Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Биыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Әне-міне, бұның да екінші айы құм сағаттай сырғып барады. Осы атаулы жылда алдағы кемі бір-екі онжылдыққа азық болатын жүйелі өзгертулермен есте қалатын қандай іс атқарған дұрыс? Сондай-ақ Мемлекет басшысының науқаншылдықтан ада болуды шегелеп тапсырғаны тағы бар. Осыған орай, біз сала сарапшыларын тартып, атаулы кезеңде кезек күттірмей шешуді қажет ететін түйткілдер мен түйінін тарқату жолын байыптап көрдік.
Не күтеміз?
Негізінен Үкіметте цифрландыру ісі, жасанды интеллектіні дамыту жұмыстары біраздан бері қолға алынды. Нақты міндеттер межеленген құжаты да бар. Бұған 2024–2029 жылдарға арналған «Жасанды интеллектіні дамыту» тұжырымдамасы тұздық бола алады. Осыған қоса «Жасанды интеллект туралы» Заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Яғни заңнамалық база жасалған. Енді арнайы қаулымен бекітілген атаулы жылдың жүгі қандай, міндеті нендей?
Жыл басында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осы атаулы кезеңдегі басты мақсат экономиканың барлық саласына серпінді технологияларды енгізу екенін айтты. «Жаңа цифрлық өнімдердің оң нәтижесін әр азамат сезінуге тиіс. Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Озық технологиялар саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап, сата білетін жетекші елдердің қатарына кіруге ұмтылуымыз керек», деді Үкімет басшысы.
Зейнеткер Айнагүл Еркінбекқызы интернеті нашар шалғай елді мекенде тұрады. Оның айтуынша, туысын үйіне уақытша тіркеу үшін не ауыл шетіндегі төбеге, не ауданға бару керек. Ауылдастарына ортақ мәселе шешілер деп атаулы жылдан үміт етіп отыр. «Өткен жазда үйімді жөндеуге екі балам мен немерелерім 1,5 айға келді. Учаскелік полиция 1 айдан аса уақыт тұратын болса, уақытша болсын тіркеуге тұру керек екенін айтты. Заңға бағынып, қосымшамен үйден шықпай тіркете қояйық десек, бетті сканерлеуден өткізуге келгенде айналып тұрып алды. Үкімет басшысының әр азамат цифрлық өнімдердің игілігін көруі керек дегенін теледидардан тыңдадық та. Енді соған осы жылы еліміздегі барлық ауылға жақсы, сапалы интернет жеткізіп, Еgov-ты еркін қолданатындай жағдай жасаса жөн еді», дейді зейнеткер.
Бұл негізі кейіпкеріміздің ауылдастарына ғана ортақ мәселе болмай тұр. Үкіметтің өткен аптада таратқан ақпаратында айтылғандай, елімізде 2606 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Биыл тағы 1900-ін қосу жоспарланған. Елімізде 6 мыңнан аса ауыл бар, демек әлі 1500 ауыл кезегін күтпек, бұл жылдың атқаратын салмақты жүгінің бірі осы секілді. Себебі жылдам интернет болмаса, цифрландырудың игілігін көру мүмкін емес.
Сан емес, сапа маңызды
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жасанды интеллект кафедрасының зерттеушісі, PhD Нұрзада Амангелді бұл бастаманы бағалау кезінде субъективті әсерге емес, 2024–2029 жылдарға арналған «Жасанды интеллектіні дамыту» тұжырымдамасында бекітілген нақты нысаналы индикаторларға сүйенуіміз қажет екенін айтады. Оның ойынша, аталған тұжырымдамаға сай 2026 жылы жасанды интеллект саласында кемі 100 ғылыми жарияланым мен 5 патентке қол жеткізу жоспарланған. Бірақ мұнда сан ғана емес, сапа маңызды. Халықаралық деңгейдегі беделді журналдардағы жарияланымдар мен коммерцияландыруға бағытталған зерттеулер басым болуға тиіс. Сонымен қатар кемінде 10 жасанды интеллект (AI) стартаптың пайда болуы ғылыми нәтижелердің нарыққа шығуының көрсеткіші болады. Егер зерттеу нәтижелері нақты секторда енгізіліп, экономикалық әсер бере бастаса, онда бұл бағытты сәтті деп бағалауға болады.
«Менің ғылыми көзқарасым бойынша елімізде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге қажетті базалық инфрақұрылым да, кадрлық әлеует те жеткілікті деңгейде қалыптасып келеді. Біріншіден, есептеу инфрақұрылымы бағытында нақты қадамдар жасалды: суперкомпьютер іске қосылды, деректерді өңдеу орталықтары құрылып, ұлттық платформа қалыптасып жатыр. Мемлекеттік деңгейде ведомстволық бағдарламалар қабылданып, стратегиялық құжаттар бекітілді. Бұл – технологиялық негіздің бар екенін көрсетеді. Екіншіден, кадрлық әлеует жағы: ЖОО-да AI пәндері енгізілді, халықаралық сертификаттау бағдарламалары іске асырылды, жас зерттеушілер мен стартаперлер белсенді. Отандық командалардың халықаралық олимпиадалар мен «Kaggle» платформасындағы жетістіктері адам капиталының сапасын көрсетеді. Мұндағы әлсіз тұс – техника, технологияда емес, институционалды һәм мәдени деңгейде, жауапкершілікте. Кей жағдайда мемлекеттік бастамаларға сенімсіздік, ортақ мақсатқа бірлесе жұмыс істеу жетіспейді. Яғни мәселе – инфрақұрылымның жоқтығында емес, оны бір бағытта жұмылдыруда. Егер әр зерттеуші, оқытушы, кәсіпкер, азамат осы стратегиялық құжаттарды формальды емес, ұлттық даму құралы ретінде қабылдап, өз үлесін қосса, әр ұйым қаражатты мақсатты, тиімді жұмсаса, міндетті түрде нәтиже болады. Мемлекет қаржысын ысырап етпеу – бәріміздің азаматтық міндетіміз», дейді ғалым Н.Амангелді.
