Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Өзінің отыз жылдық мансабында Ерсін Жүнісов 10 мыңға жуық ота жасаған, талай науқастың аяғынан тік тұруына себепші болған. Әсіресе ең танымал ота — 2016 жылы Жамбыл облысында ұшақ апатынан аман қалған Әсем Шаяхметоваға жасалған еді.
— Азаматтық авиация саласындағы ауыр жарақаттан аман қалу жағдайларын тұтас әлем жүйелі түрде зерттейді. Әсемнің жағдайы да кезінде көпшіліктің назарында болды. Бұл оқиға, біріншіден, оның өмірге деген жігері мен төзімділігін көрсетсе, екіншіден, отандық медицинаның деңгейін айқындады. Сол аралықта біз республикалық санитарлық авиация қызметін жаңадан іске қосып жатқан едік. Оған дейін тәуелсіздік алғалы алғаш рет халықаралық озық тәжірибелер мен клиникалық тұжырымдамаларды енгізген болатынбыз. Дәл осы тәсілдер ауыр, күрделі жарақат алған науқастарды аман алып қалуға мүмкіндік берді. Әсеммен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Жалпы, науқастар сауығып, қалыпты өміріне оралған соң, асқыну болмаса, дәрігерге жиі келе бермейді. Өзіміз ғылыми бақылау аясында белгілі бір уақыт аралығында науқастарды қадағалап отырамыз және ғылыми зерттеулерімізге қосамыз, — деді дәрігер.
Биыл да 9 наурызда Ерсін Жүнісов Нью-Йорк — Ташкент бағытындағы рейсте кенеттен есінен танып қалған жолаушының өмірін құтқарып қалған. Дәрігер оған әуеде шамамен 10 сағат бойы көмек көрсетіп, жердегі әріптесімен үздіксіз байланыста болған.
— Біз АҚШ-та өткен ортопедтер конгресіне қатысып, Нью-Йорк — Ташкент рейсімен елге қайтып келе жатқанбыз. Ұшақ көтерілгеннен кейін шамамен үш сағат өткенде бортта «Дәрігер қажет» деген хабарландыру жасалды. Сөйтсек, 19 жастағы жігіт есінен танып қалыпты. Мұндай жағдайда әдетте бірнеше маманның көмегі қажет. Науқастың жүрек соғысы тұрақсыз болды: бірде соғады, бірде тоқтап қалғандай, ал пульсі өте жиі соғып тұрды. Бірақ ұшақта 246 жолаушы болса да, менен басқа дәрігер табылмады. Жақын маңда қону мүмкіндігі де болмады. Себебі Гренландия аумағының үстінде ұшып келе жатқанбыз, ең жақын әуежайға дейін тағы 2-3 сағат уақыт бар еді, — деп еске алды дәрігер.
Дәрігер ұшақтың Wi-Fi желісіне қосылып, өзінің курстасы, кардиоритмолог Аян Әбдірахмановқа хабарласқан. Оның нұсқауымен науқастың жағдайын бақылап, есін жиған сәттерде тыныс алуын реттеген.
— Мұнда тілдік кедергі де болды. Өзбек жігіті орыс тілін білмейді, сондықтан борттағы өзге жолаушылар менің сөзімді өзбек тіліне аударып отырды. Кейін анықталғандай, жолаушының бұрыннан жүрек ауруы болған. Соңғы 1-2 аптада мазасыздық көбейіп, емделу үшін Өзбекстанға бара жатқан екен. Ұшақ Ташкентке шамамен 9 сағат 20 минутта қонды. Сол жерде науқасты жедел жәрдем қызметіне тапсырып, әрі қарай мамандардың бақылауына бердік, — деді Е. Жүнісов.
Қазір Ерсін Жүнісов Астанада ота жасауға қажетті медициналық құрылғылар өндіретін зауыт ашып, отандық өндірісті дамытуға күш салып жатыр. Онда операциялық үстелге арналған қосымша құрылғылар, спицалық аппараттарға арналған жартылай квадраттар, түрлі фиксациялық және арнайы медициналық бөлшектер шығарылады.
— Травматология мен ортопедия — қолданбалы ғылым. Біз әртүрлі құрал-жабдықтар мен сүйекті бекітетін конструкциялар әзірлейміз. Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азияда мұндай өндіріс бұрын болмаған. Бірқатар шәкірттерім өздері ойлап тапқан құрылғыларды Польша, Қытай, Түркия елдерінде жасатып жүрді. Тіпті Польшада жасалған бір құрылғыға Германия қызығушылық танытып, өндірісті қолға алуға ниет білдірді. Сол кезде «Неге өзімізде өндірмеске?» деген ой келді. Өйткені бұған дейін ортопедия саласындағы барлық құрал-жабдық толығымен импортпен келетін. Соңғы үш жылда осы бағытты жүйелі түрде қолға алып, өндірісті жолға қойдық. Астана әкімдігі мен салалық министрліктің қолдауымен зауытты іске қостық. Қазір өнімдер аудандық, қалалық және облыстық ауруханаларға жіберіліп жатыр. Орталық Азияда алғаш рет ашылып отырған өндіріс болғандықтан, біздің басты мақсат — сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну, — дейді Ерсін Жүнісов.
Айта кетейік, елімізде инфаркттан болатын өлім 3,2%-ға, инсульттан өлім-жітім көрсеткіші 25%-ға азайды.