – Құрылтай қалыптастырылады, оның бақылау функциялары күшейтіледі. Партиялардың маңызы артып, олардың қоғам алдындағы саяси жауапкершілігі артады. Бұл қадамдар институционалдық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған», деді депутат.
Ал Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов жаңа жобаның өңірлерде кеңінен қолдау тапқанын жеткізді.
«Жоба алғаш рет Преамбула мен жалпы ережелер деңгейінде мемлекеттік дамудың іргелі бағдары ретінде «Әділетті Қазақстан» құндылығын белгіледі. Бұл Қазақстан Халық партиясы толық қолдайтын әлеуметтік әділдікті білдіреді. Әділетті Қазақстан – «Заң мен тәртіп» қағидатын сөзсіз ұстанатын ел; тең мүмкіндіктер елі, кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтар елі», деді ол.
Сондай-ақ депутат тарихи сабақтастық пен ұлттық құндылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның преамбуласында қоғамдық бейбітшілік пен орнықты дамудың жалғыз қолайлы жолы ретінде этносаралық және конфессияаралық келісімге айтарлықтай көңіл бөлінген.
Орнықты дамуды қалыптастырады
Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің әлеуметтік сипатын күшейтіп, саясаттың өзегіне адамды қоя отырып, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл туралы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов мәлімдеді. Ол Конституция жобасы ең алдымен әділдікке, теңдікке, құқықтарды қорғау мен мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Қоғамдық бірлестіктердің қызмет ету еркіндігін бекіту және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу аясын кеңейту нағыз азаматтық қоғамды дамытуға жол ашады. Мұндай қоғамда кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар мен бастамашыл топтар еңбек адамдарының, жастардың және әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың мүдделерін еркін қорғай алады. Бұл тең мүмкіндіктер мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарымен тікелей байланысты», деді ЖСДП төрағасы.
Сондай-ақ отырыста баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа жоба біртұтас, теңдестірілген және жете пысықталған құжат екенін айтты.
«Қоғамдық және парламенттік жұмыста адамдар мемлекеттен түсінікті ережелер, бәріне бірдей қарым-қатынас пен ертеңгі күнге деген сенімділікті күтеді. Бұл үміт Ата заңда қандай құндылықтар мен қағидаттар бекітілгеніне тікелей байланысты. Ұсынылған түзетулердің мәні – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Жаңа Конституцияның жобасы дәл осы логикаға құрылған. Ол адам құқықтары кепілдіктерінің біртұтас жүйесін қалыптастырады және декларациялармен шектелмей, оларды қорғаудың нақты тетіктерін жасайды», деп атап өтті ол.
Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, конституциялық дамудың тарихи эволюциясын және қоғам мен әлемдегі өзгерістерді ескере отырып, Ата заңды жаңарту – дұрыс қадам. Ол Қазақ КСР-де алғашқы Конституция 1937 жылы Одақтық Конституциядан кейін қабылданып, 40 жыл қызмет еткенін, содан кейін келесі Конституция 1978 жылы қабылданып, 1993 жылға дейін 15 жыл жұмыс істегенін еске салды.
«1993 жылғы Конституция бір жарым жыл ғана қызмет етті де, оның орнын 1995 жылғы Конституция басты. Әлеуметтік желілерде оны оқымай-ақ мақтап жататындар бар, бірақ Тәуелсіз Қазақстанда ол 1978 жылғы Конституциядан да аз жұмыс істегенін және ауқымды саяси дағдарысқа әкелгенін естен шығармауымыз қажет. 1995 жылғы Конституция – 30 жылдан аса уақыт бойы қолданыста. Бұл – 90 жылдағы барлық Ата заң арасындағы екінші ең ұзақ мерзім. Сондықтан оның ауысуы – қалыпты жағдай», деді М.Шибұтов.
Республикалық референдумға шығарылады
Отырыс соңында сөз алған Конституциялық сот төрағасы – Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова жаңа Конституция жобасы бойынша жүргізілген жұмыстың алдын ала қорытындысын шығарды. Комиссия мүшелері мен азаматтардың пікірлерін ескере отырып, ол Ата заңды республикалық референдумға шығаруды ұсынды. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Э.Әзімова азаматтық және заң қауымдастықтарының өкілдері, ғалымдар, құқықтанушылар, лингвистер, қоғамдық ұйымдардың мүшелеріне және Ата заңның тағдырына бейжай қарамай, өз ұсыныстарын білдірген мыңдаған азаматқа алғыс білдірді.
