Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Іс-шараға сарапшылық және академиялық қауымдастық өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, азаматтық қоғам ұйымдарының мүшелері қатысты. Жиында жаңа Конституцияның мазмұны, оның құқықтық және саяси маңызы, сондай-ақ негізгі заңда бекітілген қағидаттарды іс жүзінде тиімді жүзеге асыру жолдары сөз болды.
Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиевтің айтуынша, жаңа Конституцияда алғаш рет адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновация мемлекеттік қызметтің стратегиялық басымдықтары ретінде нақты айқындалған.
– Ғылым конституциялық құндылық ретінде Жапония, Германия, Швейцария және Италия сияқты бірқатар елдің негізгі заңдарында бекітілген. Енді Қазақстан да ғылымды конституциялық деңгейде мойындайтын мемлекеттердің қатарына қосылды. Білім мен технологияны осындай деңгейде бағалау – еліміздің ұзақмерзімді дамуына берік негіз қалыптастырады, – деді ол.
Заң ғылымдары магистрі, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Нұрғазы Әнуарбеков жаңа Конституцияның өзегін құрайтын «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүйелі іске асыру үшін арнайы мемлекеттік тұжырымдама қабылдау қажет деген пікір білдірді.
Оның айтуынша, бұл құжат 2021 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының» орнына келуге тиіс. Себебі қолданыстағы тұжырымдама кейінгі жылдары жүзеге асқан ауқымды саяси реформаларды толық қамтымайды әрі жаңа Конституция бекіткен құқықтық негіздер мен мемлекеттік дамудың жаңа бағдарларын жан-жақты ескермейді.
– Жаңа Конституция мемлекеттік тілде жоғары сапада әзірленіп, ұлттық дүниетаным мен тарихи ерекшеліктерді терең ескере отырып жазылған. Преамбулада қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдық тарихы, ұлы бабалар аманатына адал ұрпақ екеніміз және өткеннен тағылым алып, болашаққа сеніммен қадам басқан жасампаз, бәсекеге қабілетті ұлт екеніміз айқын көрініс тапқан. Сондай-ақ алғаш рет басты заңымыз ресми түрде «Ата заң» деп бекітілді. Оның іргетасын «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты құрайды. Сондықтан Конституцияда көзделген мақсаттар мен кепілдіктердің толық жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін оларды кеңінен насихаттайтын тиімді тетіктер мен нақты іс-қимыл алгоритмдерін қалыптастыру маңызды, – деді сарапшы.
Құқық саласының сарапшысы, Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек Мұқаш заң мен тәртіп ұғымын тек құқық қорғау органдарының қызметімен шектеуге болмайтынын айтты.
– Көпшілік заң мен тәртіпті полицияның, прокуратураның немесе соттың жұмысы деп қабылдайды. Алайда бұл – ең алдымен әр азаматтың өміріне тікелей қатысты ұғым. Заң мен тәртіп – қоғамдағы қауіпсіздіктің, әділдіктің және ертеңгі күнге деген сенімнің басты кепілі, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, жаңа конституциялық жағдайда заңның үстемдігін қамтамасыз ету мен адам құқықтарын қорғаудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Әлеуметтік-құқықтық саясаттың негізгі мақсаты – заңның баршаға бірдей әрі әділ қолданылуын қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті нығайту және азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейту.
– Бұл бағыттағы саясат бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Кейінгі жылдары елімізде қылмыс деңгейі едәуір төмендеді. Қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 82 мыңнан 76 мыңға дейін азайды. Бұзақылық деректері 70 пайызға, ал тонау мен қарақшылық 80 пайызға қысқарды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру азаматтардың құқықтарын қорғауға да оң әсерін тигізді. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 2,5 мыңнан астам адам негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорғалды, 12 мыңнан астам заңсыз шешімнің күші жойылды, – деді Қуанышбек Мұқаш.
Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституцияның ел дамуы үшін айқындаған жаңа бағыттарын тиімді іске асырудың құқықтық, институционалдық және практикалық тетіктеріне қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сарапшылар негізгі заңда бекітілген қағидаттарды қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру, құқықтық мәдениетті нығайту және мемлекеттік басқарудың жаңа сапасын қалыптастыру алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.