Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Парадигманың ауысуы ескі суперпрезиденттік жүйеден бас тартуды талап етеді. Осының нәтижесінде дүниеге келген теңгерімді жаңа жүйеде Президент билік тармақтарынан тыс: Мемлекет басшысы дәстүрлі билік тармақтарының ешбіріне кірмейді. Ол – арбитр және үйлестіруші, билік тармақтары арасындағы үзіліссіз іс-қимылды қамтамасыз етеді. Тұрақтылықтың кепілі ретінде Президент саяси жүйені дағдарыстан қорғаушы және қоғамдық тепе-теңдікті сақтаушы. Биліктің функционалдық бөлінісі барысында Президенттің тікелей үстемдігі азайып, оның негізгі қызметі ретінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтап, олардың жұмысын үйлестіру алдыңғы қатарға шығады. Керісінше, заң шығарушы орган – Құрылтайдың рөлі айтарлықтай күшейтіліп, атқарушы орган – Үкіметтің операциялық дербестігі артып, сот билігінің толық тәуелсіздігі нығайтылады.
Нәтижесінде, биліктің жауапкершілігі қайта бөлінбек. Мұнда Президент стратегиялық бағытты айқындайды және саяси тұрақтылықтың кепілі болады. Құрылтайдың заң шығару ықпалы артып, халық атынан бақылау жасау әлеуеті күшейеді, ал Үкімет толықтай Құрылтай алдында есеп беретін болады. Заң шығару үдерісіндегі теңгерімді Құрылтайдың негізгі заң шығарушы орган ретіндегі дербестігі мен рөлінің артқандығынан көруге болады. Бұл жерде Президенттің заң шығару бастамашылдығы сақталғанымен, рөлі салыстырмалы түрде қысқарған. Ол қабылданған заңға қол қояды. Яғни бұл шектеулі, бірақ маңызды ықпал деуге болады. Енді Құрылтайға келсек, онда ол ұлттық диалог алаңы ретінде ашық саясат тетігін іске асыратын қоғамдық үнге айналмақ. Оны қоғамдық пікірді тікелей Президентке жеткізуші ұлттық алаң деп қарастырған жөн. Сонымен бірге осындай кері байланыс орнауының арқасында Президент Құрылтай арқылы халықпен тиімді қарым-қатынас орнатады. Нәтижесінде, мемлекет пен қоғам арасындағы ашықтық пен сенімнің артары сөзсіз.
Үкіметті қалыптастыру мен оның жауапкершілігін арттыру мәселесінде Құрылтайдың Премьер-министрді тағайындаудағы рөлінің күрт жоғарылайтыны анық. Президент өзіне бақылаушы және келісуші рөлін алып, формальды бекіту функциясына ие болып отыр. Ал Үкімет болса, экономика мен стратегияны жүзеге асыруда толық дербес әрекет ете алады. Ендеше, Үкімет тікелей Құрылтайға тәуелді болып, саяси жауапкершілік толығымен Үкімет пен Құрылтайға ауысады. Үкіметтің толық операциялық жауапкершілігі де қамтамасыз етілген. Құрылымдық тұрғыда министрліктер толығымен Үкіметке бағынады. Президент күнделікті басқарудан босатылған, стратегиялық деңгейдегі жоғары атарушы биліктің символдық басшысы.
Жаңа конституциялық модельде Вице-президент лауазымын инновация деп қарастырған абзал. Сондықтан аталған институтты енгізу барысында өкілеттіктердің одан әрі бөліну үдерісі басталып, Вице-президент Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бо-йынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Ол Мемлекет басшысы айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын болады.
Халық Конституциясына сәйкес, Президенттің тікелей құзыретіне мемлекеттің қорғанышы болу да жатады. Себебі қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат саласы «Күшті Президент» қағидатының сақталатынын көрсетеді. Демек ішкі саясат пен экономика орталықсыздандырылғанымен, мемлекеттің сыртқы тұтастығы мен оның қауіпсіздігі тікелей Президентке бағынышты болмақ.
Әділ сот және теңгерімді бақылаудағы жаңа жүйенің белгілеріне сот тәуелсіздігінің нақты артуын, конституциялық бақылаудың теңгерімді тетігін және Жоғарғы Сот Кеңесінің мәртебесі мен ықпалының күшеюін жатқызуға болады. Ал Президент Тәуелсіздікке кепілдік беруші ретінде кадрлық тағайындауларға қатысады, бірақ басқа институттардың да қатысуы кеңейтіліп, саяси монополия азаяды.
Жаңа Конституцияда диалогтік мемлекет моделін құруға үлкен қадам жасалған. Құрылтай қоғамдық диалогті ең жоғары алаңы болса, Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін кеңесші органға айналмақ. Бұл үдерісті ел көлемінде орталықсыздандырылған жергілікті басқарудың тірегі саналатын мәслихаттар мен сайланбалы әкімдер ілгерілететін болады. Ал Президент – «байланыс арнасы». Қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты орнатушы, қоғамдық және этносаралық келісімді қамтамасыз етудің басты кепілі.
