Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
- Ольга Владимировна, қандай жағдайда неке заңсыз деп танылуы мүмкін?
— Елімізде сот тәртібімен неке бұзылып қана қоймай, жарамсыз деп танылуы мүмкін. Мұндай талаппен сотқа ерлі-зайыптылардың біреуі, прокурор, кәмелетке жасына толмаған жұбай немесе оның заңды өкілдері жүгіне алады. Егер сот некені жарамсыз деп таныса, ол неке тіркелген сәттен бастап заңды күшін жояды.
Некеге тұруға жасының сәйкес келмеуі, мәжбүрлеу арқылы қиылған неке, бұрынғы некенің заңды түрде бұзылмауы, жақын туыстар арасында неке қию, жалған неке (отбасын құру емес, белгілі бір құқыққа қол жеткізіп немесе мәртебе алу мақсатында), сондай-ақ жұбайлардың бірі қауіпті ауруын жасырған жағдайда да некені заңсыз деп тануға болады.
— Неке қандай жағдайда АХАТ арқылы, ал қашан сот арқылы бұзылады?
— Егер ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балалары болмаса, мүлікке қатысты дау туындамаса және екі тарап та ажырасуға келіссе, неке тіркеу органдары арқылы бұзылады. Сонымен қатар жұбайлардың бірі сот арқылы хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз деп танылса немесе 3 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылған жағдайда да АХАТ арқылы ажырасуға болады.
Ал егер ортақ кәмелетке толмаған балалар болса, тараптардың бірі ажырасуға қарсы болса немесе мүліктік даулар туындаса, неке міндетті түрде сот тәртібімен бұзылады.
- Екінші жұбайдың келісімінсіз ажырасуға бола ма?
— Иә, болады. Мұндай жағдайда сот ажырасу туралы талапты қарайды. Егер тараптардың бірі қарсы болса, сот татуласу үшін алты айға дейін мерзім белгілей алады. Алайда бұл мерзімнен кейін де келісімге келмесе, сот некені бұзу туралы шешім шығарады.
Фото: Ольга Гаврик- Ажырасу кезінде жиі жіберілетін қателіктер қандай?
— Ең үлкен қателіктің бірі, менің ойымша, баланы ата-аналар арасындағы дау-дамайға араластыру. Бұл баланың психологиялық жағдайына ауыр әсер етеді. Бірақ ажырасуға бел байлаған жұптар көп жағдайда бұған мән бермейді, керісінше жұбайына әсер ету үшін, жағдайды өз пайдасына шешу үшін, мысалы алименттен, дүние-мүліктен бас тартуға мәжбүрлеу мақсатында баланы пайдаланады. Менің тәжірибемде осындай ұзаққа созылған дау салдарынан баланың қатты күйзеліске ұшырап, ауырған жағдайы бар.
Сонымен қатар ортақ мүлікті сатып алу кезінде құжаттарды дұрыс рәсімдемеу, ауызша келісімге сену де үлкен проблема тудырады. Сотта тек жазбаша дәлелдер ғана есепке алынады. Тағы бір маңызды жайт — бала бір жасқа толмайынша ананың келісімінсіз ажырасуға болмайтынын көп адам біле бермейді.
— Баланың қай ата-анамен тұратыны қалай анықталады?
— Егер ажырасуға дейін ата-ана өзара келісімге келмесе, бұл мәселе сотта шешіледі. Заңнамадағы маңызды жаңашылдық — некені бұзу туралы талап арыз сотқа түскен кезде, судья тараптар бұл мәселені көтерген-көтермегеніне қарамастан, баланың құқықтары мен мүдделеріне қатысты барлық сұрақтарды міндетті түрде қарайды. Яғни, сот баланың қай ата-анамен бірге тұратынын, олармен қарым-қатынасын, жақындығын және оның материалдық қамтамасыз етілуін өз бастамасымен анықтайды.
Бұл норма ең алдымен кәмелетке толмаған баланың мүддесін қорғауға бағытталған және ата-аналар арасындағы келіспеушілік баланың тағдырына кері әсер етпеуі үшін енгізілген. Сонымен қатар қамқоршылық және қорғаншылық органдардың қорытындысы да маңызды рөл атқарады.
— Алимент мөлшері қалай белгіленеді?
— Әдетте алимент табысқа байланысты, бір балаға — ¼, екі балаға — 1/3, үш және одан да көп балаға — табыстың жартысы өндіріледі. Кей жағдайларда сот алиментті тұрақты ақшалай сома түрінде белгілеуі мүмкін. Тараптар өзара келісімге келсе, нотариус арқылы алименттің мөлшерін, төлеу мезгілін көрсете отырып келісім жасай алады.
- Ортақ мүлік пен қарыздар қалай бөлінеді?
— Некеде алынған мүлік, әдетте, тең бөлінеді. Ал жеке меншікке неке қиылғанға дейін алынған, сыйға тартылған немесе мұраға қалған мүлік жатады. Несие мен қарыздар да ортақ мүлік сияқты тең бөлінеді. Мысалы, егер ер адам некеде тұрған кезде отбасының ортақ қажеттіліктері үшін несие рәсімдеп, ажырасқаннан кейін де оны төлеуді жалғастырса, қарыз толық өтелген соң, ол бұрынғы жұбайынан төленген соманың жартысын өндіріп алуға құқылы. Осылайша, ортақ қарызды өтеу ауыртпалығы әділ түрде бөлініп, борышкер төленген қаражаттың бір бөлігін қайтарып ала алады.
— Ажырасу барысында қандай жағдайда адвокаттың көмегіне жүгінген жөн?
— Егер балаға қатысты дау туып, мүлік бөлісінде, алимент немесе ата-аналық құқыққа қатысты мәселелер болса, адвокаттың көмегі өте маңызды. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді, барлық құжаттар заң талаптарына сай дұрыс рәсімделеді, адвокат қажетті дәлелдемелерді жинақтайды, сондай-ақ бұрынғы жұбайыңызбен тікелей қарым-қатынасты барынша азайтуға жағдай жасайды.
- Ерлі-зайыптыларға қандай кеңес берер едіңіз?
— Өмір күтпеген жағдайларға толы, ең жақын деген адамыңның белгілі бір оқиғаларда қалай әрекет ететінін алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан мен тәжірибелі заңгер әрі екі баланың анасы ретінде ерлі-зайыптылардан өзара жанжалға балаларды араластырмауды сұраймын. Мұндай жағдайды көру өте ауыр, әрі ол ең алдымен баланың психологиялық жай-күйіне кері әсер етеді. Екі тарап та тек өзін ойлап қоймай, кәмелетке толмаған балаларының болашағы мен мүддесін ескеруі тиіс.
Сонымен қатар некеде тұрған кезде қандай құжаттарға қол қойып жатқаныңызға мұқият болу маңызды. Келісімшартқа қол қоймас бұрын заңгерден кеңес алған әлдеқайда дұрыс, өйткені кейін мүліксіз қалу қаупі бар.
Ал егер өз бизнесіңіз болса, болашақта дау тумас үшін неке шартын жасауды ұсынамын.
Бұған дейін елде ажырасу саны соңғы бес жылда 16% азайғанын жазған едік.