«Біз әрбір уәжді жан-жақты саралап, халықаралық тәжірибе мен ұлттық мүддені өзара сабақтастыра отырып, салмақты шешімдер қабылдауға ұмтылдық», деді ол.
Конституциялық комиссияның миссиясы басынан бастап айқын болғанын, ол азаматтардың көпшілігінің еркін көрсететін, құқықтар мен міндеттердің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін, мемлекеттілікті нығайтып, адам құқықтарының кепілдіктерін қорғауға бағытталған үйлесімді, салмақты Ата заң моделін әзірлеу екенін атап өтті Э.Әзімова.
«Бірнеше отырыс барысында талқыланған мәтін түбегейлі жетілдіріліп, түскен ұсыныстар ескерілді. Азаматтар, заңгерлік және азаматтық қауымдастықтар, сараптамалық алаңдардан түскен бастамалардың басым бөлігі жан-жақты талданды. Көптеген бап тікелей жобада көрініс тапса, басқалары мәтіндік нұсқада және концептуалдық шешімдерге әсер етті», деді комиссия төрағасы.
Э.Әзімованың айтуынша, Еуразия кеңістігінде мұндай жұмыс алғаш рет толық ашық режімде жүргізілді. Сондай-ақ ол Конституция нормативтік құқықтық актілердің бүкіл жүйесі үшін үлгі екенін еске салды: ол бағыт-бағдарды анықтайды, базалық қағидаттарды, адам мен азаматтың басты құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттілік және ұлттық мүдделердің негіздерін бекітеді.
«Конституцияны шамадан тыс жүктеуге болмайды. Қалған мәселелерді Парламент пен мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен құқықтық актілер арқылы реттеу көзделген. Көптеген идея алдағы заң шығару жұмысының негізіне айналып, конституциялық баптарды нығайтып, әрі қарай дамытуға ықпал етеді», деп атап өтті Э.Әзімова.
Оның айтуынша, комиссия мүшелерінің басым көпшілігі жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдады.
Э.Әзімова республикалық референдумды өткізу әрбір азаматқа өзінің конституциялық құқығын іске асырып, жаңа Конституция жобасы бойынша пікір білдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жаңа Ата заң әділдік, тұрақтылық пен қоғамдық сенімнің берік негізіне айналуға тиіс. Ол мемлекеттілікті нығайтып, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, еліміздің дамуының сенімді бағытын айқындайды», деп отырысты қорытындылады комиссия төрағасы.
Соңғы жаңалықтар
Күрделі кезеңдегі іргелі бетбұрыс
Сараптама • Бүгін, 08:15
Саясат • Бүгін, 08:10
Стратегиялық маңызды теміржол желісі іске қосылады
Саясат • Бүгін, 08:05
Газ саласын реттейтін құжат талқыланды
Саясат • Бүгін, 08:00
Елена Рыбакинаның 20 жетістігі
Теннис • Кеше
Жеңіл атлеттер Қытайда жеті жүлде олжалады
Спорт • Кеше
Дзюдошылар Парижде үш қолаға қол жеткізді
Спорт • Кеше
Қазақстандық биатлоншылар 2026 жылғы Олимпиадада жекелей сайыста өнер көрсетті
Олимпиада • Кеше
Ертең елордада мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқиды
Ауа райы • Кеше
Олимпиада-2026: Шыңғыс Ракпаров шаңғы қоссайысында 35-орынға жайғасты
Олимпиада • Кеше
Алматыда хирургтер 31 магнит жұтып қойған баланың өмірін сақтап қалды
Оқиға • Кеше
Жаңа Конституция: Сарапшылар қоғамдық тұрақтылық пен дамуға қолдау білдірді
Ата заң • Кеше
Президент азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша жиын өткізді
Президент • Кеше
Ерлан Қарин: Жаңа Конституция тұңғыш рет алдымен қазақ тілінде әзірленді
Ата заң • Кеше
Қостанай облысында интернет-алаяқтықтың жолы кесілді
Аймақтар • Кеше