Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қызметкерлердің мәліметінше, 2024 жылы Атырау қалалық мәслихаты автопарк жүргізушілерінің жалақысын 530 мың теңге көлемінде бекіткен. Алайда содан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де, олардың ешқайсысы бұл соманы толық көлемде алмаған. Жүргізушілердің айтуынша, шын мәнінде алатын табыстары әлдеқайда төмен.
Белгілі болғанындай, «Алғабас», «Атырау – автопаркі» басшылығы сәуір айынан бастап еңбекақы мөлшерінің төмендейтіні туралы ескерту жасаған. Бұған дейін компания қызметкерлерге бір сағаттық жұмыс үшін 3 500 теңге төлеп келген. Енді бұл төлем 2 480 теңгеге дейін азайтылмақ. Ал жүргізушілер бұған наразы.
«Біздің талабымыз – Атырау қалалық мәслихаты бекіткен 530 мың теңге көлеміндегі жалақының толық төленуі және барлық міндетті әлеуметтік аударымдарды қалпына келтіру», – дейді жүргізушілер.
«Бізге: «500 мың теңге жалақыны мамырға дейін аласыздар», – деді. Жұмысымыз оңай емес. Таңғы 6.00-дан түнгі 22.00-ге дейін халықты тасып жүреміз. Жүргізушілер автобустарды да жуамыз, көлікті таза ұстап отырмыз. Сондағы алатынымыз – 280 мың теңге. Тек жүктемеміз көбейген кезде ғана 400 мың теңге алып жүрдік. Желтоқсаннан бері міндетті медициналық сақтандыру да төленбеген. Сырқаттансақ, жеке емханадағы дәрігерлерге баруға мәжбүрміз. Біз артық ештеңе сұрамаймыз. Осыдан екі жыл бұрын Атырау қалалық мәслихаты бекіткен жалақымыз толық көлемде төленсін», – дейді «Алғабас» автопаркінің жүргізушісі Ержан Жармұқанов.
Қоғамдық көлік жүргізушілерінің айтуынша, жалақы теңсіздігі бір немесе екі автопаркке ғана қатысты емес.
– 2024 жылдың жазында жалақымызды көтерді. Өзіміз сол айлыққа қанағаттанамыз. Атырауда 7 автопарк жұмыс істейді. Соның бесеуінде жұмыс істейтін жүргізушілер төменгі жалақы алып отыр. Түсінгеніміз бойынша, біздердің айлығымызды солармен теңестірейін деп отыр. Ал біз оған қарсымыз, – дейді автобус жүргізушісі Меңдігерей Аманов.
Осы жағдайға байланысты, Атырау қалалық әкімдігі ресми түсініктеме берді. Әкімдіктің ресми өкілі Еркеназ Қалижанның айтуынша, жүргізушілердің талабы негізсіз емес.
– Қоғамдық көлік саласында жұмыс істейтін жүргізушілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және саладағы кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында, Атырау қаласы әкімдігі тарапынан 2024 жылдан бастап жүргізушілердің еңбекақысы кезең-кезеңімен ұлғайтылып, қазір белгіленген мөлшерде төленуі қамтамасыз етіліп келеді. Жүргізушілердің еңбекақысы жолаушылар тасымалына бөлінетін субсидия құрамына енгізілген және барлық автопарктер үшін бірдей қарастырылған.
Туындаған мәселе «Атырау – Автопарк» және «Алғабас» автопаркінің қызметіне қатысты. Жиналған жүргізушілерді автопарк басшылығы қабылдап, аталмыш жағдай бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Келіссөздер нәтижесінде жағдай реттелді. «Атырау – Автопарк» және «Алғабас» автопарктеріне қатысты туындаған мәселе бойынша тараптар келісімге келді. Нәтижесінде, қызметкерлердің жалақы қоры 531 962 мың теңге көлемінде сақталатын болды. Сонымен қатар 16 пайыз көлемінде үстеме шығын қарастырылды, – деді спикер.
Бүгінде Атырау қаласы бойынша 7 автопарк жұмыс істейді, олардың балансында 302 автобус бар. Бұл – қала тұрғындарының күнделікті үйден жұмысқа, оқушылар мен студенттердің сабаққа, зейнеткерлердің діттеген жеріне қатынауын қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым.
Жанат Еркінова – қоғамдық көліктің тұрақты қолданатын қала тұрғыны. Ол қала сыртындағы Дамбы ауылында тұрады. Жұмысы – қала ішіндегі Рахат шағынауданында. «Жұмысым таңғы 9-да басталады. Үйден таңғы 7-де шығып кетуге тырысамын. Содан екі автобусқа мініп, қалаға жеткенімше сағат 9-ға таяп қалады. Жыл мезгіліне, ауа райының түрлі «мінезіне» қарамастан, біздерді тасып жүрген қоғамдық көліктерге ризамын. Кейде ауа райы бұзылса, аялдамада тұрып қалатынымыз бар. Бірақ бәрібір 2000-3000 теңгеге такси алғанша, 80 теңге төлеп, діттеген жерге жету әлдеқайда тиімді, қалтаға да ыңғайлы. Қарапайым адам болғандықтан, бізге жолақысын үнемдеу ыңғайлы», – дейді ол.
Бұл бір ғана Жанаттың емес, қоғамдық көлікті күнделікті қолданатын қарапайым тұрғындардың пікірі деуге болады. Сондықтан айтпағымыз, автобус жүргізушілерінің қызметі – халық үшін өте маңызды сектор. Демек, автобус жүргізушілерінің еңбек жағдайы – әркез бірінші орында болуға тиіс.
Айта кетелік, Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерді субсидиялау үшін 11 млрд теңгеге жуық қаржы керек. Қаражаттың шектеулі болуына байланысты жергілікті қазынадан әзірге 2 млрд теңге бөлінген. Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сәрсенов айтуынша, субсидия көлемінің артуына жанар-жағармай бағасының, автобөлектердің қымбаттауы, жолаушылар санының, жүргізушілер жалақысының артуы сынды факторлар әсер етеді.
– Қазіргі уақытта Атырау қаласы аумағында 38 бағыт болса, оның 36-сына субсидия беріліп отыр. Оның көлемі жолаушылардың ағынына, бағыт пен автобус саны сияқты бірнеше факторға байланысты. Арнайы бекітілген талап пен есептеу жүйесі бар, соған сәйкес қаржыландырылады, – деді Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сәрсенов.
Қалай десек те, қоғамдық көлік – қала өмірінің ажырамас бөлігі, ал жүргізушілердің жағдайы оның сапасына тікелей әсер етеді.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы