Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Бұл қос кешеннің құрылысына «Arkantor» ЖШС жауапты. Компанияның үлескер тартуға рұқсаты жоқ. Олар азаматтарға құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтаймыз деп уәде еткен. Алайда күні бүгінге қос кешеннің құрылысы тоқтап тұр.
«Сұлтан Бейбарыс» кешені 98 пәтерден тұрады.Оның 79-ы сатылған. Жоспар бойынша 2024 жылдың төртінші тоқсанында халық игілігіне пайдалануға берілу тиіс еді.
Мұндағы әр шаршы метр алғашында 300 мың теңге көлемінде бағаланған. Үлескерлер жақсы жарнаманы көріп, қаржы құйған.
— 74 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер аламын деп 2024 жылы үй бағасының 50 пайызын төледім. 4 балам бар. Жалғызбасты анамын. Өзім тұрып жатқан үйімді сатып, жаңа үй алуды жоспарлаған едім. Кешен құрылысының аяқталар түрі жоқ. Қазір пәтер жалдап жүрмін. Құрылыс компаниясы әне аяқтаймыз, міне аяқтаймыз деп уәдеге тойдырды, — деді үлескер Райхан Нұрланқызы.
Айтуларынша, бұл компания осыған дейін түрлі мемлекеттік мекеменің құрылысын жүргізген. Репутациясы жақсы болғандықтан ақша салған.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / Kazinform— Біз сөйлескен сарапшылар «Сұлтан Бейбарыс» тұрғын үй кешенінің құрылысына шамамен 1 млрд теңгедей қаржы кеткен деп бағалады. Ал үлескерлерден жиналған қаржы 2 млрд теңгеден асады. Бізге ақшаның қайда кетіп жатқаны жөнінде есеп беріп жатқан ешкім жоқ, — дейді тағы бір үлескер Рүстем Жолдыбаев.
Ал «Әлия» тұрғын үй кешені бойынша 80-нен астам салымшы бар. Кешен жоспар бойынша 6 блоктан тұруы тиіс. Яғни, 396 пәтер болуы қажет. Бүгінде оның 64-і сатылған. Қазір тек бір үй салынған. Онда да құрылысы толықтай аяқталмай, 8 қабат ғана көтерілген.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / Kazinform— 2021 жылы «Әлия» тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін 12 млн теңге төледім. Қазіргі уақытта үйдің құрылысы тоқтап тұр. Әкімдіктен үйдің құрылысын аяқтау үшін инвестор тауып беруін сұраймыз. Бұл мәселе шешілмесе салған ақшамыз қайтарылсын, — дейді үлескер Әсет Сырым.
Мәселенің мән-жайы шенеуніктерге жақсы таныс. Осыған дейін бірнеше рет кездесу өткен. Бірақ бұл тақырыпқа нүкте қойылмаған.
Қазір қала билігі тұрғындардың арасынан белсенді топ құрып, мердігерді сотқа беру керек деп отыр. Жергілікті қазынадан бұл үйдің құрылысын аяқтауға қаржы бөлінбейді дейді шаһар басшысы Шәкір Кейкин.
— Осы тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауға ниетті үміткер әлі табылмады. Яғни, басқа мердігер іздеп жатырмыз. Осындай жағдайлар бұған дейін де кездескен. Кешен құрылысын басқа мердігер қолына алса пәтер бағасы қымбаттауы мүмкін, — деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин.
Салымшыларды сандалтып қойған құрылыс компаниясы болса қаржылық жағдайымыз мүшкіл, банкрот болудың аз-ақ алдында тұрмыз дейді. Жарты жылдан бері мекеменің есепшоттары бұғаттаулы. Өйткені, кей мекемелерге төлемді уақытылы жасамаған.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / KazinformАл құрылыстың толық аяқталмауын алғашында жасалған экономикалық есептің қате болуымен байланыстырады.
— 2022-2025 жыл аралығындағы инфляция дұрыс болжанбады. Сондықтан қаржылық жағдайымыз құрылысты аяқтауға мүмкіндік бермейді. Әу бастағы жоспар бойынша «Сұлтан Бейбарысқа» 2,5 млрд теңге керек болды. Ал қазір бұл қаржы 3 млрдтан асып кетті. Бұл үйдің құрылысы 65 пайызға бітіп тұр. Үлескерлерден түскен ақша құрылысқа жұмсалды. Ал біздің компания атынан 500 млндай ақша кетті. Тұрғындардан «Әлия» кешені бойынша 800 млн, «Сұлтан Бейбарыс» бойынша 1,7 млрд теңге жиналды. Бұл мәселе өткен жылдың тамызында басталды. Банкроттан шығару үшін оңалту шараларын қабылдаймыз. Яғни, мемлекеттік жобаларды іске асыру үшін тендерлерге қатысып көреміз. Тендерді ұтқан жағдайда құрылысты өзіміз жалғастыра беруіміз мүмкін, — деді құрылыс компаниясының директоры Болатбек Тәжіғұл.
Үлескерлердің базынасын тыңдаған топтың қатарында прокуратура өкілдері де болды. Олар азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге дайынбыз деп отыр. Яғни, мәселе сот арқылы шешілмек.
Құрылыс компаниясына осыған дейін үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін бірнеше рет айыппұл салынған. Ал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Нариман Биғали тұрғындар тарапынан ешқандай арыз түспегендіктен тексеріс болмады деп отыр.
Айта кетейік, тұрғын үй кешенінің бірі — Жайық өзенінің орталықтағы жағалауында, екіншісі «Нұрсая» ықшамауданында орналасқан.
Фото: Нұрбибі Теміртасова / KazinformБұған дейін Атырау әкімдігі «Талқайраң-2» ықшамауданында апатты деп танылған 14 үйдің мәселесін шешу үшін демеуші іздеп жатқанын жазған едік.