Көріп отырғанымыздай, демократиялық орталықсыздандыру мәселесінде өңірлерге ерекше мән берілген. Өңірлік билікте мәслихаттардың рөлі мен өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілген. Жергілікті басқаруда әкімдерді тікелей сайлау элементтері енгізіліп отыр. Мұндағы Президенттің ұстанымына келер болсақ, онда ол жергілікті билік пен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту стратегиясын ғана айқындайды. Микроменеджменттен бас тарту арқылы Мемлекет басшысы аймақтық биліктің жұмысына тікелей араласпайды, оған тек қана жанама ықпал етеді. Сонымен билік теңгерімінің іс жүзіндегі көрінісінде Президенттің тікелей үстемдік етпейтіні, тек сол тетіктің мінсіз жұмыс істеуін қадағалайтындығы айқын байқалады.
Жаңа конституциялық модельдегі Президент институтының трансформациясында үш басты өзгеріске куә болып отырмыз. Біріншіден, ол – суперпрезиденттік жүйеден теңгерімді президенттік-парламенттік модельге өту. Екіншіден, Президент билікті шоғырландырушыдан, оны үйлестіруші және оған стратегиялық бағыт берушіге айналады. Үшіншіден, аталған институт тікелей басқарушыдан, саяси жүйенің тұрақтылығына және кепіліне трансформацияланады. Мұны демократиялық жүйеге қарай жасалған нақты беталыс деп түсінген жөн. Сонымен бірге өзара бақылау күшейтіледі. Билік тармақтары арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйелі дағдарыстардың алдын алуды қамтамасыз етуі керек. Бұл – әр элемент басқаларын қолдайтын және демократиялық дамудың қайтымсыздығын қамтамасыз ететін тұрақты теңгерімді модельдің орнығуына алғышарт жасалды деуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін бұрынғы Парламент палаталарының бірлескен отырысында республикалық референдумда қабылданған жаңа халықтық Конституцияны іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заңдар қабылданды. Нәтижесінде, Президент туралы заң жаңа Конституцияның ережелеріне бейімделіп, оның нормалары пысықталып, редакциялық тұрғыдан жақсартылды. Сол сияқты бір палаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негізі бекітілді. Аталған құжатта Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметі құқықтық тұрғыда реттеліп, депутаттардың да құқықтық мәртебесі айқындалды. Бұл Құрылтай мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеп, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне негіз болады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңдары, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң және Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шықты. Мұнымен қоса, Президент Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Конституцияда әкімшілік сот төрелігі сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітілді.
Бұл заңдар жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртып, аталған құқықтық реформалар елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін бермек. Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сонымен бірге қолданыстағы заңнамаларды Конституция талаптарына сай өзгерту жұмысы жалғасып, Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіру жөнінде қажетті шараларды атқармақ. Бұл өзгерістер күшіне енген соң, мәслихаттардың ықпалы артады. Жақын арада Құрылтай сайлауы өтуі керек және Халық кеңесі құрылатын болады. Бұл орган түрлі өңірлердің, әлеуметтік топтар мен құрылымдардың мүдделерін біріктіріп, бірыңғай ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Осылайша, ол халықтың шынайы үнін жеткізетін, стратегиялық деңгейде ықпал ететін бірегей институтқа айналуы керек.
Сонымен жаңа Конституцияны іске асырудың құқықтық тетіктерін бекіту мемлекеттік билік тармақтарының мәртебесі мен құзыреттерін нақтылады. Бұл ауқымды саяси реформаның іске асырылып жатқанының нақты көрінісі. Еліміздің басты құжаты Президент Қ.Тоқаев атап айтқандай, болашаққа бағытталып, қазақ қоғамының дамуының қозғаушы күшіне айналмақ. Бұл үдеріс халықтың болмысын, ұлттық құндылықтар мен сана-сезімін, азаматтардың дүниетанымын өзгертпек. Ол «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырып, қоғам мүшелерін заңды құрметтеп, қадірлеуге, оны қолдауға шақырады. Жаңа Конституция адам және оның өмірін басты құндылық ретінде танып, азаматтардың барлығына тең мүмкіндік беретін және олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін әділетті қоғам құрудың кепілі болмақ. Сонымен бірге халық Конституциясында заң үстемдігін қамтамасыз ету мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың басты міндеттері ретінде айқындалған. Ендеше мұны мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайтудың және еліміздің тұрақты дамуы, халық пен билік арасындағы өзара сенім мен келісімнің кепілі деуге толық негіз бар. Демек түбегейлі өзгерістер ішкі саясаттың мазмұнын жаңартып, оның бағыт-бағдарын айқындай түсетіні анық.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері