Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Керекуде бірнеше күн қатарынан соғып тұрған ақ түтек боран талай жолаушының сапарын бөгеп, жол қозғалысын қиындатты. Осындай сын сағаттарда жол бойында тұрып қалған көліктерге көмекке келіп, ат құлағы көрінбейтін боранда жол көрсеткен Мария Бедринаның әрекетін көпшілік ерлікке балап отыр.
Ол Ақсу мен Павлодар қалалары арасындағы автожолда тұрып қалған көліктердің алдына шығып, төрт шақырым бойы жаяу жүріп отырған. Соның нәтижесінде барлық жолаушы Павлодар қаласының іргесіндегі Атамекен кентіне аман-есен жеткен.
Мария Николаевнаның жұртты сүйсінткен бұл ісі қазір әлеуметтік желіде тарап жатыр. Ал қайсар жан өз әрекетін ерлік деп ойламайды.
- Бұл күні отбасымызбен Ақсу қаласынан үйімізге оралып келе жатқан едік. Тереңкөл ауданының орталығында тұрамыз. Көлік рулінде күйеуім болды. Сағат күндізгі үш-төрттердің шамасында Ақсудан ұзай бергенде ауа райы күрт бұзылып, ақ түтек боран басталып кетті. Жол мүлде көрінбей қалған соң, жиекке түсіп кетеміз бе деп қорыққан көліктер бірінен соң бірі тоқтай бастады. Сол сәтте ең бастысы Атамекен кентіне жетуіміз керек екенін, тұрып қалсақ көліктерімізді қар басып қалатынын түсіндім де, көліктен шығып алға қарай жүре бердім. Сөйтсем біздің алдымызда шамамен алты көлік тұр, оның үшеуі жолдың екі жолағын да жауып тұр. Арлы-берлі көліктердің өтуі мүмкін емес. Біреу жол бастауы керек болды. Ал жолдасым көлік рулінде маған қарағанда өзін сенімдірек сезінеді. Сондықтан алға шықтым да, алғашқы тұрған көліктің терезесін тықылдатып, соңымнан ер деп белгі бердім, - дейді ол.
Осылайша ол бірде тоқтап, бірде алға жылжиды. Күн сәл ашылған сәтте көліктердің басында келе жатқан өзге әйел адамның көлігіне мініп, жылынып отырған. Шамамен төрт шақырым жолды басып өткенде Атамекен кентіне кіреберістегі көпірге жетеді.
Фото: Мария Бедринаның жеке мұрағатынан- Мен үшін ең бастысы бұл күні үйге аман-есен жету еді. Үйде балаларымыз күтіп отыр. Салонда бізбен бірге қызым болған, оның өмірі үшін де алаңдадым. Оның үстіне колоннаның алдындағы көлікті басқарып келе жатқан әйел адамның бойындағы үрейін басқым келді. Мені көріп, жүрегі орнына түсті. Ең қызығы, бойымда қорқыныш деген мүлде болған жоқ. Әлі аяз тұра қоймаған уақыт еді, жаураған да жоқпын. Тек сол сәтте былтыр теледидардан көрген бір оқиға ойыма оралды. Боранды күні жас полицей қаншама көліктерді жаяу бастап, қар құрсауынан алып шыққан. Ол уақытта аяз болған еді, ал менің жағдайым оған қарағанда тәуір екенін сезіндім, - деп қосты Мария Николаевна.
Мария Бедринаның жасы 49-да. Бүгінде Тереңкөл ауданына қарасты Песчан №1 мектебінде математика мен информатика пәндерінен сабақ беріп жүр. Білім саласындағы жалпы еңбек өтілі 25 жылдан асады. Жолдасы екеуі отбасында үш бала тәрбиелеп отыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары бүгінде Мария Николаевнаның батылдығын ерлікке балап, оны марапатқа ұсынуға лайық деп жазып жатыр. Қайсар нәзік жанның көпті тәнті еткен ісі өзгелерге үлгі боларлықтай.
Еске сала кетейік, өткен тәулікте Павлодар облысында қар құрсауынан 30-ға жуық адам құтқарылды.