Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Лицензиялау: 2026 жылдан бастап не өзгереді?
Бұған дейін балалар лагерьлерінің қызметі лицензиялауды талап етпеген еді. Алайда 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап бұл салаға қатаң мемлекеттік бақылау енгізіледі.
Жаңа ережеге сәйкес, лицензия 5 жыл мерзімге беріледі. Оқу-ағарту министрлігі бұл қадам нарықтағы сапасыз және жасырын жұмыс істейтін нысандарды толықтай аластататынына сенімді.
Фото: freepik.com– Лицензиялауды енгізу арқылы біз балалар сауықтыру орталықтарының қызмет көрсету сапасын қамтамасыз етеміз. Лицензия алу үшін лагерьлер инфрақұрылымдық, кадрлық және медициналық талаптарға толық сай болуы тиіс, - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Лицензия алу үшін қойылатын басты талаптар:
Жеке ғимараттың болуы немесе кемінде 10 жылға жалға алу келісімшарты; Бейнебақылау жүйесі, дабыл түймесі және кәсіби күзет қызметінің болуы міндетті; Лагерь базасында лицензиясы бар медициналық пункт жұмыс істеуі тиіс; Педагогтер мен басшы құрамның біліктілігіне қойылатын арнайы талаптар; Балаларды тасымалдауға арналған меншікті автокөліктің болуы.Бұл талаптардың сақталуы лицензия беру кезінде ғана емес, жұмыс барысында да қатаң қадағаланады. Лицензиясыз қызмет көрсеткен немесе талаптарды бұзған лагерьлерге ірі көлемде айыппұл салынып, қызметі тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар барлық дерек Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) енгізіліп, цифрлық бақылау орнатылады.
ҚР заңнамасына сәйкес, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабында айыппұл мөлшерлерімен белгіленген.
– Егер заң бұзушылық болып, бірақ адам денсаулығына тікелей зиян келмесе жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұл 160 АЕК-ті құрайды. Орта кәсіпкерлік өкілдері үшін бұл сома 210 АЕК болса, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 1 600 АЕК-ке дейін жетеді, Егер заң бұзушылық адам денсаулығына зиян келтірсе, жаза айтарлықтай қатаяды. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 200 АЕК-ке дейін өседі. Лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес субъектілеріне 460 АЕК, орта бизнеске 620 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар қосымша шара ретінде өнімдерді тәркілеу немесе мекеменің қызметін тоқтата тұру жазасы қолданылуы мүмкін, - деп ескертеді СЭС мамандары.
СЭС талаптары – Темірдей тәртіп
Астана қалалық және республикалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері биылғы маусымға қойылатын талаптарды бекітті. Олардың орындалуы жарты жылда бір рет тексеріліп тұрады.
Фото: freepik.com– Балалар күніне кемінде 5 рет тамақтануы тиіс. Ас мәзіріне міндетті түрде қымыз немесе қышқыл сүт өнімдері қосылады. Флотша макарон сияқты тез бұзылатын тағамдарға қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ әр балаға кемінде 4 шаршы метр орын тиесілі болуы керек. Ал персонал арнайы киіммен қамтамасыз етіліп, ол күн сайын ауыстырылуы қажет. Егер қолында іріңді жарасы немесе күйігі бар қызметкер де жұмысқа жіберілмейді, - деп толықтырды ведомство.
Цифрлар сөйлейді: 2026 жылғы жоспар
2026 жылы республика бойынша балалардың демалысын қамту көрсеткіші – 3,2 миллион. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шаралары аясында осал санаттағы 500 мың бала мемлекет қамқорлығына алынса, тағы 50 мың жеткіншек «Қазақстан халқына» қорының тікелей демеушілігімен тегін жолдамалармен қамтамасыз етіледі.
Инфрақұрылымдық даму тұрғысынан алғанда, биыл ел аумағында 10 000 мектеп жанындағы лагерь мен 512 шатырлы қалашық толыққанды жұмыс істейді. Бұған қоса бекітілген Жол картасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 50 жаңа сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі.
Бүгінгі таңда нарықтағы жолдамалардың орташа құны 150 000 – 220 000 теңге аралығында қалыптасқан.
Ата-аналарға кеңес: Балаңыздың демалысы қауіпсіз болсын!
Өткен жылы рұқсат қағазынсыз жұмыс істеген бірнеше лагерьдің анықталып, сотқа берілуі бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан мамандар ата-аналарға балаларын тек ресми рұқсат қағазы бар, Комитет сайтындағы сенімді тізімге енген лагерьлерге ғана жіберуге кеңес береді.
Баланы демалысқа аттандырар алдында оған жеке бас гигиенасын сақтауды, өзгелердің затын пайдаланбауды түсіндіріп, денсаулығын дәрігерге көрсетіп алған абзал. Сөмкеге ауа райына сай жылы киімдер мен ыңғайлы аяқ киім салып, жол азығына тез бұзылатын ет, балық немесе тәтті кондитерлік өнімдерді қоспау қажет. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан реформалар мен ата-ананың мұқияттылығы біріккенде ғана біз балаларымыздың сапалы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ете аламыз.
Айта кетейік, бұған дейін балалар лагерьлерін лицензиялауды 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу қажеттігі мәселесін депутат Нұргүл Тау көтерген болатын.