Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Атырау билігі Жайық өзенінің оң және сол жақ жағалауында орналасқан ықшамаудандарды орталықтандырған кәріз жүйесін қосуға бағытталған жобалар аясында 50-ден аса кәріздік сорғы станция салынатынын мәлімдеді. Өткен жылы Жұлдыз-1, Жұлдыз-2, Геолог және Мирас шағын аудандарына 92 шақырым желі салу жұмысы басталған еді. Тілек Махуовтың сөзінше, бұл жұмыс аяқталуға жақын.
Екінші кезең бойынша Сарықамыс, Балауса ықшам аудандарына желі тарту жұмысының жобасы аяқталып жатыр. Қаржы бөлінген жағдайда бұл аумақтарда жұмыс биыл басталмақ. Бірнеше жылдан бері жер үйде тұратын қала халқын бүгінде салынып жатқан құбырдың диаметрі алаңдатады. Жобаға диаметрі 100-дік құбыр да пайдаланылып жатыр. Тұрғындар алдағы уақытта жүйе бітеліп, мәселе туындауы мүмкін деп отыр. Дегенмен әкімдік жобаның мемлекеттік сараптамадан өткенін, жүйелердің бойына сорғылар қойылатындықтан проблема болмайды дейді.
— Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Мұның барлығы есеппен шыққан жобалар. Желілердің бойында бірнеше сорғы болады. Құбыр бойы бітелмейді. Сорғылардың күші жетеді, — деп пікір білдірді қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов.
Жайық өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Жұлдыз-1, Жұлдыз-2, Ақсай, Ақжар сынды елдімекендерге жүргізілетін желілер Талқайраң ықшамауданында салынып жатқан диаметрі 400-500 мм-лік негізгі кәріз желісіне қосылады. Ал Сарықамыс ықшамауданына жүргізілетін желі Лесхоздағы кәріз сорғы станциясымен байланыстырылады.
Шенеуніктер барлық жобаны іске асыруға қажетті қомақты қаржының бір жылда бөлу мүмкін емес екенін, жұмыс бекітілген жоспар бойынша кезең-кезеңімен іске асатынын айтты. Кем дегенде 4-5 жыл уақыт керек дейді қала басшылығы.
Бүгінде Атырау қаласы бойынша қолданыста 300 шақырымға жуық кәріз желісі бар. 80-ге жуық кәріз сорғы станция жұмыс істейді. Оның 45-і жаңғырту мен жөндеуді қажет етеді. Былтыр жетеуі жаңартылса, биыл мұндай жұмыс 7 стансада жүріп жатыр.
— Кәріз желілерін санация әдісімен тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 3 кезең 33 шақырымды қамтиды. Бұл жұмыс нәтиже беріп жатыр. Жоспар бойынша істелу керек жұмыстың 45 пайызы аяқталды, — деп толықтырды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов.
Бұған дейін Атырау қаласындағы «Мирас», «Жұлдыз-2», «Сарықамыс», «Жұмыскер», «Өркен», «Көктем» секілді бірнеше ықшам аудан тұрғындары ондаған жыл бойы жерасты суының зардабын шегіп отырғанын жазған едік.
Жаңбыр мен қар жауғаннан кейін жерасты суы көтеріліп, жер бетіне шығып, халықты әбігерге салады. Салдарынан жер үйлердің іргетасы отырып, қабырғаларда жарық пайда болған. Осылайша, тұрғын үйлерге қауіп төніп отыр.