Оның пікірінше, атаулы кезең ғылымға бір жылдық қана акция болмауға тиіс. Осынша AI агент іске қосылды, бұдан осынша мемлекеттік қызметті автоматтандырды, жұмысқа жұмсалатын уақыт осынша қысқарды, өнімділік мынанша артты, пәлен стартап құрылды, бұлар арқылы осынша қаражат таптық, осынша ғылыми жоба нарыққа шығып, өнімге айналды дегендей нәтиже көзге көрінгені керек. Әр ведомство жоспар емес, дәл көрсеткіш көрсетуге тиіс. Ең бастысы, жыл соңында көп іс-шара өткенін тізген есеп емес, дерек–инфрақұрылым – кадр – өнім тізбегі жұмыс істеп тұрғаны жөн. Яғни зерттеуден бастап нақты енгізуге дейінгі жүйе тұрақты жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана бұл бастама бір реттік науқан емес, ұзақмерзімді саясаттың нақты бастамасы болады.
Стартап жайбасарлықты «жаратпайды»
Стартап деген ұғым бар. Бұл – нарықта, кез келген салада бұрын болмаған шешімді тудыратын, қысқа уақытта ауқымды дамуды көздейтін жоба. Осындай стартаптардың нәтижесінде көп салада қарқынды дамудың барына көз жеткізіп отырмыз. «New York University»-де магистратура тәмамдаған ІТ университетінің түлегі стартапер Айнұр Нұрәділ Цифрландыру және жасанды интеллект жылында АІ негізінде жобаларды бастау қиын емесін, мұнда бастысы тарату екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, елімізде, әсіресе Астанада, AI негізіндегі стартапты бастау салыстырмалы түрде оңай. Бұған «Astana Hub», «Nazarbayev University» сияқты экожүйе элементтері үлес қосып отыр. Инфрақұрылым, акселерация бағдарламалары, бастапқы менторлық қолдау бар. Яғни идеядан «MVP» кезеңіне дейін жету мүмкіндігі жеткілікті. Алайда ең үлкен кедергі – масштабтау кезеңі.
«Стартап бастапқы фазадан өткен соң, өсімге, нарықты кеңейтуге, үлкен деректерге, институционалдық серіктестікке мұқтаж болады. Дәл осы кезеңде жүйелі, ұзақмерзімді қолдау бағдарламалары жеткіліксіз. Масштабтау – капитал, серіктестік пен мемлекеттік деңгейдегі интеграцияны талап ететін ең күрделі фаза. Мысалы, біздің «AR Sana» деп аталатын стартапымыз – балалардың сөйлеуін дамытуға арналған AI-жоба. Модельді үйрету үшін балалардың дауыс деректерін жинау керек. Бұл – өте нәзік әрі этикалық жағынан қиындау іс. Қазір деректерді қолмен, жеке жұмыс арқылы жинап отырмыз. Бұл уақытты да, ресурсты да көп талап етеді, масштабтауға кедергі келтіреді. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымдармен байланыс орнатуға, қанатқақты жоба ретінде мектептер арқылы деректер жинауға тырыстық. Бірақ мемлекеттік ұйыммен байланыс та ұзақ уақыт алады. Ал стартап экожүйесінде уақыт шешуші фактор саналады. Стартаптар баяу әрекетті «кешірмейді». Егер шешім қабылдау ұзаққа созылса, бұл жобаның даму қарқынына тікелей әсер етеді. Сондықтан негізгі мәселе – бастау емес, тарату, деректерге қолжетімділік пен институционалды серіктестік», дейді А.Нұрәділ.
Соңғы жаңалықтар
Қопа мектебіне қолдау көрсетілді
Мектеп • Кеше
Еліміздің кинотеатрларында жаңа Конституцияны қолдауға арналған бейнероликтер көрсетілді
Ата заң • Кеше
Михаил Шайдоров Олимпиадада өнер көрсеткен костюмін мұражайға тапсырды
Олимпиада • Кеше
Шахматтан республикалық чемпионат өтіп жатыр
Шахмат • Кеше
«Қазақфильм» киностудиясына 2,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды
Оқиға • Кеше
Астанада матч кезінде Конституциялық реформаларды қолдауға арналған ерекше акция өтті
Ата заң • Кеше
Семейде құқықтың quiz зияткерлік ойыны өтті
Аймақтар • Кеше
Ата заң • Кеше
Футболдан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері тағайындалды
Футбол • Кеше
Жүкті әйелдің өліміне байланысты Жамбыл облысындағы перзентханада тексеріс басталды
Оқиға • Кеше
Астанада жүк көлігі өртке оранды
Оқиға • Кеше
119 млн теңге жымқырған: Атырауда жекеменшік мектеп директорына үкім шықты
Аймақтар • Кеше
Еліміздегі ең ірі ЖОО оқытушылары мен студенттері референдумді қолдады
Референдум • Кеше
Жаңбыр мен қар, боран: Ертең елімізде ауа райы қандай болады?
Ауа райы • Кеше
Жаңа Конституция – елдің экологиялық қауіпсіздігінің берік тірегі
Қоғам • Кеше